Түйенің тілерсегіндей үзілген, қойдың құмалағындай шашылған өткен ғасыр ғарасаты ұлт санасында өшпестей таңбалануы, ұрпақ тегі мен таным-тағайында қаннан қанға кетердей сіңісті болып қалуы – бүгінгі ақтаңгер қазақ қасіреті. Үрейлі уақыт сананы торлағаны, адам қолымен жасалған зұлматтар Алаш жұртының санасында сарысудай ұйып қалғаны әлі күнге тәуелсіздік тұманы тұтқан қазақ қоғамында үрей көлеңкесін қоюлатып отыр.
Ал бұл қорқыныштан жалпы қазақтың арылуы да оңайға соқпасы тағы ақиқат... Оны ұлы уақыт қана тәңірідей емдейді деген де жалған. Ғасырлар көші алға озған сайын ұлттық үрейдің таным сарайынан қылаң ұрып қоя берері сөзсіз. Демек, отаршылдық үрейді ұлт санасынан арылтатын тек қана ұлттың ұлағатты рухани күреске баруы дер едім.
Жазушы Кәдірбек Сегізбайдың жуырда ғана Мемлекеттік сыйлық алған жаңа романы да осы сұрапыл шындық пен қайғы-қасіреттің себеп-салдары мен қазіргі азат қоғамға қарақұстың қанатындай түсіріп отырған опатты көлеңкесін суреттеуге арналыпты... Өткен өкпекке толы ғасырдың көк найза сияқты көктей өткен қанды сұсы, сынаптай сусымалы уақыт аясында кеңес одағынан аяусыз жапа шеккен қазақ қоғамы мен қазақ ұлтының өлшеусіз қасіреті шығармада барынша реалистікпен бейнеленіп, тарихи деректілікпен бедерленіпті.
«Ойлап отырса, пайғамбар жасынан асқан ғұмырында не көріпті? Уайым, қайғысыз балалық шақ пен қызды ауылдың итін түнде жау тигендей шулатар сәркілдеген жігіттік шақ қана алаңсыз, уайымсыз өтіпті. Ал одан кейінгі жылдар ше? Қу жанға төнген қатерден құтыламын деп, қайтсем отбасын, бала-шағамды төтелей келген тажалдан құтқарамын деп «Ала балта, ақ білек» болып арпалысумен келеді екен» деген романдағы басты кейіпкердің ойы – кешегі кеңес өкіметі орнаған күннен бастап сұрқия заман сиқын көзімен көрген атан жілік ер-азаматтың кез келгенінің артқа қарағанда ойына алдымен оралатыны осындай уытты, зарлы да дәрменсіз ой екені даусыз.
Ұшы-қиырсыз сал Сарыарқаның бір қиыры – Зайсан өңірінде ғұмыр кешкен, ақыры сүйегі туған жерге жете алмай жат жерде(Шекараның арғы беті дегеніміз болмаса, ол да қазақтың атамекені) қалған Әлібай мерген ойы сол сергелдең уақытта өмір сүрген талай қазақтың тағдырымен тұстасып, ой-сезімі ұштасып жатқаны шындық. Кеңестік зорлықшылдыққа толы зор да сор заманның ию-қию топалаңымен тұспа-тұс келген қазақ қоғамының қоғадай жапырылып, құрақтай өртенгені, бас көтерер ер-азаматы мен саналы ардақтыларының қолы кісендеулі, сөзі шегендеулі кейпі, бұлқынған еркегінің қор болған, жұлқынған етектісінің қорланған халі – бұл шығарманың жұлын-тұтасын ұстап тұр.
Роман 1916 жылғы Ресей империясының қазақты Бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысқа шақырту лаңымен басталады... Жалпы, бұл тақырыпқа «Қилы заман» романы арқылы алдымен барған ұлы Мұхтар Әуезов екені белгілі. Одан кейінгі жерде де дарынды қазақ қаламгерлері қаузап келе жатқаны оқырманға мәлім. Кәдірбек Сегізбаев бірақ оналтының ойранымен ғана шектеліп қалмайды, бұл кіріспе секілді үлкен тарау бола отырып, меркіт мергені мен ел тағдырын қабыстыра алып, 1928-ден 1947-жылдарға дейінгі уақытты тұтастыра қамтып суреттейді. Бұл романның басты ерекшелігі де осында болса керек.
Он алтының ойранынан кейінгі жерде қазақ қоғамы қалай бет алды, қалай қазақ тұтастығы іріді, болмысы қалай бұзылды, оның ақыры қандай тарихи қасіреттерге ұласты деген тұрғыдан ой сала отырып, романын шекара бойындағы ел-жұрттың көпке жұмбақ жақтары арқылы сомдауға күш салыпты. Алтай мен Тарбығатай арасын алып жатқан алып су – Зайсан теңізі мен Қара Ертіс пен Ертіс өзені бойындағы қазақ жұртының қаймағы бұзылмаған келбетінің суреттері, ел ішінің ауға түскен ақ сазандай тулаған тұмса табиғаты Ресей салған лаңмен шыл-шыпыры шыққаны анық та қанық суреттеледі.
