• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Қазан, 2022

Дәрігерге тексерілу – міндетің

241 рет
көрсетілді

Бүгінде күйзеліс көп. Теледидарды қоссаңыз да, ғаламторды ақтарсаңыз да атыс-шабыс, ұрыс-керіс туралы айтатындар мен көрсететіндер жетеді. Мамандар көргісі келмесе де бәрібір еститін осындай үрей туғызатын ақпарлар әлсіз адамды депрессияға ұшырататынын айтып дабыл қағып жатыр. Озбырлықтың түр-түрін насихаттап жатқандай көрінетін бағдарламалардың кері әсері, жаман жаңалықтардың салдары көбіне невроз ауруына шалдық­тырады. Бұған жұртты үрейлендірген коронавирус та қосылды. Одан бөлек отбасылық проблемалар, несиелер, жанжалдар адамның жүйкесін жұқартады.

Осындай қиындықтардан психикалық ауытқу ауруына шалдыққандардың 26 мыңы есепте тұратын Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Әмірхан Сәлімбековтің айтуынша, соңғы жылдары ел ішінде науқастар көбейген. Статистикалық мәліметтер бойынша пандемия жағдайынан кейін психиатрларға сұраныс артқан. Десе де психикалық ауытқушылықтары бар аурулар саны азаймай тұр. Аталған аурудың 39,9 пайызы ақыл-ой кемістігі болса, 27,9 пайызын шизофрения сынды түрлі психикалық бұзылыстары бар аурулар құрайды. Осы мәселе жуырда Түркістан қаласында өткен дүние жүзі психиатрларының халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында кеңінен талқыланды.

«Психикалық денсаулық. Заманы­мыздың жаңа сын-қатерлері» атты ғы­лыми-практикалық конференцияға Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның Қазақстандағы өкілдігі, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі бас­қармасы, Дүниежүзілік психиатрлар қауым­дастығы, Әзербайжан, Беларусь, Қыр­ғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан елде­рінің психикалық денсаулық қызметінің өкілдері қатысты.

Конференцияда психикалық ден­сау­лық, оны сақтау және қалпына келті­ру, емдеуді ұйымдастыру, тәуелділік, пси­­хо­логиялық көмек және басқа да мә­се­­лелер талқыланды. Білікті кәсіби ма­­ман­­­дар тәжірибелерімен бөлісіп, ше­бер­лік сағаттарын өткізді. Сондай-ақ қа­ты­су­шы­лар Түркістан облысының қоғам­дық денсаулық басқармасына қарасты шаруа­шылық жүргізу құқығындағы «Облыс­тық психикалық денсаулық орта­лығы» мем­ле­кеттік коммуналдық кәсіп­орнын­да бо­лып, жұмысымен таныс­ты. Атал­ған орта­лықта еңбекпен емдеу ісіне баса назар аударылған. Ағаш шеберханасына бас сұқ­қан конференция қатысушылары пациенттердің қолынан шыққан домбыра, шахмат тақтасы­нан бастап, күнделік­ті тұрмысқа қажетті қолөнер заттарын ­кө­ріп, таңданыстарын жасырмады. Тігін це­хы­на кіргенде де дені сау адамның қо­лы­нан келе бермейтін бұйымдарды кездестірді.

«Жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі-дәрмек қабылдаған пациенттерге қозғалыс көбірек қажет», дейді орталық дәрігерлері. Заманауи дене шынықтыру аппараттарының түр-түрі тұрған бөлмеге пациенттер күніге бір сәт келіп, дене ширатады. Оларды бақылап, дұрыс жат­тығу жасауға бейімдейтін маман да бар. Балалар бөлімшесі пациенттердің ой-өрісін кеңейтіп, дамытатын бұйымдар­ға толы. Монтессори әдісімен жұмыс істей­ді. Бөлім меңгерушісі қонақтарға 6-12 жас аралығындағы балалар дүниета­ны­­мын жүйелейтін жаңартылу үстіндегі ка­би­неттің жұмысын, мақсатын айтып таныс­тырды. Орталық басшысы Әмірхан Молдаханұлының жетекшілігімен осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде ауыт­қу ауруларының қайталануы 3 есеге дейін азайды. Құжат айналымы да то­лығы­­мен цифрландыруға көшкен. Пси­хи­ка­лық денсаулық орталығы жалпы 725 төсектік орынды стационар мен күні­не 120 келу­шіге арналған консульта­ция­лық-диаг­ностикалық бөлімшеден тұ­рады. Шым­кент қаласы мен Түркістан облы­сының Түркістан, Кентау, Сарыағаш қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар аудан орталықтарында 19 психиатриялық кабинет психобелсенді зат пайдаланбай психикалық және мінез-құлықтық ауытқулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетеді.

