• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2022

Қай ұялы байланысты жөн көреміз?

266 рет
көрсетілді

Биыл телефон нөмірін ауыстыру қызметін қазақ­стандықтар шамамен 160 мың рет пайдаланған. Мобилді телефон қызметінің көп таралуына байланысты клиенттерге оператор ауыстырғаннан кейін де өзінің бұрынғы нөмірін сақтап қалу мүмкін­дігі беріліп отыр. Нөмір портациясынан кейін қазақ­стан­дықтар қандай ұялы байланыс операторын таңдайды?

MNP (Mobile Number Portability) қызметі Қазақстанда 2016 жылы іске қосылды. Сол уақыттан бері бұл қызмет өзектілігін жоғалтқан жоқ. 2016-2021 жылдар арасында осы қызмет бо­йынша түскен өтінім саны 129-148 мың аралығында құбылған. Әсіресе, рекордты көрсет­кіш 2022 жылы тіркелген. Жыл басынан бері 21 қазанға дейінгі аралықта қызметтің бұл түрі 160,2 мың рет қолданылыпты.

«Бұл ретте 85,4 мың абонент бірден Beeline-ға ауысты. 2021 жылы да Beeline лидер атанды – портация үлесі 53 пайызды құрады. 2022 жылы шілденің басында Beeline абоненттік база бойынша да лидерлікті сақтап қалды. Қазір бұл байланыс операторының 10,3 млн абоненті бар. Өткен жылмен салыстырғанда абонент саны өскен (+6,6 пайыз). Бұл оператор нарықтың 42 пайызын қалыптастырып отыр. Ал Kcell ұялы байланыс операторының абонент саны – 8 млн немесе нарықтың 32,6 пайызы. Өз кезегінде Теле2/Altel операторының абонент саны 6,2 млн-ды құрайды», деп мәлімдеді Finprom.

Жалпы, 2022 жылдың қазанындағы дерек бойынша елде 25,3 млн ұялы байланыс абоненті бар. Былтырмен салыстырар болсақ, 4,5 пайызға көп. Айта кету керек, қазан айындағы күрт өсім алдыңғы үш жылдық құлдыраудан кейін болып отыр. Мәселен, былтыр осындай кезеңде абонент саны – 1,1 пайызға, 2020 жылы – 5,3 пайызға, 2019 жылы 2,6 пайызға қысқарған еді.

Расын айтсақ, ұялы байланыс секторы интернеттің келуі және оның қолжетімділігінің артуы арқылы цифрлық қызметтерді дамытудың драйверіне айнала бастады. Ал телефон нөмірін ауыстырғаннан кейін де байырғы операторды сақтап қалу қызметі бұл нарықты одан әрі ашық және бәсекеге қабілетті ете түспек.