• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Хоккей 10 Қазан, 2022

Қазандағы жеңіс

118 рет
көрсетілді

Елорданың «Барысы» Құрлықтық хок­кей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Татарстанның бас шаһары – Қазан қаласында өткізіп, жергілікті «Ак Барс» клубынан басым түсті.

 

Қазандағы «Татнефть Арена» мұз сарайында жеті мыңға жуық жанкүйердің қаты­суымен өткен ойында елордалықтар матч тағдырын небәрі екінші кезеңнің өзінде шешіп тастады. Бірінші кезеңнің 18-минутында «Барыс» сапынан қазақстандық қорғаушы Самат Данияр мергендігімен көзге түсіп, осы маусымдағы алғашқы голын соқты. Үзілістен кейін айдын иелері сан басымдығын пайдаланып, 22-минутта таразы басын теңестірді. Голдың авторы – Кирилл Петров. Дегенмен жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада бес минут өткенде Әділ Бекетаев нысананы дәл көздеп, ойындағы және өзінің осы маусымдағы екінші шайбасын соқты.

Кейіннен 32-минутта «Барыстың» канада­лық шабуылшысы Линден Вей сан басымдығын жүзеге асырып, таблодағы көрсеткішті 1:3-ке жеткізді. Екінші кезеңнің аяқталуына төрт минут қалғанда Артём Галимов есеп айырмасын қыс­қартқанымен, қалған уақытта «Барыс» есептегі басымдығын сақтап қалды – 2:3. Мұның алдында жерлестеріміз Нижний Новгородта «Торпедодан» 3:1 есебімен же­ңіліп қалған болатын. 17 ұпаймен «Шығыс» кон­ференциясында алтыншы тұрған «Барыс» алдағы бес ойынды енді елордада өткізеді. Ертең Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубын қабылдайды.