Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінде ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан музейлері ұлттық қауымдастығының» құрметті мүшесі, Ырғыз ауданының және Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы Рысжан Ілиясқызын еске алу шаралары өтті. Былтыр 82 жасында дүниеден өткен апай өңіріміздің мәдениет саласына жарты ғасыр еңбек сіңіріп, талай дәуірдің тамаша жәдігерлерін тиянақты қолымен жинақтады.
Өлке тарихының әр кезеңінде із қалдырып, ел-жұртына аянбай қызмет еткенімен, есімдері атаусыз қалған жандарды түгендеді. Сексен жастан асқанда Рысжан Ілиясқызы ертеде мешіт ұстап, медресе ашқан дін адамдары, бақсылар, сынықшылар туралы мағлұматтарды «Ел иесі, жер киесі» деген атпен жинақ етіп шығарды. Апай: «Кешегі өткен әулиелер ұлтымыздың тереңдегі тамырлары. Ата-баба қонысына иелік етіп отырған халқымыз қай заманда да мықты болуы үшін елі мен жерін білек күшімен де, жүрек күшімен де қорғаған қайраткерлерінің, азаттық күрестерінде құрбан болған рухани шырақшыларының есімдерін аршып, елге жасаған қызметтерін танып алғаны жөн. Әулиесін ұмытқан ел азады. Ел мен жердің иелері мен киелерінің есімдерін қалпына келтіру, тұлғалық бейнелерін қайта тану арқылы ұрпақ тәрбиелейміз, ұлтты сауықтырамыз. Өткен дәуірдегі ерекше жандар туралы толыққанды дерек білетін, олардың кереметтеріне куә болған жандар бұл дүниеден өтіп кетті. Өлкеміздің кез келген ауылындағы қорымдағы жеке-дара бейіт, жалғыз оба, не бір жазусыз тас белгісі бар ескірген мола «Қыз әулие» деп аталған. Кейбірінің аңызы сақталса, көбінің тарихы ұмыт болды. Соған қарамастан Қыз әулие атауы халықпен бірге жасасып келеді», деп түйіндеген еді әулиелер мен ерекше адамдар туралы жинақта.
1980-2003 жылдары Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болған жылдары халық мұрасын ыждағаттылықпен жинап, сан түрлі бағытта жұмыс істеді. Ауыл-ауылды, елсіздерді аралап, тарихи орындар, ескі қорымдарды, жер-су атауларын зерттеп, 100-ден астам телехабар жасады, бес кітап жазды. Апайдың арманы – еліміздегі музейлерді оқу-тәрбие орталығына айналдырып, ЖОО-ға музей педагогикасын енгізу болатын.
Музей қызметкерлерімен бірлесе 1992 жылдан бастап Ақтөбе облыстық телекомпаниясында «Атамұра» тарихи-танымдық бағдарламасын шығарып, 14 жыл ішінде өлкетану бойынша 100-ден аса телебағдарлама дайындады. Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр қонысынан бастап далалықтағы сәулет өнерін түгендеп, қырғын шайқас орындарын аралап, жер-су атауларына үңіліп, ел ішінде сақталған аңыздарды жинақтап, батыр-билердің ұрпақтары сақтаған жәдігерлерді жинақтады. Осы еңбегі үшін Рысжан апай 2012 жылы Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанды. Өлкетану бағытында 100-ден астам мақала, «Қазына», «Арулар – аналар, даналар», «Далам тұнған шежіре», «Ел иесі, жер киесі», «Шежірелі Ақтөбе» кітаптарын жарыққа шығарды.
