• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қазан, 2022

Тарихи әділеттілік салтанаты

169 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шара «Егемендік және Қазақстанның саяси-құқықтық трансформациясы» тақырыбына арналды. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері, сарапшылар елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағыттағы реформаларды, егемендігімізді одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қалпына келтіріп, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын, бұл тарихи шешім екенін атап өтті.

«Бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып, Парламент тиісті заң қабылдады. Соның нәтижесінде биыл бұл күнді ұлттық  мереке ретінде кең көлемде атап өтіп жатырмыз. Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» алаңының кезекті отырысы да осы мерекенің қадір-қасиетіне және ел дамуындағы мәні мен маңызына арналып отыр.

Жалпы, 1990 жылдың 25 қазаны еліміз үшін тарихи күн болғаны сөзсіз. Біздің тәуелсіздігіміз осы күннен бастау алады деп айтсақ та, артық бола қоймас. Себебі 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. Сондықтан 25 қазан біз үшін азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті  нәтижеге қол жеткізген күн ретінде қадірлі.

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау – еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы болды. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары құжаттың әр тармағына, оның ішінде ұлттық мүддеге қатысты тұстарға баса мән берді. Оларды қорғау үшін қызу талқылаулар болғаны да белгілі», деді М.Әшімбаев.

Сенат Төрағасы декларацияның қабылдануын ғасырлар бойы қолына тізгін тимеген елдің өз тағдырын өзі айқындайтын деңгейге көтерілуінің белгісіне балады. Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан өзін халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бекітті.

«Құжатта ел территориясының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы туралы стратегиялық норма нақты белгі­ленді. Сондай-ақ еліміз демокра­тиялық құқықтық мемлекет құру жолымен жүретінін мәлімдеді. Сонымен қатар Дек­ларация өркениетті билік жүйесіне көшу­дің негізін қалыптастырды. Осылайша тұңғыш рет бізде биліктің үш тармағы пайда болды. Егемендігімізді нығайтып, мемлекеттілігімізді дамыту үшін бұл аса маңызды қадам болғаны сөзсіз. Мұның барлығы тәуелсіз ел болуға деген нақты әрі батыл ұмтылыс екені анық.

Сондықтан біз Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен маңызына әрдайым баса мән беруіміз керек. Осы орайда Республика күнін ұлттық мерекеге айналдыру – тарихи әділеттіліктің салтанаты деп санаймыз. Сол арқылы біз тарихымызға объективті көзқарас қалыптастырамыз. Алдыңғы буынның еркіндікке деген ұмтылысына лайықты баға бере аламыз. Сол себепті, біз бұл күннің мәнін жалпыға түсіндіруге міндеттіміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері еліміз үшін Тәуелсіздік күнінің рөлі аласармайтынына, бұл датаның қоғамдық-саяси өміріміз бен тарихымыздағы маңызы зор екеніне тоқталды.

«Желтоқсан – халқымыз үшін қасиетті әрі қастерлі ай. Алаш үкіметі еркіндікке ұмтылып, осы айда автономия жариялады. Егемендік жолындағы ұлттық рухтың символына айналған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін де ел жадынан өшіру мүмкін емес. Сондықтан Тәуелсіздік күнінде біз көбіне тарихқа үңіліп, одан тағылым алуға мән береміз», деді Сенат Төрағасы.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев қазіргі әлемдік ахуалға назар аударып, бүгінгідей шиеленісті жағдайда елдігімізді нығайту біздің ең басты мақсатымыз екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде саяси жүйені жаңғыртуға арналған ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын және бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

«Билік тармақтарының тепе-теңдігі артып, есептілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды өзгерістер орын алуда. Конституциялық сот құрылады. Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің мәртебесі де бұрын болмаған деңгейге көтерілуде. Бұл бағытта Парламент Сенаты жұртшылықпен тұрақты түрде кездесіп, жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселелері бойынша кеңесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа сенаторлармен бірге мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Өмірзақ Озғанбаев, Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, профессор Нина Каюпова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері және басқа да бірқатар сарапшылар қатысты.