«Семейдің бірегей мұрасы мен сәулеттік келбетін сақтау өте маңызды. Облыстың туристік әлеуетін нығайтудың негізгі шарттарының бірі – инфрақұрылымды дамыту». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысының халқымен кездесуде айтқан осы бір сөздері өңірде мәдени-танымдық туризмді дамытудың әлеуеті зор екенін байқатқандай.
Қаладағы көне мешіт
Рас, ұлы Абай, Шәкәрім және Мұхтардай алыптар дүниеге келген, сондай-ақ Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлындай Алаш ардақтыларының табаны тиген қасиетті өлкеде тарихи орын жетерлік. Бір ғана Семейді алып қарасақ, мұнда өткеннен сыр шертетін құнды жәдігерді көптеп кездестіруге болады. Әсіресе тарихи-сәулет ескерткіштерінің орны бөлек. Оның ішінде діни ғибадатқа арналған нысандарға жеке тоқталып өткен жөн.
Еліміздің рухани-мәдени ордасына баланған шаһарда бірнеше тарихи мешіт бар. Кейбір деректерде Семейде 17 мешіт болған деседі. Қазір солардың төртеуі ғана қалып отыр. Оның ішінде ең көнесі қаланың сол жағалауында орналасқан Тыныбай мешіті саналады. Алланың жердегі үйін шамамен 1836 жылы Тыныбай Кәукенұлы салдырған. Ол – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда тауар-ақша қатынасы қарқынды дамып, қанат жая бастаған кезде Семей өңірінде саудамен айналысып, 2-ші гильдиялы көпес атанған алғашқы қазақ саудагері.
«Тыныбай Кәукенұлы өз заманында дәулетті, зиялы адамдардың бірі еді. Құнанбай қажымен құдандалы болған. Бір деректерде бұл мешіттің 1825 жылы тұрғандығы келтіріледі. Алайда нақты құжатының рәсімделіп, көрсетілген мерзімі 1836 жыл саналады. Осы мешіттен Құнанбай бабамыздың қажылыққа аттанғаны туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы жерден қажылық сапарына шыққан дейді. Әйгілі ғалым, зерттеуші Шоқан Уәлиханов та Қашқарияға аттанбас бұрын мұнда құлшылығын өтеген деседі. Алаш арыстарының да табан тіреген қасиетті орындардың бірі осы жер.
Ұлы Абайдан бастап мұқым Алаш ардақтыларына дейін қарайтын болсақ, олардың алғаш білім алған жері мешіт, медреселер екені тарихтан белгілі. Сондықтан бұл тек ғибадат орны ғана емес, сондай-ақ үлкен рухани орталық болған. Мұнда намаз оқумен қатар дәріс берілетін. Былайша айтқанда, қазіргі білім ордаларының міндетін атқарған.
Жалпы, бұл мешіт ашылған сәтінен бастап есігі жабылмаған. Сол кездері қалада екі мешіт қана жұмыс істегенін ескерсек, оның бірі оң жағалаудағы Ағаш мешіті болса, екіншісі осы Тыныбай мешіті. Соғыс жылдары бұл жер әскерилердің киімін тігетін цех ретінде пайдаланылған. Десе де бейбіт заман орнағанда қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің тұсынан бастап осы күнге дейін мешіт жұмыс істеп келеді. Сыйымдылығы 150 адамға шақталған», деді Тыныбай қажы мешітінің бас имамы Мақсат Алтыбай.
Бір мұнаралы мешіттің бастапқыдағы нұсқасы бөрене ағаштардан салыныпты. Алайда уақытқа шыдас бермеген құлшылық орынды 90-шы жылдардың аяғына таман күрделі жөндеуден өткізуге тура келді.
Озық сәулет туындысы
Семейдің орталық бөлігінде орналасқан Әнет баба атындағы екі мұнаралы мешіт облыс орталығының көркін келтіріп тұрған үздік сәулет туындыларының бірі. Оның ерекшелігі сол, мұнда XIX ғасырға тән батыс еуропалық мәдениет пен шығыс өркениетінің архитектуралық үйлесімі байқалады. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, бұл мешіттің құрылысы шамамен 1852-1858 жылдары сол кезеңнің саудагерлері Әбдешов, Рафиқов, Халитов және Сүлейменов сынды азаматтардың демеушілігімен қолға алынып, 1862 жылы аяқталған деп айтылады. Құрылыстың жобасын сәулетші А.Болбатов пен инженер А.Манашев дайындаған. Мұнда тік бұрышты жақтаулары қима тастармен доғаланып бітетін 14 терезе, сол секілді сыртқы бүйір қабырғаларында жер астындағы қабатқа апаратын баспалдақ қарастырылған. Бөлмелерінің төбесі күмбезделіп, кіреберіс жағындағы шатырына екі мұнара орнатылып, бұл композициялық шешімнің ұтымдылығын көрсетеді. Мешіттің қабырғалары іргетасынан бұғатына дейін өрнекті кірпіштермен қаланған. Кеңес өкіметі тұсында аталған мешіт жұмыс істемеген.
1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына орай құлшылық орны қайтадан халық игілігіне берілді. Ал 90-шы жылдардың аяғында мешітке Әнет баба Кішікұлы аты берілді. Жергілікті іскер азаматтардың қолдауымен бұл сәулет туындысы бірнеше рет жөндеуден өткізілді.
