• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Қараша, 2022

Микроқаржы нарығы: Мәселелер мен міндеттер

339 рет
көрсетілді

Микроқаржы нарығы – әлеуетті сектор. Бұл секторға қаржылай шағын несие беретін ұйымдардан бөлек, онлайн-фирма, ломбард және несие серіктестіктері кіреді. 2021 жылы барлық банктік емес ұйымды лицензиялау толық аяқталды. Басқарушы құрамға біліктілік талаптары қойылды, қаржылық орнықтылық нормативтері бекітілді, қарыздық жүктемені шектеу бойынша шаралар қа­был­данып, займды беру қауіпсіздігіне байланысты техникалық талаптар қатаң­да­тыл­ды. Сөйтіп, сала бұған дейінгі сенімсіз көзқарастан арылып, толық нарыққа айналды.

Биылғы қазан айының басындағы дерек бойынша, елімізде микроқаржылық қызметпен айналысатын 1 023 ұйым бар. 3,5 мыңнан астам субъект өз еркімен немесе сот шешімімен нарықтан кетті. Микро­қар­жы ұйымдарының Орталық Азия саммитіне қатысқан компания өкіл­дерінің ай­туынша, осыған дейін қо­ғам тарапынан бұл секторға қатысты жағымсыз пікірлер көп айтылды, сенім­сіз­дік те анық байқалып келді. Алайда заңға тиісті өзгерістер енген соң МҚҰ-лар қор нарығына шыға бастады. KASE дерегінше, 2022 жылдың алғашқы алты айында қор биржасында МҚҰ құнды қағаздарының бастапқы орналастырылу көлемі 1,8 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ қаржылық қадағалау­шы­ның бастамасымен МҚҰ-лардың мүмкіндігі арта түсті. Мысалы, олар қосымша қызмет түрлерін де ұсынады. Бұдан былай микроқаржы ұйымдары электронды ақша, сақтандыру компания­лары және төлем агенттерінің эмитенті ретінде қыз­мет ете алады. Сонымен қатар обли­га­ция шығарып, факторингтік операциялар жүргізу құ­қы­ғына да ие. Мұның бәрі аталған саладағы өсімге әсерін тигізеді. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, МҚҰ жиынтық қарыз портфелі 838,35 млрд теңге болды. Ал жиынтық актив көлемі – 997 млрд теңге шамасында.

Микроқаржы ұйымдары қауым­дас­­тығының директоры Ербол Омар­хановтың айтуынша, 90-жылдары елімізде алғаш осындай ұйымдар пайда болған кезде олар тек шағын және орта бизнесті қаржыландыруды көздеді. Алайда қазір жеке тұлғалардың займ алуы көп тіркеліп жатыр. Бұл өз кезегінде саладағы тәуекелді арттырды. Оның айтуынша, нарықтың жаңа қатысушылары микроқаржыландыру тетігінің әлеуметтік маңызы, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мәселесін тасада қалдырмауға тиіс. Микроқаржы нарығына келген кәсіпкерлердің қазір еркін жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар. Қызмет заңдық тұрғыда түгел қорғалған. Мәселен, қа­уымдастықта клиенттерді қолдаудың автоматты қызметі жұмыс істейді. Кез келген қарыз алушы шағым түсіре алады. Сонымен бірге микроқаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғайтын орталық құрылған. Оның не­гізгі міндеті – қарыз алушыларға сот­қа дейінгі реттеуде көмек көрсету. Қарыз алушы мен МҚҰ арасындағы дау­лы мәселені шешу үшін микроқаржы омбуд­смені жұмыс істейді. Қауымдастық құра­мына кіретін МҚҰ-лар арасында этикалық мінез-құлық кодексіне де қол қойылған.

«KMF» микроқаржылық ұйымының басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповтің айтуынша, Ұлттық банктің базалық ставканы көтеруі микронесиедегі ставканың жоғарылауына да әсер етеді.

«Біз қарашадан бастап клиенттер үшін пайыздық ставканы көтереміз деп шешім қабылдадық. Әрине, бұны қалаған жоқпыз. Басқа әріптестер де біздің жолымызбен жүреді деп ойлаймын. МҚҰ қаржыландыратын бизнес тіпті шағын да емес, микробизнес. Микробизнес өте бейімделгіш. Басымыздан өтіп жатқан көп дағдарыста осы нәрсе әбден дәлелденді. Қаңтар оқиғасы болсын, 24 ақпан болсын. Бәрі де клиенттерімізге қатты әсер етті, бірақ шамамен сәуірден бастап микробизнестегі клиенттеріміз жағдайға бейімделіп алды. Сәуірден бас­тап сұраныс қатты өсті. Жыл басынан бері біздің өсім 25 пайызды құрады», деді Ш.Жүсіпов.

