• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2022

Текеліде темірді тікелей қалпына келтіретін зауыт іске қосылды

384 рет
көрсетілді

Текеліде темірді тікелей қалпына келтіретін зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұнда қолданылатын өндірістік технологияның әзірге Қазақстанда теңдесі жоқ, экологиялық жағынан деңгейі жоғарылығымен ерекшеленеді. Мұны отандық қара металлургия саласын дамытудың маңызды қадамы деуге болады. Бірінші кезеңде 100 жаңа жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта жұмысшылар санын 500-ге дейін ұлғайту көзделген, тартылған инвестиция көлемі 4 млрд. теңгеден асады. Экспортқа бағытталған осы кәсіпорынның салтанатты ашылуына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры Абдраман Еділбаев, зауыт жұмысшылары мен текелелік тұрғындар қатысты.

Текеліліктер мен зауыт ұжымын кәсіпорынның ресми ашылуымен құттықтаған Бейбіт Исабаев жыл басынан бері облыс экономикасына 129 млрд. теңге инвестиция тартылып, 15 инвестициялық жоба іске асырылғанын атап өтті. Солардың бірі – Текеліде ашылып отырған «Электромарганец» ЖШС. Бұл кәсіпорын металлургия саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп отырған айтулы нысан.

«Бүгін ашылып отырған «Электромарганец» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірді тікелей қайта қалпына келтіретін зауыты Текелі қаласының ғана емес, тұтас облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Өндірістің экологиялық жетістігі - ғылыми ізденістер мен заманауи технологияны қабыстырудың қандай табысқа жеткізетінінің айқын айғағы. Ел Президентінің алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі де осы. Бұл алғашқы қарлығашы десек те болады. Кәсіпорынның болашағы зор, алдағы жоспары ауқымды. Мұнда бірінші кезеңінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды, алда жұмыс орнын бұдан әрі көбейтіп, кәсіпорынның қуатын арттыра түсу межеленіп отыр. Осыған орай жергілікті оқу орындарына технологтар дайындау, өңірдегі колледждерде салаға қажетті жаңа мамандықтар ашу мәселесінің де өзекті екенін айту керек. Сондықтан біз жаңа кәсіпорындарды заманауи, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етуіміз керек», деді Б. Исабаев.

Өз кезегінде «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры, техника ғылымдарының докторы Абдраман Еділбаев кәсіпорынның ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғылар әлемдік өнеркәсіптің жаңа талаптарына сай келетін, экологиялық таза өндіріске көшуге жаңа серпін беретін, темірді тікелей қалпына келтіретін технология енгізілген Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын. Өндірісте отандық концентраттар, кен мен көмір қолданылады, ал өндірілген өнімге сұраныс жоғары. Қазір Еуропа, ҚХР, Түркия, Ресей елдерімен келісімдер жүріп жатыр.  Мұндай өнім әлемдік нарыққа тұңғыш рет шығарылмақ. Сондықтан нарықтағы өз орнын бекітіп, маркасын таныту аса қажет іс. Жаһандық бәсекелестіктегі ең маңыздысы – сапа, сондықтан өндіріс барысында сапаға ерекше екпін түсіріледі.

«Алдағы уақытта қолданылып отырған технологиямызды одан әрі дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ұлғайта отырып, қуаттылығы жоғары тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғылардың қолданыс аясын кеңейтуге, осылайша Текелінің,  жалпы отандық металлургияның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуына атсалысуға ниеттіміз. Жалпы әлемде домендік өндіріс технологиясын қолданатын шамамен 3500 кәсіпорын және темірді тікелей қалпына келтіру технологиясын қолданатын 30-дай кәсіпорын бар екенін атап өткім келеді. Енді бұл технология, міне, біздің елімізде де енгізіліп отыр», деді А. Еділбаев.

Сол сияқты ол тікелей қалпына келтіру мен домендік өндіріс бір-бірімен жақсы үйлесетінін айтты. Бұл тұрақты іске қосылғаннан кейін Текелі тау-кен өңдеу кешенімен өзара бірлесіп жұмыс істеуге, сондай-ақ оны шикізатпен қамтамасыз ету жағынан жақсы мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Кадр дайындау мәселесіне келсек, кәсіпорын басшылығы РФ Иркутск облысындағы осындай кәсіпорынның мамандарын тарта отырып, бірнеше ай бойы зауыт қызметкерлерін оқытқан, техминимум, өндірістегі қауіпсіздік бойынша, жаңа технологияны қолдану негіздері мен мүмкіндіктері жөнінде лекциялар ұйымдастырған.

Зауыттың салтанатты ашылуында іске қосудың символдық нүктесі басылып, келушілер зауыттың ішкі жұмыстарымен танысты.

Еске салсақ, Бейбіт Исабаевтың Текелі қаласына жасаған жұмыс сапары жеке азаматтарды қабылдау, моноқала халқымен кездесу іс-шараларымен жалғасты. 

Атап өтсек, моноқалада құрылыс материалдары (құрылысқа арналған құрғақ қоспалар, бордюр, бетон бұйымдар), ашытқы, таурит, сүт өнімдері және басқа да тауарлар өндіріледі.