Әлі де болса бір кездегі Алматының «жасыл қала» деген даңқын ұстап тұрған әдемі бақтар бар. Соңғы жылдары қалада «Желтоқсан саябағы», Әйелдер аллеясы мен Қарағайлы орман пайда болғанымен, кәрі ағаштар мен күтімі жоқ желектердің көптігі шаһарға көлеңкесін түсіріп тұрғанын да жасыруға болмайды.
Қысқасы, күн тәртібінен түспей келе жатқан осы мәселеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматы сапарында: «Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары керекті судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек. Алматыда 136 саябақ бар. Олардың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек» дегенін ел естіді.
Осы орайда Алматының дамуына бейжай қарамайтын белсенді адамдар мен қала билігінің арқасында Алматының халықаралық коды – ALA бақ түрінде пайда болды. Ендігі жерде алып ALA бағы құс қанаты талатын аспан көгінен ғана емес, ғарыштан да менмұндалап көрініп тұрмақ.
Айтқандай, ALA уақыт өте жайқала түсетін көшеттермен жазылған ең үлкен сөз болғандықтан, Гиннес әлемдік рекордтар кітабына енуден де дәмелі. Өйткені әріптер бейнесіндегі мұндай алып бақ бұрын-соңды отырғызылмаған көрінеді.
Сонымен 3,36 гектарды алып жатқан аумаққа биіктігі 2 метрдей болатын қылқан жапырақты аршаның 2500 түп көшеті отырғызылды.
Бұл бақ Алматының Алатау ауданының солтүстік бағытындағы санитарлық-қорғау аймағында, Б.Момышұлы мен Мөңке көшелерінің қиылысына орналасты. Жаңа бақ – Алматының бүгінгі халқының келешекке қалдырған сәлемдемесі деуге де болады. Олар жыл өткен сайын құлашын көкке жайып, қаланың ауасына дәру болатыны сөзсіз.
Ал енді аталған бақтың авторы – жастайынан талай сауапты іске мұрындық болып келе жатқан қоғам қайраткері, бұған дейін де 193 мемлекетті біріктіретін «Әлем суреті» атты халықаралық әлеуметтік арт-жобасына араласқан продюсер Даут Шайхисламов.
Сонымен 18 қараша күні осы бақтың жайқалуына мүдделі адамдар қарағайлы орманды түгел отырғызып, жобаны мәреге жеткізеді.
АЛМАТЫ