Президент келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары аралас жүйе бойынша сайланатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы референдум нәтижесі бағдарымыздың дұрыстығын көрсетті. Жұртшылық Ата заңға ұсынылған өзгерістерді қолдады. Конституциялық реформа саяси жаңғыру жолындағы маңызды қадам болды. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығая түсті. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл Президенттік Республика болады деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары тың тәсіл, яғни аралас жүйе бойынша сайланады.
«Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалады. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді. Саяси партияларға заң жүзінде тың мүмкіндіктер берілді. Жұрттың мемлекетті басқару ісіне атсалысуына жол ашылды», деді Қ.Тоқаев.