• RUB:
    5.02
  • USD:
    487.24
  • EUR:
    529.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қазан, 2022

Тоғызқұмалақ федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына енді

780 рет
көрсетілді

Бүгін Астана қаласында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Меморандум аясында қазақстандық тоғызқұмалақ федерациясының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына қосылуы туралы хабарланды. Сондай-ақ екі ұйым арасындағы әріптестік тоғызқұмалақты дамытуды, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді көздейді.

Салтанатты рәсімге Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Байменов қатысты.

«Бүгін қол қойылатын құжаттың мәнісі – Тоғызқұмалақ федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына қосылады. Енді бірлесе отырып, ұлтқа пайдалы талай жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Бұл кездесу – ұлттық спорт саласындағы үлкен өзгерістің басы. Білімді, ақылды, парасатты жастар – ұлт болашағы. Ал тоғызқұмалақ ойыны – жас ұрпаққа ұшқыр ойлауды, стратегиялық жоспарлауды және табандылықты үйретеді», деді қауымдастық басшысы Исламбек Салжанов.

Өз кезегінде Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Әлихан Байменов бұл басқосудың тоғызқұмалақты дамытудағы маңызын атап өтті.

«Ұлттық спорт түрі ретінде тоғызқұмалақты дамыту екі ұйымның да мақсатына кіреді. Ал осы істе күш біріктіріп, іс-қимылымызды, шараларымызды үйлестіріп өткізуден, бір-бірімізге қолдау көрсетуден ұтатын тоғызқұмалақ», деді ол.

Тараптар қараша айында Ақтөбеде өтетін тоғызқұмалақтан 6-ші Әлем чемпионын абыроймен өткізу керектігіне тоқталды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов додаға қазақстандық спортшылардын дайындығын жетілдіру қажеттілігіне тоқталды.

20-28 қараша күндері өтетін әлем біріншілігіне Ұлыбритания, Чехия, Германия, Латвия, АҚШ, Колумбия, Антигуа мен Барбуда, Үндістан, Эфиопия, Румыния, Украина, Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекістан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәджікстан, Әзербайжан мен Молдовадан 80-ге жуық спортышылар қатысады деп жоспарланған.