Жуырда ғана велоспорттан Аустралияда өткен 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған қазақстандық Евгений Федоров «Тур Ломбарди» бәсекесінде де жүлделі орыннан көрінді.
22 жастағы Astana Qazaqstan Development Team командасының өкілі 94-мәрте ұйымдастырылған жастар арасындағы бір күндік «Тур Ломбарди» жарысында мәре сызығын екінші болып кесті. Отандасымыз кезең бойы белсенді жұмыс істегенімен, соңғы сәтте жекелей жарыста 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы бельгиялық велошабандоз Алек Сегартке жол беріп қойды.
Сөйтіп, Италияда өткен биылғы «Тур Ломбарди» додасында Lotto – Soudal велокомандасының өкілі топ жарды. Үздік үштікті франциялық AG2R Citroën командасының велошабандозы Джордан Лабрусс түйіндеді. Велоспортшылар ұзақтығы 170 шақырым жолды жүріп өтті.