Сондай-ақ Қазақстан шағын бизнесті дамыту үшін бұл салада жедел экономи­ка­лық реформалар жасауға тиіс екенін жеткізді.

– Мұнай болса таусылып келе жатыр. Шағын бизнес үшін неғұрлым тиімді, неғұрлым қатаң экономикалық реформалар жүргізу туралы шешім қабылдауға 2030 жылға дейін 8-10 жыл қалды. Шағын бизнес – кез келген экономиканың негізі. Қазір оның үлесі 33 пайызды алып отыр. Негізі кем дегенде 60 пайызға жетуі керек, – дейді ол.

Әрине, Ш.Жүсіповтің пайымын түсі­не­міз. Шағын бизнестің қарыштап дамуы біріншіден экономикаға пайдалы болса, екіншіден микроқаржы ұйымдарына да зор табыс әкелер еді. Өйткені қазір банк­тер бизнесті несиелеуге аса құлықты емес. Кәсіпкердің де жұлқынып тұрғаны шамалы. Тәуекелі көп деп банк қашады, кепілге мүлік сұрайды, қаптаған қағазы бар деп кәсіп иесі қашады. Қысқасы, тығырықтан шығарар жол – микроқаржы нарығы.

«Шағын бизнес біртіндеп ішкі жалпы өнімге өз үлесін қосып келе жатыр. Бұған ықпал ететін кез келген баста­ма бәріміз түсінетін формадағы жаңа экономикалық саясатқа сәйкес келеді. Бұл – дамуға берілген ауқымды мүм­кіндік, халықтың әл-ауқатының артуы және экономиканың әрі қарай әртарап­тан­дырылуы. Әртараптандыруға кім үлес қосады? Әрине, шағын және орта бизнес. Алайда шағын бизнесті дамытудың басты драйвері – мемлекеттік қолдау шаралары емес, жаңа салық саясаты. Меніңше, мемлекет қолдауды бюджеттен субсидиялау есебінен емес, сала­уатты бәсекелі орта және тиімді салық саясатын құру есебінен жүзеге асыруға тиіс. Бюджет қаржысын салуды абайлап пайдаланған жөн. Өйт­кені біз өмір сүріп отырған жағдайды тұрақ­сыздыққа ұрындыратын таяқтың екінші ұшы да бар», дейді Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығының басшысы Елена Бахмутова.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдас­тығының бағалауынша, бірінші жарты­жыл­дықта микроқаржылық ұйымдар портфелі құрылымында онлайн алынған микрозаймдар үлесі 29 пайызға дейін артқан. МҚҰ қарыз портфеліндегі мерзімі өткен берешек көлемі де артып келеді. Алайда МҚҰ портфелінің 39 пайызға жуығын 150 мың теңгеден аз мөлшердегі кредиттер құрап тұр. Ал осындай көлемде қарыз алушылар үлесі 85 пайыз шамасында.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері жеке тұлғалардың микронесиесі 23 пайызға көбейген. Бұл – негізінен тұтынушылық мақсатта алынған онлайн-несиелер. «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ дерегіне сүйенсек, 2022 жылдың 1 шілдесіндегі онлайн-микронесиенің жиынтық көлемі 130,9 млрд теңгеге жеткен. Осыншама соманы беруге 42 микроқаржы ұйымы атсалысқан. Мұндай займдарды алған қазақстандықтар саны – 911 мың адам. Онлайн-микронесие секторындағы төленбегеніне 90 күннен асқан қарыз көлемі 59,6 млрд теңгеге (478 мың азаматқа берілген) жетті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының кеңесшісі Мақсат Нұриденұлының айтуынша, 253 микроқаржылық ұйымның тең жартысы жұмыс істемейді. Сондықтан кім белсенді, кімнің аты бар да заты жоқ екенін анықтау қажет. Алдағы уа­қытта агенттік қызметкерлері осындай ауқымды жұмысқа белсене кіріспек. Ол сонымен қатар банк секторындағы цифр­ландыру үрдісінің МҚҰ-лардан озып кеткенін де атап өтті.

«Біз осы орайда бизнес-модельмен жұмыс істеуге кеңес береміз. Өйткені ертең цифрландыру мүлде басқа деңгейге көтеріліп кетеді. Жақында ғана МҚҰ-лардан деректер сұрадық. Сонда бүкіл компания ақпаратты ұсыну бойынша қиын жағдайда екенін көрсетіп қойды. Демек олардың бизнес-басқару тәсілінде әлсіз тұстар бар деген сөз. Секторда тазарту жүргізіледі. 2023 жылы пропорцио­налды реттеу эгидасы жұмыс істейді», дейді агенттік өкілі.