• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Қараша, 2022

Менингитті емдеу мүмкін бе?

451 рет
көрсетілді

Жыл сайын еліміздің әр қиырында менингиттің көбейіп кеткені туралы жаңалық шығып тұрады. Мәселен, биыл жазда Алматыда аталған қауіпті дертке шалдыққан 157 адамның тіркелгені анықталды.

Менингит – ми мен жұлын мембраналарының қабынуы. Әсіресе жұмсақ қабықтардың қабынуы жиі кездеседі. Оның қоз­дырғыштары белгілі бір пато­гендік микроағзалар болуы мүмкін. Мысалы, бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар әсер етеді. Науқастанған адамда қатты бас ауруы, гиперестезия, құсу, мойынның қатаюы, төсектен тұра алмауы, терідегі геморрагиялық бөртпелер арқы­лы байқалады. Менингит диагнозын растау және оның этиологиясын анықтау үшін белдік пункция және ликерді зерттеу жүргізіледі.

Жалпы, менингит инфек­ция­ның өршуіне бірнеше фактор әсер етеді. Байланыс жолы менингитке бұрыннан бар іріңді инфекция әкеледі. Синусогенді менингиттің таралуына параназальды синустың іріңді инфекциясы (синусит) әсер етеді. Оған қоса, мастоидты процесс немесе ортаңғы құлақ (отит), тіс патологиясы да жол ашады. Инфекциялық ағзалардың ми қабығына енуі лимфогендік, гематогендік, плацентарлы, периневральды жолдармен жүзеге асады. Сондай-ақ бас сүйек-ми жа­рақаты немесе жұлын жара­қа­ты, бас сүйек негізінің жарылуы немесе сынуы кезінде де жұқтыруы ықтимал.

Инфекцияның қоздыр­ғыш­та­ры ағзаға өңеш, асқазан-ішек жолдары, мұрын-жұтқыншақ арқылы еніп, ми қабықтары мен іргелес ми тіндерінің қабынуын тудырады. Олардың ісінуі ми тамырлары мен қабықтарында микроциркуляцияның бұзы­луына, цереброспинальды сұ­йық­тықтың резорбциясының баяу­лауына және оның гипер­секрециясына әкеледі. Бұл жағ­дай­да интракраниальды қы­сым жоғарылайды, мидың там­шысы дамиды. Қабыну про­цесінің ми затына, бас сүйек және жұлын жүйкесінің тамырларына одан әрі таралуы мүмкін.

Менингит аса қауіпті дерт саналғанымен, оны емдеудің бірнеше тәсілі бар. Ең бірінші науқасты ерте анықтаған абзал. Күдік туындаған жағдайда нау­қасты ауруханаға жатқызу мін­детті. Ауруханаға дейінгі ке­зең­нің ауыр кезеңінде (сананың тежелуі, қызба) науқасқа преднизон мен бензилпенициллин салынады.

Іріңді менингитті емдеу ке­­зін­де сульфаниламидтерді (эта­зол, норсульфазол) немесе анти­­биотиктерді (пенициллин) тағайындау қарас­ты­ры­лады. Өте ауыр жағдайда бензил­пени­циллинді интралумбальды енгізу қажет. Егер алғашқы үш күнде емдеу тиімсіз болса, мономицинмен, гентамицинмен, нитрофурандармен бірге жартылай синтетикалық антибиотиктермен (ампициллин мен оксациллин, карбенициллин) терапияны жалғастыру керек. Патогендік организм оқшауланғанға дейін және оның антибиотиктерге сезімталдығын анықтағанға дейін антибиотиктердің бұл ком­­би­нациясының тиімділігі дә­лелденген. Мұндай комби­на­циялық терапияны екі апта ғана қолдану керек. Содан ке­йін монотерапияға көшкен жөн. Дене температурасының тө­мен­де­уі, цитоздың қалыпқа келуі, церебральды және менингеальды белгілердің регрессиясы да науқастың беті бері қарағанын көрсетеді.

Туберкулезді менингитті кешенді емдеуде негізі екі-үш антибиотиктің (мысалы, изониазид және стрептомицин) бактериостатикалық дозаларын үздіксіз салу керек. Жанама әсерлер пайда болған кезде оны тоқтату қажет емес. Тек анти­биотиктердің дозасын азайтып, десенсибилизациялайтын препараттарды, сондай-ақ туберкулезге қарсы басқа препараттар қолданылады. Науқастың құлан-таза айыққанын туберкулезді менингит белгілерінің болмауы, цереброспинальды сұйықтықты санитарлық тазартуы және нау­қастың жалпы жағдайының жақ­саруынан байқай аламыз.

Вирустық менингитті емдеу кезінде шектеулі түрде сим­п­томатикалық және жалпы кү­шей­тетін құралдарды (глюкоза, натрий метамизолы, витаминдер, метилурацил) қолданылады. Ауыр жағдайларда кортикостероидтар мен диуретиктер таға­йын­далады. Бактериялық инфекция қосылса, антибиотиктер беріледі.

Қазақстанда менингит жұқ­тыру әлемдік деңгейден төмен. Дегенмен бұл сақтанбау керек дегенді білдірмейді. Қауіпті дерт кез келген сәтте өршіп, таралып кетуі ықтимал. Сондықтан менингиттен сақтанған жөн.

 

Индира БЕГІМБЕВА,

Қазалы аудандық емханасының фильтр мейірбикесі

 

Қызылорда облысы