Бір мұнаралы Ағаш мешіті
Жоғарыда айтылғандай, Кеңес дәуірінде Семейде есігі құлыпталмаған екі мешіт болған. Соның бірі – оң жағалаудағы бір мұнаралы Ағаш мешіті. Тарихы 155 жылды қамтитын мұсылмандардың бұл ғибадат орны да өзіндік архитектуралық келбетімен ерекше. 1867 жылы салынған мешіттің композициялық шешімінен ыстанбұлдық сәулет иірімдері аңғарылады.
«Кеңес Одағы тұсында бұл мешіттің қасбетінде «№1 мешіт» деген жазу ілулі тұрған. Демек сол заманның өзінде жұмыс істеген. Себебі осы құлшылық үйі әкімшілік орталықтары мен күре жолдардан қашықта орналасқандықтан жабылмаған шығар деп ойлаймыз. Яғни сол кездегі шенеуніктердің көздеріне түспеген болуы мүмкін. Неге десеңіз, Шығыс кентіне апаратын Абай көшесінде Ертістің жағалауында тағы бір мешіт болған деп айтылады. Өкінішке қарай, қазір оның ізі де қалмаған. Бұрынғы «Рахат» сауда орталығының маңында да мешіт тұрған. Оны да қиратып, кейіннен орнына тұтынушылар одағының ғимараты салынған еді. Аталған ғимараттың есіктеріне зер салсаңыз, дәл құбылаға қарап тұрғаны байқалады. Панфилов көшесінің бойында да Алланың жердегі үйі болғандығы туралы деректер бар. Уақыт өте келе оның орнында жатақхана пайда болып, кейіннен жекеменшік зәулім үй салынды.
Байқасаңыздар, осы тарихи мешіттің барлығы бір-біріне жақын орналасқан. Оның себебі діни мерекелер кезінде халықтың сыйымдылығын қамтамасыз ету үшін ойластырылған амал болатын.
1943 жылы Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы құрылғаннан бері Ағаш мешіті егемендік алғанға дейін қызметін үзген емес.
Тағы бір ерекшелігі, мұнда тарихи кітаптар сақтаулы. Оның арасында жағрафия, математика сынды оқу құралдары мен Құран кітаптары да бар. Қазір бұл құнды жәдігерлер көздің қарашығындай сақталып отыр. Екі жыл көлемінде бас шаһардағы Назарбаев Университетпен тығыз байланыстамыз. Олар Британиядағы ғылыми мұражайлармен келісімшартқа отырып, осындай құнды әдеби еңбектерді ақпараттық базаға енгізіп, сақтап отырады екен.
Мешіттің сыртқы келбетіне келсек, аса күрделі өзгерістер жоқ. Осыдан екі жыл бұрын құзырлы орган өкілдері бұл мешітті тарихи-мәдени тізімге қосайық деген ниетпен хабарласқан болатын. Алайда пандемия басталып, жұмыс сол күйі қалды. Мемлекет осы діни нысанды тарихи-сәулет ескерткіші ретінде өз қарамағына алса деп ойлаймын. Өйткені алдағы уақытта туристер келетін болса, мұны көнеден қалған архитектуралық жәдігер ретінде мақтанышпен көрсетуге тұрарлық. Сондықтан оны тек белгілі бір тізімге ғана кіргізіп, назарсыз қалдыруға болмайды деп есептейміз. Мәселен, Түркияның азаматтары келіп, осындағы XIX ғасырдың жылыту пешіне қарап, қызығушылық танытқан болатын. Оларда мұндай пештер жоқ. Сол себепті осы мешіт рухани-мәдени нысан ретінде ерекше бақылауға алынса, артық болмайды», деді бір мұнаралы Ағаш мешітінің бас имамы Дәулет Мақажанов.
Ұлт ұстазы некесін қидырған
Кезінде шаһардың ескі бөлігіндегі «Татар слободкасы» деп аталған тағы бір сәулет інжу-маржаны – бір мұнаралы Тас мешіт. Бұл нысан XIX ғасырдың екінші жартысында татар саудагері Фатих Мусиннің демеушілігімен салыныпты. Оны ыстанбұлдық сәулетші Ғабдулла әфенді жобалаған. Мешіттің негізгі экстрерьерін – басы конус тәріздес биік мұнара мен негізгі залдың үстінде орналасқан аласа мұнара құрайды. Басты залда қасиетті Меккеге қаратылып жасалған михраб бар. Мешіт астындағы жертөледе ертеректе діни кітапхана болған деседі.
Әйгілі қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға кетіп бара жатқанда осы мұнаралы мешіттің суретін қарындашпен салған деген мәлімет те бар.
«Бұл мешітте Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы некесін қидырған. Хакім Абай мен Шәкәрім де осында бастарын сәждеге тигізген деп айтылады. 2007 жылы мешіт тарихи, мәдени ескерткіштер қатарына енгізілді. Осында үнемі келіп тұратын мұсылман қауымның, жергілікті азаматтардың қолдауымен мешітке жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Себебі өткен тарих бұл тек мемлекетке ғана қажет емес. Әлбетте, іскер жандардың тарапынан мешітті заман талабына сай өзгертіп, жаңартып беруге ұсыныс түсіп жатады. Бірақ бұл бабаларымыздан қалған құнды аманат болғандықтан оны қаз қалпында сақтап, кейбір жерлерін жаңғыртуға тырысып келеміз», деді бір мұнаралы Тас мешітінің бас имамы Нұрбек Сәлімов.
Түйіндей келсек, бір кездері Алашорданың астанасы саналған Семейде туристердің көзін тартарлық орындар жер аз емес. Тек сол қираудың аз-ақ алдында тұрған көне ғимараттарға көңіл бөлініп, ерекше қорғауға алынса артық болмас еді.
Абай облысы