Мамандар туабітті аурулардан бас­қасының бәрі жазылатынына сенімді. Тек уақтылы дұрыс диагноз қойып, емдік шараларын үзбей қабылдау қажет. «Көбінде баласы ма, туысы ма сандырақтай бастаса, мұсылмандар қазақшылыққа салынып, молдаға апарады, дем салдыруға ұмтылады. Кейбіреулер тәуіп атаулыға сенбесе де осыдан айығып кетер деген екіұшты үмітпен барады. Ол біреуге шипа болғанымен, екіншісіне жәрдем болмайды. Асқынып кеткен соң барып ем қонбады деп жыларман халде пси­хикалық денсаулық орталығының есігін қағады», деген басшы адамдардың бұлай қателескенін қаламайды.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, туа­бітті ақыл-есінде кемтарлық, тұқым­қуалаушылық дерті барлар бала күнінен бас­тап осы орталыққа келіп, жатып, ем­деу курс­тарынан өтіп тұрады. Облыс­тық емдеу мекемесі болғасын шалғай ауыл­дардан келеді. Соңғы жылдары амбулаторлық емдік шараларға көбі­рек көңіл бөлінуде екен. Негізінен ор­та­лыққа науқастар жедел жәрдем көлігімен, полициямен, туысқандары­ның алып келуі­мен, дәрігерлік жолда­мамен жеткізіледі. Олар жатып емдел­геннен кейін үйлеріне қайтар кезде жер­гілікті емханасында­ғы психиатр дәрі­геріне сол күні ақпарат беріледі. Біздің қоғамда дәрігер жүйкесі­не салмақ түскен пациентіне «психолог­ке қаралыңыз» десе, оның жауабы дайын, «мен жынды емеспін!» деп қарсылық танытады. Өйткені санамызда психологке есі ауысқан адам қаралады деген ұғым қалыптасқан. Психикалық денсаулық орталығының аумағына кіргендердің арасында «мені біреу көріп қоймады ма екен? Танитын адам көрсе, жынды екен деп ойлар» деп қуыстанып, тығылып келетіндер де кездеседі.

«Негізінде дамыған елдердің әр от­ба­сының психиатр дәрігері, психологі болады. Бізде дәл солай болмаса да жергілікті тіркелген емханаңыздағы пси­холог, психиатр, психотерапевт маман­дарға жылына бір рет болса да қаралып тұрған дұрыс. «Мен саумын» деген адамның өзі дәрігер тексеруінен өтіп тұруға тиіс. Психотерапевттен қашпау керек», дейді Ә.Сәлімбаев. 

Дүние жүзі психиатрларының ха­лық­­аралық ғылыми-практикалық кон­­­ференциясының негізгі мақсаты – пси­хи­калық ауытқулары бар адам­дардың өмір сүру сапасын және әлеу­меттік қызметін олардың әлеуметтік иелік­тен кетуін жеңу арқылы жақсарту.

Жиында психоәлеуметтік оңалту мәселесі де айтылды. Бұл жұмысты пси­хиатрлар, психотерапевттер, психо­логтер, әлеуметтік қызметкерлер жә­не­ еңбек терапиясы нұсқаушылары бар көпсалалы топ жүзеге асырады. Кон­ференция қатысушылары тыныс-тір­ші­лігімен танысқан орталық мысалында айтар болсақ, оңалту курсы 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықты құрайды. Оңалту барысында орталық мамандары еңбек дағдыларын игеру және одан әрі жұмысқа орналасу мақсатында психо­әлеуметтік топтық және жеке тренингтер, жеке консультациялар, еңбек терапияларын өткізеді. Психикалық оңалту бөлімшелерінде пациенттер ағаш цехында шеберлермен тұрмыстық бұйымдар жасаса, көркемдік, тігін, қолөнер цехтарында да еңбектеніп, өздеріне қажетті көп нәрсе үйренеді. Тіпті мұнда жылыжай да қолға алынған. Шымкент бөлімшесінде емделушілер ашық алаңда түрлі көкөністер өсірсе, Сарыағаш бөлімшесінде жылыжайда еңбек етуге болады. Осындай еңбек­пен емдеу нәтижесінде облыстық пси­хикалық денсаулық орталығы қажетті бақ­шалық өнімдермен және тұрмыстық бұйымдармен, тіпті пациенттер еңбек­ақымен де қамтылады. Облыстық пси­хикалық денсаулық орталығының жұмы­сымен жіті  танысқан, арнайы барып аралап көрген шетелдік қонақтар қолға алынған нәтижелі істерді оң бағалады.

Айта кетелік, үш күнге жоспарлан­ған маңызды жиынды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Республика­лық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситеті, Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қа­уымдастығы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситеті ұйымдастырды.

 

ТҮРКІСТАН