26 қазанда Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Аталған жарысқа Ресей мен Беларусьтен басқа мемлекеттерден келген мықтылардың барлығы қатысады. Солардың қатарында Қазақстанның ұлттық құрама командасы да бар. Бір аптаға созылатын бәсекелер барысында әдеттегідей барлығы 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Спорттың бұл түрінен әлем чемпионатының тұсауы сонау 1903 жылы Бельгияның Антверпен қаласында кесілген. Сол аралықта 50 жарыстың жалауы желбіреді. Ең үздік көрсеткіш әзірге Ресейге тиесілі. Бұрынғы КСРО-ның табысын қоса есептегенде, олар 357 (144 алтын+121 күміс+92 қола) жүлдеге қол жеткізді. Екінші орынды Қытай олжалауда. Қытай елі өкілдерінің қоржыны 156 (73+48+35) медальмен толықты. Үшінші сатыға Румыния жайғасты. Олар 133 (47+45+41) жүлдені еншілеп отыр. Сондай-ақ ТОП-15 команданың қатарында АҚШ (43+38+31), Жапония (41+47+60), Чехословакия (39+38+30), Франция (25+29+23), Германия (24+27+43), Швейцария (19+16+14), Югославия (17+11+9), Италия (17+8+26), Беларусь (14+7+11), Мажарстан (11+15+8), Украина (7+8+14) және Солтүстік Корея (6+2+3) гимнасшылары бар.
Дүниежүзілік додада барлығы 32 мемлекеттің өрендеріне бас жүлде алу бақыты бұйырған екен. Қуанышымызға орай солардың қатарында Қазақстан құрама командасының да мүшесі бар. Ол – Сергей Федорченко. 1997 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында ұйымдастырылған бәсекеде алматылық спортшы қолды тіреп секіру жаттығуында алдына жан салмай, әлем чемпионы атанды.
Жалпы, отандық спорттық гимнастика жайында әңгіме қозғалғанда, ең бірінші кезекте, Нелли Ким мен Валерий Люкиннің есімдері еске оралады. Шымкенттік спортшы қызымыз әлем чемпионаттарында 5 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль олжалады. Едіге Жаровтай майталман маманнан тәлім-тәрбие алған Ақтөбенің арланы 2 алтын мен 1 қоланы иемденді. Одан бөлек, Ким мен Люкиннің Олимпия ойындары мен Еуропа чемпионаты, Әлем кубогі секілді жарыстарда жеңіп алған жүлделері де жетерлік. Кезінде Юрий Цапенко мен Наталья Ильенко да төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыстарда жасындай жарқылдап, жеңіс тұғырына көтерілгенін көзіқарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Десек те бұл кеңес одағы тұсында қол жеткізген табыстарымыз екенін де естен шығармаған жөн. Ал тәуелсіздік алған кезеңдегі әлем чемпионаттарында олжа салған тұңғыш және әзірге жалғыз гимнасшымыз дәп осы Сергей Федорченко.
Федорченкодан бөлек, басқа да бірқатар қазақстандық гимнасшылардың осындай аса жоғары деңгейдегі додаларда даралануға жақсы мүмкіндіктері болды. Солардың арасынан Алексей Дмитриенко мен Ернар Ерімбетовті бөле-жара атауға болады. Көптеген аса ірі жарыста жасындай жарқылдаған жерлестеріміз Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінді.
Дәл қазіргі кезде қай команда жалпы есепте көш бастауы мүмкін деген сауалға тұщымды жауап алу үшін соңғы үш әлем чемпионатының нәтижелеріне зер салғанымыз жөн. 2018 жылы Дохада ұйымдастырылған додада АҚШ пен Қытай көмбеге бірдей жетті. Олардың әрқайсысы 4 алтыннан олжалағанымен, күміс пен қоласы көп америкалықтар (4+2+3) алдыңғы лектен көрінді. Қытай (4+1+1) екінші орында қалып қойды. Үшінші сатыға Ресей (2+3+2) жайғасты. Бельгия, Грекия, Нидерланд және Солтүстік Корея жалғыз алтынды қанағат тұтты. Сол жарыста Жапония құрамасы да табысты өнер көрсетіп, 3 күміс пен 3 қоланы еншіледі. Бірақ алтын медальдың жоқтығынан сегізінші орынды қанағат тұтты.
2019 жылы Германияның Штутгарт қаласында АҚШ құрмасы алдына жан салмады. Мұхиттың арғы жағалауынан келген дүлдүлдер 5 алтын, 2 күміс және 1 қоланы қанжығаларына байлады. Екінші орындағы Ресей түрлі-түсті медальдардың әрқайсысынан үш-үштен олжалады. Үздік үштікті Ұлыбритания (2+1+1) түйіндеді. Озықтар қатарында Түркия (1+1+0), Бразилия (1+0+0), Бельгия (1+0+0) және Филиппин (1+0+0) секілді мемлекеттердің спортшылары бар.
