Бұл күндері Нидерланд пен Польшаның бірнеше қаласында волейболдан әйелдер арасында кезекті әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүние жүзінің ең үздік 24 құрамасы бақ сынап жатқан жаһандық додада Қазақстан құрамасы да өнер көрсетуде.
Биылғы әлем чемпионатында Дарко Добресков жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы «С» тобында АҚШ (Токио Олимпиадасының жеңімпазы), Сербия (2018 жылғы әлем чемпионы), Германия (Еуропа чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері), Болгария (Еуропа чемпионы) және Канада (Панамерика ойындарының қола жүлдегері) секілді азулы құрамалармен бір топқа түскен еді. Біздің топтағы АҚШ пен Сербия құрамасы мамандар тарапынан тек «С» тобының ғана емес, осы жылғы әлем біріншілігінің негізі фавориттері екені айтылып жатыр.
Волейболдан әлем чемпионатының тарихына көз жүгіртер болсақ, Қазақстан қыздар құрамасы байрақты бәсекеге 2006 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Әзірге ең үздік көрсеткіші – 15-орын (2014 жыл). Биылғы чемпионатта ел намысын мына ойыншылар қорғап жатыр: Мәдина Бекет, Томирис Сағымбаева, Кристина Белова, Сәбира Бекішева, Динара Қожанбердина, Найля Нигматулина, Елизавета Мейстер, Маргарита Бельченко, Екатерина Михайлова, Татьяна Никитина, Яна Петренко, Наталья Смирнова, Валерия Чумак және Анастасия Коломоец.
Әлем чемпионатының ережесі бойынша 24 құрама бірінші айналымда алты-алты құрамадан төрт топқа бөлініп, бір реттен бір-бірімен ойнап шығады. Бұл кезеңдегі ойындардың бәрі Арнхем қаласындағы «Гельредом» стадионында өтіп жатыр.
Алғашқы айналым аяқталған соң, әр топтағы үздік 4 құрама 2-айналымға жолдама алады. А және D тобындағы төрт команда Е тобына түсіп, Нидерландта ойнайды. Ал В мен С квартетінің үздіктері F себетіне түсіп, Польшада шеберлік байқасады. Мұнда 1-айналымда ойнаған құрамалардың жолы қайта түйіспейді. Ол үшін алғашқы кезеңнен соң рейтинг түзіледі. Нәтижесінде, 2-айналымда әр топтан 4 ұжым шешуші сынға жолдама алады. Мұнда олар ширек финалдан бастап олимпиадалық жүйемен кім мықтыны анықтайды.
Биылғы чемпионаттың бірінші айналымында Қазақстан құрамасы ең алғаш азулы АҚШ волейболшыларымен шеберлік байқасып, 3:0 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық қыздар алғашқы кезеңде қарсыластарына 16:25 есебімен жол берсе, кейінгі екі сетте 13:25 және 22:25 есебімен ұтылып қалды. Екінші турда Германиямен кездескен жерлестеріміз бұл жолы да дәл сондай есеппен қарсыластарына есе жіберді – 15:25, 18:25, 21:25.
Өзге топтағы нәтижелерге тоқталар болсақ, үш турдан кейін «А» тобында Италия, «В» тобында Доминикан Республикасы және «D» тобында Бразилия мен Қытай құрамалары 9 ұпаймен көш бастап келеді.
Кеше Канада құрамасымен кездескен отандастарымыз бүгін Сербиямен, ертең соңғы турда Болгария волейболшыларымен ойнайды.