Музейдегі еске алу шарасын бастаған Рысжан Ілиясқызының шәкірті Бекарыстан Мырзабайұлы былай деді: «Апай 1937 жылы Баубек Бостан деген жерде туған. Бұл ежелден шөмекейдің Бозғыл атасының қонысы, Асан Қайғының жырында айтылатын тоқсан сала Торғай, отыз сала Өлкейіктің бойындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласынан» 15-20 шақырым жер. Іргесі – шақшақ Жәнібек батырдың ауылы, апайдың анасы Ханшайым шақшақ Жәнібек батырдың тұқымынан. Апайдың аталары дау-таласты шешуде әділдігімен аты шыққан Ханалы, Жаналы деген ағайынды кісілер. Ұлтқа пайдалы істе Рысжан апай да аталары Ханалы мен Жаналы сияқты кесімді еді. Кішкентайында нағашы ағасының тәрбиесіне берген. Рысжан апай әкесінің соғысқа аттанып бара жатып, қайын ағасының үйіне соғып, бесікте ұйықтап жатқан сәбиді бір иіскеп, соғысқа аттанып кеткенін жазады. Нағашы ағасы қайтыс болғаннан кейін анасы Ханшайым Толыбайдан Ырғызға алып кетеді. Апай: «Қақаған қыс ішінде шанаға салып әкетті. Екі ара 200 шақырым. Жол бойы екі-ақ рет тіл қатыстық. Ол кісі маған бата алмаса, мен туған шешем болса, он жылдан бері қайда болды» деген өкпемен келе жатырмын. Апайдың әкесі соғыста хабар-ошарсыз кеткен.
1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ мәдениеті мен өнерінің екінші онкүндігіне Ырғыз ауданының «Коминтерн» кеңшарында мектеп бітіріп, қой бағып жүргенінде қатысқан. Мәскеу сапары бойжеткенге ой салып, мәдениетке көңілін бұрғызады. Ақтөбе облыстық музейінің есігін қаққан қызға жол сілтеген осы мекеменің директоры Рахила Сәрсенова еді. Осы жерде жұмыс істеп жүрген Рысжан апай жас маман ретінде Торғай облысына жаңадан ашылып жатқан облыстық музейге басшылыққа жіберілді. Арқалықта музей құру ісінде Өзбекәлі Жәнібековтің талапшылдығын Рысжан апай әңгімелеп отыратын.
1992 жылы Есет батырдың 325 жылдығы тойланар алдында облыстық музейден Батырлар залын ашып, ең әуелі Есет Көкіұлы сауытын, бес қаруын сайлы етіп жасатып, зал жасақтады. Бір мерекеде үйіне құттықтап келген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа облыстық музей ғимараты әбден тозып, жөндеуге келмейтінін айтып, жаңа ғимарат салып беруді сұрады. Бердібек Сапарбаев апайдың тілегін іске асырды..
«Өткен тарих қалайда бүгінге жетуі керек»
Баспасөз саласының ардагері, журналист Идош Асқар Рысжан Ілияқызымен қатар қызмет атқарғанын, музей мамандарының үнемі баспасөзбен байланыста болғандығын айтып өтті. «Рысжан үнемі далада қорымдарды аралап, елсізден балбал тас іздейтін, түкпірдегі ауылдарға барғанда, атаң мен әжеңнен қандай дүние қалды деп ерінбей сұрайтын. Қазір музей экспозициясында залдың сәнін ашып тұрған сүйектелген сандық, кебеже, өткен замандағы қыз-келіншектердің әшекейлері осылайша жинақталды. Аудандық музейлердің экспозициясын жасақтап, қаншама музей мамандарын тәрбиелеп шығарды. Шыны керек, Рысжанның тәрбиесін алған қыздардың қолымен көп нәрсе жасалынды. Айналайындар, музей мұрасын жинап-сақтаушы, елге көп пайдасы тиген осы қыздарымыз», деп еске алды.
Музейдің негізгі функциясы –ағартушылық қызмет, тәрбиелік бағыт болса, соның негізгі өлкетану бағыты жаңаша түрде дами бастады. Өлкетанушы ата-бабаның ащы тері сіңген, тұтынған дүниесін, батырдың ұрпақтары қолында сақталған бес қаруын табады. Өткен дәуірдегі әжелеріміздің қолымен шебер өрнектеген алаша-кілемі, зергердің көз майын тауысып соққан білезік-сырғасы, темірден түйін түйген ұстаның затын түгендейді. Ұқыпты өлкетанушының қырағы көзінен ештеңе таса қалмайды. Өйткені бұл салада ата-баба мұрасына шын жаны ашитындар жүреді.
Рысжан Ілиясқызы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарған жылдары Алматыдан жазушы Ғалым Ахмедов, Мардан Байділдаев, тарихшы Әбу Тәкенов жиі келетін. 1918 жылы көктемде шетелге эмиграцияға кетіп бара жатқан Мұстафа Шоқай Ақтөбеге аялдап, қыздар училищесінде біраз күн жасырынады. Өйткені бұл кезде Орынборды тастап шыққан Дутов армиясы Троицк қаласына қарай шегініп, атты казактар Ақтөбе мен Жаманқаланың (Ор) арасында орналасады. Оған қарсы Түркістан майданының командирі Фрунзенің 1 Армиясы соғысып жатты. Ембі мен Жемде Ақтөбе майданы құрылып, Ақтөбенің теміржолы бойында қырғын шайқастар өтті. Наурызда училище бос, қыздар каникулға үйлеріне кеткен. Бұл қазіргі Ақтөбе қаласындағы «Шаһрезада» мейрамханасына айналып кеткен бірқабатты ескі үй. Тілектес жандардың көмегімен Мұстафа Шоқай әйелі Мариямен бірге жасырынып шығып, Темір қаласына келген. Осы сапар Мария Шоқайдың естелігінде бар. Ақтөбе майданы Ембі, Жем төңірегінде, Темір – ақтардың қорғанысы. Мұстафа Шоқай Темірдегі екіқабатты уезд бастығының үйіне тоқтайды. Бұл – қазіргі Темір қаласы әкімдігінің ғимараты, әлі күнге дейін екінші қабатында шағын бөлмелері бар. Мария Горина екінші қабаттан Толғанай өзені көрінеді дейді. Өткен жылы «Egemen Qazaqstan» газеті ұйымдастырған «Атамекен» экспедициясымен Темір қаласындағы әкімдік ғимаратына бардық. Мұстафа Шоқай мен әйелінің қай бөлмеде жатқанын анықтамақшы болдық. Расында да, оңтүстік бетіндегі шағын бөлмеден Толғанайдың кеуіп қалған арнасы көрінеді. Бұл қазіргі Толғанай орман шаруашылығы мекемесі. Бастауын ХІХ ғасырдың соңында құрылған уездік орман мекемесінен алады. Мұстафа Шоқай ақ пен қызыл соғысып жатқан жерге неге келді? Осы сұрақтың жауабын 1997 жылы Ақтөбеге келген Әбу Тәкенов те іздеген. Қасына Рысжан апайды ілестіре жүріп, Темір ауданынан дерек іздейді. 1918 жылы елге оралмайтынын жақсы түсінген Мұстафа Шоқай Темір бойында бір аяулы жанмен құпия кездесуге келген. Мария Горина «Темірден түнде ат арбамен шығып, бір күндік жердегі ишанның үйіне келдік» дейді. Қатты сырқаттанып жүрсе де, Мұстафаның Шилісу бойынан мешіт ашып, медресе ұстаған діни қайраткер Досжан Қашақұлымен кездесуі мүмкін деп жорамалдайды. Алайда Мұстафа Шоқай Досжан ұлы Абдолламен кездескен. Рысжан апай екеуі осы деректі тапқан. Алайда Әбу Тәкенов Алматының пойызына отыра бергенде жүрек талмасы ұстап қайтыс болды. Ол кісі тірі болғанда, Мұстафаның елдегі ниеттестеріне қатысты біраз дерек табатын еді. Ақын Олжас Сүлейменовтің Ақтөбенің Құрашасайында жерленген өзін тәрбиелеген әкесінің бейітін табуына Рысжан апай себепші болған. Жазушы Мұрат Әуезов Бақсайыс бабасының Әйтеке би ауданы Бақсайыс өзені бойындағы зиратын іздеп келгенде, ең бірінші музейге аялдады.
1995 жылы Әбіш Кекілбаев Қобда ауданында сақталған Бекет атаның аса таяғын іздеп келді. Осы шараларды апай шебер ұйымдастырды.
Музей ісінің ардагері Роза Балдығарина Рысжан Ілиясқызының Қазақстанда бұрын болмаған музей жұмысының көптеген түрін іске асырғанын, соның ішінде музей педагогикасын, өлкетану бағытының сан түрін қалыптастырғанын атап өтті. Жер-су атауларының тарихын жазып алып, не елеусіз ғана айтылған аңыз-әңгімелерді жинақтап жүрген. «Еліміз тәуелсіздік алған жылдары музей қызметкерлеріне бірдей қазақша киім үлгісін таңдады. Мұраға қиянат жасаушыларға жаны төзбейтін. 1992 жылы Есет Көкіұлының 325 жылдығы облыс көлемінде кеңінен аталып өтті. Осы іс-шарадан соң Бестамақтағы Есет әулиенің жаңадан тұрғызылған кесенесінің жанынан біреулер құрылыс тұрғыза бастады. Батыр кесенесіне келушілерді экскурсияға апарып жүріп, көргенімді айтып едім, Рысжан Ілиясқызы тарихи орынды бүлдіруді тоқтатты.