Былтыр Жапонияның Китакюсю қаласында жалауы желбірген мерейлі 50-ші әлем чемпионатында Қытай қарсылас шыдатпады. Қытай елінің өрендері 5 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Екінші орында – Жапония. Жарыс қожайындары 2 алтын, 5 күміс және 1 қоланы иеленді. Италия (1+2+1), АҚШ (1+1+3), Ресей (1+1+2), Бразилия (1+1+0) және Филиппиннің (1+1+0) де қарқыны жаман болған жоқ. Сондай-ақ Германия (0+1+0), Израиль (0+0+1), Украина (0+0+1) және Финляндияның (0+0+1) туы Китакюсю көгінде желбіреді.
Жоғарыда аталған үш жарыста Қазақстан қалай өнер көрсетті? Енді осы сауалға қысқаша тоқтала кетейік. 2018 жылы Дохада жалғыз Нариман Құрбанов финалдық сайыста күш сынасу құрметіне ие болды. Ол «атта» бесінші орын иеленді. Жерлесіміз қанша жанталасқанымен, Сяо Жотэн (Қытай), Макс Уитлок (Ұлыбритания), Ли Чжигай (Тайпей) және Сэм Микулактың (АҚШ) алдын орай алмады. 2019 жылы Штутгардтағы нәтижеміз тым төмен болды. Көп сайыстың қорытындысы бойынша мақтаулы Милад Карими 21-орында қалып қойды. Есесіне 2021 жылы Китакюсюде қос бірдей отандасымыздың олжаға кенелуіне тамаша мүмкіндігі болды. «Атта» Стивен Недоросик (АҚШ), Вэн Хао (Қытай) және Кадзума Кайяны (Жапония) алға оздырған Құрбанов төртінші орынды қанағат тұтты. Карими екі жаттығуда финалға шықты. Бірақ екі ретінде де жолы болмады. Ол «маңдайшада» бесінші және еркін жаттығуда жетінші сатыларға жайғасты.
Байыптап қарсаңыздар, қазақ гимнасшылары бірте-бірте жеңіс тұғырына жақындап келеді. Күні кеше ғана өткен екі бірдей аса ірі халықаралық додада Нариман Құрбанов тамаша өнер көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі. Париждегі Әлем кубогінің кезеңдік сайысында ол күміс медаль иеленсе, Сомбатхейде өткен Әлемдік шақыру кубогінде бас жүлдені олжалады. Осы жайттар Нариманның нағыз бабында екенін анық аңғартып тұр. Ал чемпионның өзі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Мажарстанда мен аз-кем қателікке бой алдырғанымды мойындаймын. Соның салдарынан күміс медальды қанағат тұттым. Ал Францияда бәрі керісінше болды. Парижде мен осы жылғы ең күрделі комбинацияны мінсіз орындадым. Нәтижесінде, алтын алдым. Әрине, мұндай жағдайлар адамның көңіліне сенім ұялатып, одан да ірі жеңістерге жетелейді. Осы арқылы мен санаулы күндерден кейін өтетін әлем чемпионатына даяр екенімді байқаттым», деп ағынан жарылды.
2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпздары мен жүлдегерлері
Ерлер
Жеке көпсайыс: 1. Чжан Бохэн (Қытай); 2. Дайки Хасимото (Жапония); 3. Илья Ковтун (Украина).
Еркін жаттығу: 1. Никола Бартолини (Италия); 2. Кадзуки Минами (Жапония); 3. Эмиль Саравуо (Финляндия).
Ат: 1. Стивен Недоросик (АҚШ);
Вэн Хао (Қытай) мен Кадзума Кайя (Жапония).Шығыршық: 1. Лань Сюнъюй (Қытай); 2. Марко Лодадио (Италия);
Сальваторе Мареска (Италия) мен Григорий Клементьев (Ресей).Қолды тіреп секіру: 1. Карлос Юло (Филиппин); 2. Хидэнобу Енэкура (Жапония); 3. Андрей Медведев (Израиль).
Бөрене: 1. Ху Сюйвэй (Қытай); 2. Карлос Юло (Филиппин); 3.Ши Цун (Қытай).
Маңдайша: 1. Ху Сюйвэй (Қытай);
Дайки Хасимото (Жапония); Броуди Мэлоун (АҚШ).Әйелдер
Жеке көпсайыс: 1.Ангелина Мельникова (Ресей); 2. Линн Вонг (АҚШ); 3. Кайла ди Челло (АҚШ).
Қолды тіреп секіру: 1. Ребека Андраде (Бразилия); 2. Азия Д’Амато (Италия); 3. Ангелина Мельникова (Ресей).
Бөрене: 1. Вэй Сяоюань (Қытай);
Ребека Андраде (Бразилия); 3. Ло Жуй (Қытай).Томар: 1. Урара Асикава (Жапония); 2. Паулина Шефер (Германия); 3. Маи Мураками (Жапония).
Еркін жаттығу: 1. Маи Мураками (Жапония); 2. Ангелина Мельникова (Ресей); 3. Линн Вонг (АҚШ).