Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы жұмысқа алынып, сот алқа билері қарайтын сот істеріне қатысты заң жобасы мақұлданды.
Депутаттар отырыс басталмастан бұрын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі Ленин атындағы шахтадағы апатта қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. «3 қарашада Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы шахтада болған апаттың салдарынан 5 адамның қаза тапқаны бәрімізге белгілі. Депутаттық корпустың атынан қайтыс болған кеншілердің отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын», деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған мәселе жөнінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов баяндама жасады.
«Еліміздегі алқабилер соты – 2007 жылдың 1 қаңтарында енгізіліп, 15 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұл – біздің сот жүйесін дамыту бағытында өте маңызды шара. Алқабилер соты қылмыстық процестің негізгі қағидаттарын: жарыспалық пен тараптардың теңдігі, кінәсіздік презумпциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды рөл атқарады. Қазір алқабилер соты қараған істер бойынша 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады.
Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайызды ғана құрайды. Алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары. Тараптар сот талқылауында белсенділік білдірді. Алқабилердің соты – билік пен халықты жақындастыруды қамтамасыз етеді, қоғамның құқықтық деңгейі мен құқықтық мәдениетін, сондай-ақ сотқа деген сенімді арттыруға ықпал етеді», деді Ә.Жүкенов.
Жоғарғы сот өкілінің сөзіне сүйенсек, 2007-2009 жылдары алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын қылмыстар бойынша істерді қараған.
«Осы кезеңде алқабилер қатысқан істердің саны жылына шамамен 50-ге жеткен. 2010-2012 жылдар аралығында алқабилер соты қарайтын істер санаты бүкіл аса ауыр қылмыстарға кеңейтілді. Мұндай қадам алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің 10 есеге өсуіне әкелді. Істердің саны жылына 300-ден асты. Бұл – соттар қараған барлық аса ауыр қылмыстық істердің 14 пайызы», деді Ә.Жүкенов.
Спикердің мәліметінше, 2013 жылы алқабилер соты қарайтын істер азайтылған. Сөйтіп, олардың қарауына тек өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын істер ғана қалдырылды.
«Мұндай өзгеріс алқабилер қатысатын істердің күрт төмендеуіне әкелді. Жылына шамамен 50-60 іс қаралды. 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде алқабилер қарайтын істер санаты кеңейтіліп, аса ауыр қылмыстар қосылып, 14-ке жетті. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заң арқылы алқабилер соты қарайтын істер тағы 16 құрамға көбейтілді. Осылайша, келесі жылдан бастап алқабилер 31 түрлі істі қарайды», деді Ә.Жүкенов.
Жаңадан ұсынылған заң жобасында алқабилердің құзыретіне тағы 13 ауыр қылмысты қарауға беру көзделген. Бұл құжат 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте қарастырылған адамның дене мүшелерін заңсыз алу, азаптау, рейдерлік, медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу, ауыр салдарға әкелген балық пен басқа да су жануарларын заңсыз аулау секілді қылмыстар бар.
Сонымен қатар ауыр салдарға әкелген заңсыз аң аулау, көлік құралын басқарғанда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы, көлік құралын мас күйде басқарып екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы, көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы алқабилердің қарауына беріледі.
Жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлатуға, есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты құжаттар бар. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді пайдалану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобалары да қаралмақ.
Жиында депутат Дмитрий Легкий ант берді. Депутаттар оны Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайлады.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалын жолдады. Ерлан Саиров Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты мәселе көтерді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінде субсидиялау жүйесінде мемлекеттік қолдаудың бірқатар шарасын алып тастауды, одан бас тартуды көздейтін, кейбір жеңілдіктерді кредит беру және инвестициялық субсидиялармен алмастыратын жаңа тәсілдер әзірледі. Осы өзгерістердің қатарында инвестициялық субсидиядан құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялауды жою ұсынылады. Бұл инвестициялық субсидияны тиімсіз етеді, ал жалпы саланың өзі инвестициялық тартымсыз. Qoldau.kz порталының талдамалық деректері бойынша, тауар субсидияларын алушылар – жыл сайын шамамен 35-40 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері. Егер шағын және орта бизнеске жататын әрбір кәсіпорын қызметкерлерінің орташа саны шамамен 40-60 адамды құраса, онда тұтастай алғанда субсидиялаудың бұл түрі 1,8 миллионнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен және жалақымен қамтамасыз етеді. Қаншама адам отбасы министрліктің шолақ шешімдерінен зардап шегеді?», деп алаңдады Е.Саиров.
Депутаттың айтуынша, тауарлық субсидияларды жергілікті деңгейге беру бірінші кезекте қажетті өнімдерге бағаның өсуіне, оларды өндіру көлемінің төмендеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғады. Осылайша, бұл импорт көлемінің өсуіне, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Динара Закиева Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдаған депутаттық сауалында отбасын қолдау орталықтарын көбейтуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық 6 млн 750 мың отбасының жартысына жуығына қолдау қажет.
1 145 100 отбасы дағдарыс жағдайында тұрып жатыр, ал 1 592 600 отбасы өте қиын жағдайда.
«Аталған санаттағы барлық отбасына кешенді көмек, әлеуметтік оңалту, сүйемелдеу, жұмысқа орналасуға көмек көрсету, құжатын реттеу, жәрдемақылар, төлемдер, АӘК және басқа да қызметтер қажет. Сондықтан барлық қызметті бір терезеде алуды қамтамасыз ету үшін еліміздің әр ауданында инфрақұрылым, атап айтқанда, Отбасын қолдау орталықтарын құру қажет. Қазір елдегі 220 ауданға 47 орталық бар. Мысалы, Түркістан облысында 14 аудан мен үш қала, 2 миллионнан астам халық бар. 330 мың отбасы төтенше қиын және дағдарысты өмірлік жағдайда тұрады, облыста зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Облыс бойынша тек екі дағдарыс орталығы бар, бір Отбасын қолдау орталығы енді ашылып жатыр. Үшеуі де Түркістан қаласында орналасқан. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасының, балалы әйелдің шалғайда жатқан ауылдан орталық іздеп жүздеген километр жүріп баратын не күші, не қаржылық мүмкіндігі жоқ», деді Д.Зәкиева.
Әмірхан Рахымжанов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында «Қалбатау – Майқапшағай» және «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолдарын қайта жаңарту қашан аяқталатынын сұрады.
«Үкімет сағатында айтылған автомобиль жолдарына қатысты орынды сынға қарамастан, жауапты тұлғалар нәтиже шығарып жатқан жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Қазақстандық мердігерлердің немқұрайлығының, сыбайлас жемқорлық сипаттағы тәуекелдері кесірінен жұмыс қарқындылығы байқалған емес, ал пандемия кезінде тіпті тоқтап қалды. Бес жыл бұрын басталған құрылыстың ұзаққа созылуы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды», деді Ә.Рахымжанов.
Құрылысты жүргізу барысындағы басқа да кемшіліктерге тоқталған депутат Үкіметтің нысандарды аяқтау үшін қандай шара қолданып жатқанын сұрады. Сондай-ақ магистраль құрылысы қашан аяқталатынына алаңдаушылық білдірді.
Бұдан бөлек, тағы бірнеше депутат тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалын жолдады.