Студент қауымын жатақханамен қамту кейінгі жылдары жиі қозғалған өзекті мәселенің біріне айналғаны анық. Осыдан 4 жыл бұрын еліміздегі 75 мың студентті жатақханаға орналастыру жоспары қойылса, Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, 2018-2021 жылдар аралығында 30 мыңнан астам орны бар 124 жатақхана салынған.
Оған қоса, министрлік биыл жоғары оқу орындарын ең алдымен қабылдаған студенттеріне жатақхана беруге міндеттеді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында тағы бір мәрте атап көрсетіп, арнайы тапсырмалар берді. Қазіргі уақытта жер-жерде жатақханалар құрылысы жүріп жатыр.
«Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекет-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн», деді Президент Жолдауында. Бүгінде кейбір жоғары оқу орындарының өз қаражаттары есебінен жатақхана салуды қолға алғанын атап өткен абзал.
Қарағанды медицина университеті су жаңа жатақхананы желтоқсан айында студенттер игілігіне тапсырады. Тоғыз қабатты жатақхананы оқу орны өз қаражатына тұрғызуда. Онда 400 орын бар. Қарағанды қаласының орталығында орналасқан жатақханаға арнайы жер телімі берілген.
Студенттердің бұл үйі заманауи болады деп күтілуде. Бір бөлмеде екі орын. Әр бөлмеде жеке жуынатын орын қарастырылған. Бұрынғы жатақханалардай ортақ емес.
Басқалардан ауыз толтырып айтарлық артықшылығы да аз емес. Мәселен, толықтай жарықтандырылған жатақхана ауласы бар. Бұған дейін жатақханаларда аула атымен ойластырылмағанын ескерсек, мұны бір басымдық деуге тұрарлық.
Жатақхана аумағында жаттығу құрал-жабдықтарымен спорт алаңы да жасақталады. Ғимарат ішіндегі кең спорт залы жастар арасындағы бұқаралық спорттың дамуына ықпал ете түсері хақ. Бұдан бөлек жобада студенттердің түрлі іс-шара өткізуіне арналған мәжіліс залы ескеріліпті. Оқу залы, компьютерлік сынып та студенттер игілігіне қызмет етпек.
Құрылыс мердігері «Казстройподряд» ЖШС компаниясы жатақхананың қабырғасы қаланудан бастап, табалдырығына төселер кілемшеге дейін жауапты. Яғни бұл компания құрылысты салып, түгелдей жиһазбен жабдықтауға дейінгі міндетті мойнына алған. Жалпы, жатақхана құрылысының құны – 2 млрд теңге.
«Жатақхана іске қосылғанда оқу орнының тұрғын үй қоры 3 мыңнан аспақшы. Жалпы, университетте 7 мыңнан астам студент білім алса, олардың жайлы да алаңсыз тұрмысын оқу орнының 6 жатақханасы қамтамасыз етеді. Бұл жатақханалардағы орын саны – 2 761», дейді Қарағанды медицина университетінің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысы