Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың жинақ сомасы 14,1 трлн теңгеден асты. БЖЗҚ-ның хабарлауынша, осы сомадан жүзеге асырылған төлемдерді ескергендегі зейнетақы жинақтарындағы жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі 36,7 пайызды құрайды.
2014 жылдан бері Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық кіріс (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру үрдісінің аяқталуы) 6,8 трлн теңге болған.
«2022 жылға тән қаржы нарығының құбылмалылығына қарамастан, зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін құралдар, салалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен шілде айында 9 айдың қорытындысы бойынша оң инвестициялық кіріс алынды. Салымшылар мен алушылардың шоттарына 716,8 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Зейнетақы активтері бойынша Ұлттық банк қамтамасыз еткен соңғы 12 айдағы кірістілік (2021 жылғы қазаннан 2022 жылғы қыркүйекке дейін) 7,52 пайызды құрады», делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Инвестициялық кірістің мөлшерін кемінде 1 жыл кезеңінде талдау орынды. Қор сарапшыларының айтуынша, қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені ол нарықтың үнемі құбылмалылығына тәуелді. Мысалы, зейнетақы активтерінің 5 жыл ішіндегі жинақталған кірістілігі – 55,8 пайыз, жинақталған инфляция 53,7 пайызды құраған.
Егер одан да ұзақмерзімді кезеңді алсақ, онда жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап (1998 жыл) 2022 жылғы 1 қазандағы инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 722,84 пайызға жеткен. Ал бүкіл кезеңдегі инфляция – 646,37 пайыз.
Осылайша, орта және ұзақмерзімді талдауда зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі қамтамасыз етіліп отыр. Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын қордың сайты немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеттен көре алады.
Инвестициялық басқарудағы зейнетақы активінің жалпы көлемі 14,1 трлн теңгеден асса, Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы актив мөлшері – 14 095,38 млрд теңге, жеке компаниялардағы активтер – 9,06 млрд теңге. Қор активтері Қаржы министрлігінің облигацияларымен қатар квазимемлекеттік компаниялардың (1 725,87 млрд теңге – портфельдің 12,24 пайызы), екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ облигациялары – 929,12 млрд теңге немесе портфельдің 6,59 пайызы; ЕДБ депозиттері – 197,09 млрд теңге, 1,4 пайызы) және халықаралық қаржы ұйымдарының (382,32 млрд теңге, 2,71 пайызы) бағалы қағаздарына және басқа қаржы құралдарына инвестицияланады.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісінде инвестициялық портфель былайша ұсынылған. Ұлттық валютадағы инвестициялар – 70,17 пайыз, АҚШ долларында – 29,75 пайыз, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,08 пайызы.
Елімізде қазір инвестициялық портфельді басқарушы төрт компания бар. Оларға берілген жалпы қаражат көлемі – 9,06 млрд теңге болса, соның 4,045 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруында. Бұл компанияның басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 0,64 пайыз, 12 айда 4,83 пайыз болды. «Halyk Global Markets» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 2022 жылдың 1 қазанына – 2,58 млрд теңге. Кірістілік жылдың басынан бері 1,16 пайыз болса, 12 айда – 4,5 пайыз. «BCC Invest» АҚ 1,46 млрд теңгені басқарады. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде «BCC Invest» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі осы жылдың басынан бері -0,38 пайыз, соңғы 12 айда 3,31 пайызды құрады.
2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша «Сентрас Секьюритиз» АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 0,97 млрд теңге. «Сентрас Секьюритиз» басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 2022 жылдың басынан бері – 2,06 пайыз, соңғы 12 айда 4,74 пайызды құрады.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.