Елордада шахматтан әйелдер арасында ұйымдастырылған 2022/23 жылғы Гран-при жарысының бірінші кезеңі аяқталды. Екі аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде ФИДЕ (Халықаралық шахмат федерациясы) туы астында өнер көрсеткен ресейлік Екатерина Лагно үздік шықты. Әлемдік рейтингте 2563 ұпаймен төртінші орында тұрған Лагно осы жеңісінің арқасында 15 000 еуро мен 160 рейтингтік ұпайға ие болды.
Астанадағы Women Grand Prix-2022 деп аталатын әйелдер арасындағы аса ірі халықаралық турнирде әлемнің ең таңдаулы деген 12 ойыншысы бақ сынады. Сондай-ақ бұл жарыста Қазақстан құрамасы сапында былтырғы жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева мен талай бәсекеде топ жарған халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Жансая Әбдімәлік өнер көрсетті.
11 кезеңге жалғасқан Women Grand Prix-2022 жарысының бірінші кезеңінде бірде-бір ойында жеңілмей, сегіз ұпай олжалаған Екатерина Лагно бас жүлдені олжалады. Соңғы турда ол 38 жастағы отандасы Александра Костенюкпен кездесіп, қара фигурамен ойнаса да тең нәтижеге қол жеткізді. Жүлделі екінші орынды әлемдік рейтингте екінші орында тұрған тағы бір ресейлік Александра Горячкина жеңіп алды. 11-турда ол үндістандық Рамешбабу Вайшалимен ұпай бөлісті. Еншісінде – 7,5 ұпай бар. Ал үздік үштікті жарыстың алтыншы кезеңіне дейін көш бастап келген қытайлық Чжу Цзинер (6,5 ұпай) түйіндеді.
Өкінішке қарай, қазақстандық шахматшылар жеңіс тұғырынан көріне алмады. Жеті турда тең ойнап, соңғы екі матчта ғана жеңіске жеткен Жансая Әбдімәлік 5,5 ұпаймен бесінші орынға табан тіресе, жеті рет тең ойнап, біреуінде қарсыласынан басым түскен Бибісара Асаубаева 4,5 ұпаймен 11-орыннан көрінді. Айта кетейік, жарыстың бірінші турында-ақ екі отандасымыз бір-бірімен кездесті. Қазақстанның қос мықтысы арасында өткен ойын тең есеппен аяқталды.
Осылайша, жарыс жеңімпазы атанған Лагно 15 000 еуро қаржылай сыйақы мен 160 рейтингтік ұпайға ие болса, күміс жүлдегер Александра Горячкина 12 000 еуро және 130 ұпайды қанжығасына байлады. Үшінші орындағы Чжу Цзинер 10 000 еуро мен 110 рейтингтік ұпайға ие болды.
Сондай-ақ әйелдер арасындағы алғашқы Гран-при кезеңінде жүлдеге іліге алмаған ойлылар ойынының өкілдері де қаржылай сыйақы мен рейтингтік ұпайдан құралақан қалған жоқ. Мәселен, төртінші орындағы Александра Костенюкке 8 000 еуро мен 90 ұпай берілсе, бесінші сатыға жайғасқан Жансая Әбдімәлік 6 750 еуро және 80 ұпайды қоржынына салды. Кейінгі орындарға жайғасқан Тань Чжунъи (5 750 еуро, 70 ұпай), Рамешбабу Вайшали (5 000 еуро, 60 ұпай), Динара Вагнер (4 500 еуро, 50 ұпай), Алина Кашлинская (4 000 еуро, 40 ұпай), мен Элизабет Петц (3 500 еуро, 30 ұпай), Бибісара Асаубаева (3 000 еуро, 20 ұпай) және Полина Шувалованың да (2 500 еуро, 10 ұпай) Астанадан қоржыны бос қайтқан жоқ.