Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы сенбі күні 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирін бастайды. Күні кеше құраманың бас жаттықтырушысы Рикардо Кака Словениямен өтетін алғашқы ойынға шақырылған футзалшылардың тізімін жариялады.
Тізімге 16 ойыншы енген. Өкінішке қарай, ұлттық құраманың көшбасшылары, былтырғы Еуропа біріншілігінің үздік сұрмергені Біржан Оразов пен Эдсон жарақатына байланысты құрамаға шақыртылған жоқ. Сондай-ақ кейінгі уақытта тәуір ойынымен көзге түсіп жүрген Жомарт Тоқаев та тізімге ілінбей қалған. Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасына мына ойыншылар шақырту алды: Қақпашылар: Игита («Қайрат»), Нұрәлем Байдулла («Рахмет»), Андрей Голубничий («Ақтөбе»);
Алаңдағы ойыншылар: Дуглас, Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов (барлығы – «Қайрат»), Лео («Жоинвиль», Бразилия), Тайнан («Эль-Посо», Испания), Азат Валиуллин («Аят»), Арнольд Кнауб, Райымбек Жұма (екеуі де – «Каспий»), Евгений Кошкин, Ақжол Дәрібай (екеуі де – «Астана»), Серік Мәжитов («Бәйтерек»).
Қазақстан мен Словения арасындағы матч 8 қазан күні Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтеді.