Түркі академиясының ашылуына қол жеткізді
Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Түркі өркениеті: дәуірлер жалғастығы” атты халықаралық еуразиялық конгресс өз жұмысын бастады. Оның шеңберінде бүкіл түркі дүниесінің руханиятының орталығы болатын Түркі академиясының тұсаукесер рәсімі жасалып, ол салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл қатысты.
Түркі дүниесі бір болатын күн туды. Сол күннің шуағына түркі жұрты бүгін шомылмаса, күн қашанғы көгімізде тұра бермек. Бір замандары мұндай күнге зәру болғанымыз анық. Осы бірлікке Қазақ елінің басшысы ұйытқы болып отырғаны белгілі. Түркі академиясының біздің Отанымызда шаңырақ көтеруі соның әдемі дәлелі.
Жоғарыда айтқан конгресске төрткүл дүниенің көптеген мемлекеттерінен көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер, саясаттанушылар қатысты. Осы алқалы жиында алғашқы сөзді алған Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, біз бүгін түркі дүниесіндегі тұңғыш және бірегей ғылыми зерттеу орталығы – Түркі академиясының ашылу рәсіміне куә болып отырмыз. Бұл түркі тектес елдердің мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосатын тарихи маңызы зор оқиға. Салтанатты жиынға біздің досымыз, Түрік Республикасының Президенті, жоғары мәртебелі Абдулла Гүл мырза қатысып отыр. Бұл бүгінгі рәсімнің ерекше маңыздылығын айғақтай түседі дей келіп, “Енші алып, қалың түркі тарасқанда, Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па”, деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев өлеңін назарға салған Н.Назарбаев Қазақстан – түгел түркінің атажұрты, ат байлар қазығы, алтын бесігі екенін атап өтті. Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр аумақта ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың асыл арманын алға апарып, аманатын мүлтіксіз орындап жатқан жұрттың перзенттік парызы туралы ой қозғаған Нұрсұлтан Әбішұлы азаттығын жариялаған сәттен бастап Қазақ елі түркі әлемінің өзара ықпалдасу және мәдени бірігу мәселесіне айрықша мән беріп келе жатқанын алға тартты. Әсіресе, Орталық Азия аумағындағы туыс елдермен қарым-қатынастың жүйелі әрі жан-жақты дамып келе жатқанын, қазіргі кезде түркі тілдес мемлекеттер қауымдастығының жарқын болашақты бірлесіп жасауға қуаттарының жететінін, экономикасын көтеріп, төл мәдениетін, бай руханиятын, адам ресурстарын молайтуға болатынын айтты. Сол секілді Түркі академиясының базасында әлемнің жетекші түркітанушылары ғылыми-зерттеу жүргізуге мүмкіндік алатынын, түркі халықтарының форумдары, симпозиумдары, фестивальдері өткізілетінін жеткізді. Академия Түркі кеңесімен, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясымен және “Түрксой” ұйымымен етене араласып, тығыз байланыста жұмыс істейтінін назарға салды. Ғылымның әртүрлі саласында тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру механизмі күшейетінін, қаны мен жаны бір түркі халықтары ата-бабаларымыздың жасампаз мол мұрасын бірлесіп зерттей отырып, насихаттайтынын, Еуразия кеңістігін ен жайлаған түркілер әлемдік өркениеттің, адамзат тарихының дамуына зор үлес қосқанын да тілге тиек етті. Түркілер құрған қуатты мемлекеттер ғасырлар бойы көршілес аймақтарда өз ықпалын жүргізгенін, әлемнің көптеген тілдерінде түркі сөздерінің жиі кездесуі соның айғағы екенін, сондай рухани құндылықтардың бастау басында ұлы ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің, дарынды адамдардың тұрғанын, солардың қатарында Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Хорезми, Қожа Ахмет Ясауи, Ұлықбек, Әлішер Науаи, Физули, Мимар Синанның, өзге де алыптардың тұрғанын алға тартты.
Түркі академиясы арқылы күш-жігерімізді біріктіре отырып, түркілердің әлемдік тарихи үдерістегі рөлі туралы жаңа құнды тарихи деректерді ашатынымды, сонымен бірге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді дамытып, түркілер қай уақытта да көрші халықтармен мәдени, саяси, экономикалық қарым-қатынас жасағанын өмірлік тәжірибеге негізделген дәстүрін қалыптастырғанын, түркі халықтарының көрші ұлттармен өзара байланысы, этносаралық даму үрдістері – Түркі академиясының негізгі зерттеу нысанасына айналуға тиіс екенін жеткізді.
Қазіргі әлемде этнос және этносаралық қарым-қатынас туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру – маңызды мақсат. Бұл бүгінгі этностардың татулықты ту етіп, бірлесіп ғұмыр кешуіне жол ашады. Оның үстіне, кез келген халық қайталанбас тарихи феномен болумен бірге, дара этнос ретінде де құрметке лайық.
Байырғы түркі этносының дара болмыс-бітіміне әлемдік өркениет тұғырынан қарайтын мезгіл жетті. Түркі академиясы осыған мұрындық болуы тиіс деді. Бұл академия түркі халықтары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту үшін түркі дүниесінің мәдени мұраларының, түркі халықтарының ортақ тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеу жолында қызмет жасап, ортақ терминологиялық қорды жинақтап, дамыту, таза түркілік сөз қазынасын молайту жағын да еске салды.
Өз кезегінде Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл Түркі академиясын құру жөніндегі алғашқы идеяны Қазақ елінің басшысы көтергенін, соның жүзеге асып, ашылу рәсіміне қатысып отырғанын өзіне зор мәртебе санайтынын айтып, білім-білігі мықты ғалымдармен бірге болу мағыналы іс, деген ол бүгінде Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, тағы басқа мемлекеттер ортақ іске ұйысқанын, бұл 300 миллионға жуық түркі қауымдастығы үшін ерекше жетістік болып есептелетінін атап өтті. Мұндай ғылыми орталық түркі әлемінің руханиятын биікке көтеріп, зор серпіліс туғызатынына, ғасырлар қойнауынан бастау алатын Орхон ескерткіштерінің рөліне тоқталып, әлемдік өркениетте өзіндік орны бар құндылықтарды танытуда Түркі академиясының атқаратын жұмысы ерен болатынын, сонымен қатар, түркі мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен тарихын жаңғыртуға жаңа серпіліс беретінін, ұйытқылық жұмыс атқаратынын атап өтті.
Түркі тілі мен әдебиет негізінде біздің балалар ұлы түркі тілін үйренуі керек, ұшан-теңіз тарихын терең түсінумен қатар, философиялық мән-мағынасын да ойларына тоқып, бойларына сіңіру қажет деген Түркия Президенті, өзінің тілі мен мәдениетін, тарихын білмеген ұрпақ өзгелердің ықпалында кетіп қалатынын, сөйтіп, тек тамырынан адасатынын, ол үлкен қауіп екенін алға тартты. Барлық бауырларға, барлық ел басшыларына осыны баса айтатынын, мұны жүзеге асырудың негізгі жолы ұлттық жоба, ұлттық бағдар, ұлттық бағытта мемлекеттік білім беру болып саналатынын, оны іске асыру балабақшада, бастауыш, орта мектептер мен университеттерде орындалатынын тілге тиек етті. Бұрын біздің арамызда дуал тұратын еді. Соның өзінде бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз бір сәтте төмендеген емес. Қазір ондай бөгеттер жоқ. Ендеше, рухани дүниеде де бөгет болуы тиіс емес. Біз әртүрлі ағымдағы мәдениеттердің ықпалында, тілдер әсерінде қалатын болсақ, онда рухани құндылықтарымыздан түптің-түбінде көз жазып қалатынымызды айтқан ол түркі дүниесіндегі келешек буын бір болуы қажет екенін атап өтті.
Бұл академия қандай жұмыстармен айналысады дегенді нақтылайтын болсақ, біріншіден – түркі халықтары тарихтары, рухани және материалдық мәдениеті, археологиясы мен этнографиясы, екіншіден, түркі тілдері мен жазба ескерткіштері, үшінші – түркі халықтарының әдебиеті мен өнері, төртінші – түркология мамандықтары бойынша бакалавр, магистр және PhD докторы мамандарын даярлайды.
Сонымен, Арқа төсіндегі Астанамызда Түркі академиясы ашылып, Қазақ елі тағы бір мәртебелі іске ұйытқы болды. Мұны осыдан бір ғасыр бұрын “Күн батысқа жүрелік, Гүл қылайық қаласын, Ұл қылайық баласын. Аямайық, көмейік Күн шығыстың нұрына” деген Мағжан Жұмабаевтың ұлы ойының жүзеге асқандығының бір дәлелі деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.