Ауыл-аймақтағы медициналық инфрақұрылымның ахуалы алаңдарлық күйде екені көпке аян. Бүгінде елімізде 650 елді мекен емдеу мекемесіне жарымай отыр.
Осындай жағдайда еліміздің тұс-тұсын аралап, шалғайдағы ағайынға шарапатын тигізіп жүрген «Медициналық пойыздарға» халық риясыз ризашылығын білдіріп жатыр. Биыл алты айда бұл шипалы пойыздар 80 649 азаматқа тегін медициналық көмек көрсетті.
Мәресіне жеткен жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ» жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырды. Бұл жобаның басты мақсаты – сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған, шалғайда жатқан стансалар мен оларға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу.
Биыл Қазақстанның тұс-тұсындағы бекеттерде азаматтарға заманауи диагностикалық жабдықтар орнатылған «Саламатты Қазақстан» және «Жәрдем» медициналық пойыздарының мамандары көмек көрсетті. Медициналық пойыздар бүкіл Қазақстанды аралап шықты. «Жәрдем» – Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына, «Саламатты Қазақстан» Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды мен Ұлытау облыстарына барды. Алты айда пойыз мамандары 147 бекеттің тұрғындарын демалыссыз қабылдады.
Жұмыс барысында барлығы Қазақстанның 80 649 тұрғынына емдеу-консультациялық қызмет көрсетіліп, оның ішінде 21 867 бала қаралды. 5 097 шағын хирургиялық операция жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. «Жәрдем» медициналық пойыз мамандары 59 баланы сүндеттеді. Медициналық пойыздарда барлығы 389 388 дәрігерлік қабылдау болды. Жолдың жалпы ұзындығы – 22 009 шақырым.
Салыстыра кетсек, пандемияға дейінгі 2019 жылы жобаға қатысқан мамандар 273 елді мекенді аралап, 63 мыңнан аса тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Ал дәрігерлерге қаралудың жалпы саны 209 249-ды құрады.
«Жалпы, «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2022 жылға арналған қайырымдылық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 9 айда 7,1 млрд теңге игерілді. Бұл ретте ел бойынша 44 жоба іске асырылуда, оның 30-ы биыл Қамқоршылық кеңестің мақұлдауына ие болды. Сол жобалардың бірі – «Медициналық пойыздар». Біздің қордан 760 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалып, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді. Біз үшін бұл жобаның маңызы зор. Өйткені осы арқылы халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туды. Мен пойыз ұжымдарына, ондағы дәрігерлерге алғысымды білдіргім келіп отыр. Ақжолтай құрамның арқасында көптеген ел тұрғындары тегін әрі сапалы медициналық көмек алып, өмір сүру сапасы жоғарылауда», деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындарды тексеру кезінде қант диабеті, глаукома, липома, артроз, созылмалы холецистит, созылмалы панкреатит, аллергиялық дерматит аурулары кеңінен таралғаны байқалған. Онкологиялық аурулардан бөлек, тағы жиі кездесетін дерттің бірі – инсульт. Тұрғындардың арасында невропатолог, хирург, көз, құлақ және мұрын дәрігерлеріне сұраныс көп болды.
«Елді аралап жүрген кезде әртүрлі жағдайға тап боламыз. Көбіне алыс жатқан елді мекендерде дертті дер кезінде анықтайтын арнайы медициналық құрылғылар болмай жатады, сондай-ақ маман тапшылығы да бар. Мысалы, Батыс Қазақстанда болғанымызда 76 адамнан туберкулез дерті анықталды. Сондай-ақ №10 разъезде қиын жағдайға түскен сәбиге көмек көрсетілді. Ауыр дәрежедегі күйік диагнозымен (тері трансплантациясы) түскен бір жарым жастағы балаға көрсетілген стационарлық емдеуден кейін пойыз дәрігерлері күрделі таңу жүргізді. Одан бөлек, Бегімбет стансасының 90 жастағы тұрғыны Шайкен Бақытжанованың үйіне барып, екінші рет тексеру жүргіздік. 2019 жылғы сапар кезінде ем-дом жүргізгенбіз. Биыл келгенімізді естіп, қызы хабарласып, анасының денсаулығын тексеріп беруді сұрады. Біз өз кезегімізде анализ алып, науқастың жүрегін тексердік. Риза болған кейуананың ақ батасын да алдық», деді «Жәрдем» пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.
Еліміздің солтүстік, шығыс, орталық өңірлерін аралаған «Саламатты Қазақстан» дәрігерлері де жұмыс барысында әртүрлі оқиғаларға тап болған. Мәселен, Павлодар облысы Маралды стансасының тұрғынында өте сирек кездесетін диагноз – декстрокардия бар екенін пойыз мамандары анықтаған. Бұл дегеніміз – науқастың жүрегі оң жағында орналасқан. Әрине, мұндай жағдайда ем тағайындалмайды, бірақ бұл ақпаратты 47 жастағы тұрғын медициналық пойызда тексеру кезінде алғаш рет білген. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда 22 жастағы қызда эхинококкоз дерті анықталып, мамандар науқасты операция жасатуға жіберген.
Медициналық пойыздар мамандарының көмегін алған азаматтың бірі – Гүзәл Мұхамед. Өзі Шымкент қаласының тумасы болғанымен, дәрігерлер қабылдауына Атырауда келген.
«Мен жазда қыдырып, Атыраудағы Мұқыр стансасына бардым. Сол жақтағы таныстарымнан «Жәрдем» пойызының келгенін естідім. Кенеттен ішім ауырып, қатты мазамды алды. Содан бірден пойыз мамандарына бардым. Пойызда УДЗ-ға түсіп, анализ тапсырдым. Жедел түрде хирург «соқырішек» диагнозын қойып, облыстық емханаға пойыз мамандары алып барды. Ол жерде де менің диагнозымды растап, бірден операция жасады. Дәрігерлерге, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», деп өз ризашылығын білдірді ол.
Жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылға дейін жыл сайын іске асырылып келді де, коронавирус індеті кезінде үзіліс алды. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1 870 елді мекенін аралап, 569 530 тұрғын тексеруден өтті. 17 078 шағын хирургиялық операция жасалып, 148 546 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді.