Қазақстан мен Иран арасында тауарлардың жүк айналымын жылына 1-ден 4 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы меморандумға қол қойылды. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Иран Ислам Республикасына екі күндік жұмыс сапарымен барған еді. Аталған келісім осы сапар аясында жасалып отыр.
Делегация құрамында қазақстандық ұн өндіру, астық және ет одақтарының, Қазақстанның аграрлық және өнеркәсіптік саясатын дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың, «ҚТЖ» ҰК АҚ, Азық-түлік корпорациясының өкілдері мен басқа да мүдделі қатысушылар бар.
Тараптар қазақстандық аграрлық және өнеркәсіптік өнімдер үшін жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктерін, қолданыстағы солтүстік-оңтүстік бағыттағы кедергілерді жою мәселелерін талқылады. С.Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан мен Иран арасында өзара сыйластық, сенімді қарым-қатынас орнаған. Елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті ілгерілетуге 2022 жылғы маусым, қыркүйек-қазан айларында өткен ең жоғары деңгейдегі бірқатар кездесулер елеулі серпін берді. Мемлекет басшылары сапарлары қорытындысы бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді және Қазақстан-Иран өзара іс-қимылын жандандыруға бағытталған тапсырмалар берілді.
– Қазақстан бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн өнімдерін, ет, өсімдік майларын және басқа да өнімдерді экспорттауға дайын. Біз Иранмен агроөнеркәсіптік өнімдердің өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға және Қазақстан үшін Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Африка сынды жаңа нарықтарға шығуға қызығушылық танытудамыз. Ирандық әріптестердің саладағы тәжірибесі біздің бизнес үшін өте пайдалы болары сөзсіз, – деді С.Жұманғарин Иранның ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садатинеджадпен кездесуде.
Иранның Көлік және қаланы дамыту министрі Ростам Қасемимен кездесу барысында С.Жұманғарин қазақстандық тараптың тауарлар ағынының көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін ұлғайту ниетін айтты. Ол үшін кездесуге қатысушылар 2022 жылдың соңына дейін «тар» инфрақұрылымдық орындарды жою және 2022-2025 жылдарға арналған Солтүстік-Оңтүстік бағытының әлеуетін дамыту бойынша үшжақты жол картасын қабылдауға келісті.
Жол картасына енгізу үшін алда мына қадамдар пысықталмақ: Жүк көлігінің жүргізушілері, халықаралық тасымалдарға қатысушылар үшін арнайы визалық режім құру. Бизнес өкілдеріне осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қосымша қарастыру; Бірыңғай тарифті, бірыңғай көлік құжатын және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізуді қоса алғанда, екі елдің кедендік ресімдеу процестерін оңтайландыру; «Қырғызстан – Қазақстан – Ресей» үлгісі бойынша навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша қанатқақты жобаны іске қосу.
Сондай-ақ логистикалық процестер мен екіжақты сауданың тиімділігін арттыру мақсатында тараптар бірлескен экспорт- тық-импорттық компания құру мүмкіндігін пысықтауға келісті. Кездесулер барысында айтылған барлық тараптар сауда, көлік және логистиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қоюмен бекітілді.
Биыл қаңтар-тамыз аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 9,3 пайызға өсіп, 350,2 млн долларға жеткен. Былтыр 8 айда 320,4 млн доллар болған еді. Бұл ретте экспорт көлемі өткен жылдың 8 айының көрсеткіштері деңгейінде сақталып отыр (0,1 пайызға төмендеді, 215,3 млн доллар). Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 440,9 млн долларды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 85,1 пайызға ілгерілеу бар екенін көрсеткен.