Апай ұстазы Рахила Сәрсенованы үнемі құрметпен еске алып отыратын. Рахила Сәрсенова әкесі Алашорда мүшесі болғаны үшін атылған Рәбиға Сыздықованың да жолын ашқан. Темірде ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген Рәбиғаны Рахила Сәрсенова 1945 жылы Алматыда өткен Абайдың 100 жылдығына арналған жиынға Ақтөбеден үздік мектеп мұғалімі ретінде жіберген. Конференцияда мектеп оқулықтарын сынаған жас Рәбиға Мұхтар Әуезовтің көзіне түсіп, жазушы оған Алматыда білімін жалғастыруға кеңес береді. Бұл туралы Рәбиға Сыздықова бірер жыл бұрын жарық көрген естелігінде жазды.
Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе облыстық мемориалдық музейінің бұрынғы директоры Айша Өтеулина мемориалдық музей құру ісінде Рысжан Ілиясқызының еңбегі көп дейді: «1980 жылы Украинадан оқу бітіріп келіп, Әлия музейіне ғылыми қызметкер болып орналастым. Батыр музейін жасақтау оңай емес, Әлияның өмір дерегіне қатысты құжат жинау үшін, жорық жолдарымен Ресей қалаларын көп араладым. Соғыстың аяқталғанына 40 жыл ғана уақыт өткен. Әлияның майдандас құрбылары тірі, әр қаладағы біраз қаруласымен кездестім. Қайтып келген соң Фрунзе қаласында тұратын Әлия Молдағұлованың батальон командирі Федор Моисеевті іздеп бардым. Жер үйде тұрады екен, қақпасы ашық, үйіне кіріп барғанымда, кіреберістен Федор Иванович шыға келді. Ақтөбеде Әлия Молдағұлова атындағы музей ашып жатырмыз дегенімде, ол мені бауырына қысып, көзіне жас алды. Содан кейін Әлия Молдағұлова музейінің жанынан «Әлия» патриоттық клубын аштық. Мәскеу түбінде қаза тапқан 101-ші атқыштар бригадасында соғысқан жауынгерлерді іздеу отрядтарының жұмысына қатыстық».
«Шындық шырылдаған жерде өтірік өрге баспайды»
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева ұстазы –Рысжан Ілиясқызының «Арың мықты болсын,ұятың болсын, намысты болыңдар. Шындық шырылдаған жерде өтірік ешқашан да өрге баспайды. Сондықтан да өз жұмыстарыңды жүректің пейілімен, адал махаббатпен жасаңдар. Шынайы жұмыс сендерді жерде қалдырмайды» деген ұстаныммен тәрбиелегенін есіне алды.
«Ойыл аудандық музейінің қызметкерлері бір жыл ішінде Рысжан Ілиясқызына арнап бірнеше іс-шара өткізді. Өйткені музей тұрғанда апайдың есімі ұмытылмақ емес. Ол «Өткен тарих қалайда бүгінгі күнге жетуі керек» дей отырып, ауыл-ауылды аралап жәдігер жинақтады, есімдері ұмытылған қарапайым жандардың дерегін жинақтап, аудандық музейлердің ашылуына көп еңбегін сіңірді. Апай адамды өте жақсы танитын. Экспедицияға, басқа да іссапарларға барғанда, жұмысқа икемді, ширақ жастарды жұмысқа тарта білді. Соның нәтижесінде, Ақтөбе облысының он екі ауданында музей мамандары жетіліп шықты», деді.
Музей ісінің білгірі, өткеннің жоғын түгендеп, киелі дүниелердің жоқтаушысы бола білген Рысжан Ілиясқызының мәдениетке сіңірген еңбегі қарапайым болса да, құнды. Осы бір зерек те, еңбекқор жан көзі тірі кезінде халқының ұмытылып бара жатқан мұрасын шамасы жеткенше түгендеуді мақсат етті. Сол үшін де Рысжан апайды қарапайым жандар құрмет тұтады.
Ақтөбе облысы