Бір жағы – іргелі орысы мол қалалар Өскемен, Семеймен араласып, бір жағы – Қытайға қарап қалған Сарысүмбе (қазір арғы беттегі Алтай қаласы), Шәуешекпен байланысып жатқан Зайсан қаласы, оның төңірегіндегі сулы-нулы өңірі ертеден ояу, сергек еді... Жазушы осыны да романында жақсы ескерген. Өйткені бұл өңірге әйгілі алашшыл ақын Сұлтанмахмұттың Зайсанда, Катонқарағайда қызмет істеуі, тұңғыш профессионал қазақ романы «Ақбілек» кейіпкерін Күршім-Марқа өңірінен жолықтырып, жайлауына шейін Жүсіпбек Аймауытовтың кең аралауы, қазаққа «Оян, қазақ» деп ұран тастаған Алаш қайраткері Міржақыптың (1906-1908 жылдары) Тарбығатай аймағына келуі, шығыста Алаш әскерін құрушы Райымжан Мәрсековтің табаны тигені белгілі.
Сондықтан бұл өңірде зұлым империялық зорлыққа қарсы келу, қолға қару алып күресу де күшті болғаны анық. Оған дәлел шығыс өңірінде болған тарихи оқиғалар мен тарихи жер атаулары десек қателесе қоймаспыз.
Жалпы, асулы Алтайдың Күршім-Марқа-Катон өңірінде 1916-1932 жылдар аралығында болған, кейін келе аңызға бергісіз болып тарап кеткен атақты «Жарболды ауған», «Ақнайман қырылған (1000-ға жуық адам опат болған)», «Қаратай Әбдікерім болыс көшкен», «Қожамбет көтерілген», «Көкжарлы Күркебай мерген көтерілісі» сияқты сұрапыл жайлар әлі күнге «жабулы қазан – жабулы» күйінде жатқаны ақиқат... Ал қаншама алтайлық азаматтар шекарашылармен, қызыл милициямен жеке-дара жанкешті күрес салды. Шолақ белсенді атанған жандайшап ағайындарымен қару кезеністі. Марқадан шыққан Құндақбай мерген сияқты қаншама ержүрек азаматтар ерлігі әлі күнге құпия болып келеді...
Жазушы осындай қазақ халқының басында болған тарихи жағдайдың бірі «Меркіт қырылған» оқиғасын барынша зерттеп, сана сүзгісінен өткізе отырып суреткерлікпен зерделеп, осы романның басты лейтмотивіне айналдырыпты. Зайсан маңын мекендеп жүрген аз ғана Меркіт руы ішінде мергендігімен аң атып, ел аузына ілігіп жүрген Әлібай мергенді романда белді тұлға қыла отырып, барлық оқиғалар сілемі мен тарихи жағдайлар жайын мергеннің толғақты тағдырына тірей отырып, уақыт пен кезең әлпетіне өз бедерін салдырта суреттейді.
Әлібай – ақиқат өмірде болған және жеке ғұмыры жазушы айтып отырғандай аса күрделі, «тағдыр толқыны» жарға да соққан, сорға да батырған адам...
Әлбетте, Кәдірбек Сегізбай романды тек осы бір кейіпкер арқылы алып шығуды мақсат етпеген, ол сол шығыс шекара бойын мекендеген халықтың тағдырын барынша қамтып, тарих толқынында зар-запыран құсқан қатерлі күйін жан-жақты көрсетуге тырысқан. Бүгінгі зымыран уақыт пен жүйрік оқырман сұранысын да ескере отырғандықтан да тарихи кезең шындығын тереңнен қозғауға ұмтылған автор оқиға желісі мен көркем шығармадағы уақыт, кеңістік бірлігін мейлінше сығымдап жазғаны байқалады.
Романды жазуға үлкен дайындықпен келгенін, архивті ақтарып, сол оқиғаларды білетін адамдармен жүзбе-жүз әңгімелескеніне шейін шығарма басында авторлық ремарка ретінде айтып та кетеді... Мұның да оқырманға пайдасы мол, өйткені жазушы қиялымен ғана туындаған шығарма емес, халық тағдыры мен адам тағдыры тікелей деректілікке ие, аласапыран дүниемен тығыз байланыста дегенге жете мән бергендей.
«...жер аяғы құрттаған» жазда басталған он алтының ойраны шекара бойындағы елді есеңгіретіп, жиырмасыншы ғасырда қазаққа төнер ұлы апаттың басы екенін әйгілей келген еді. Шекара бойындағы шағын ғана Зайсан қалашығында ояз Сергей Кубицкийге жұрт «Біз бала-шағамызбен туған жерде өлуді таңдадық» дегенде, ауыл-ауылдан келген ел ағалары мен Тұрғанбай билердің сөзін Әлібай да қолдайды.
Міне, осы күннен бастап Мергеннің көз алды көк мұнарға толы, қу басы қарауылға ілулі қилы кезеңі басталады...
Автор Әлібай мергенді әсірелеп, баяғы бір батырлар туралы жазылған пафосқа толы көркем шығармалардай шектен шыққан жаужүрек ретінде көрсетпек болып әуре болмайды. Кеңес қоғамын тайғанақ тағдырына тап қылған кесапат заманның ауырлығын қайыспай көтеруге тура келген қарапайым жан етіп бейнелейді. Жары Рәзияны да қазақ әйеліне тән ибалы да жігерлі, адал да мұңлы етіп көрсетеді. Туған жалғыз інісі Әлжан – ақкөңіл де албырт сезімді жас жігіт. Ал ел ағалары Тұрғанбай би, Қазақбай қажы мен білекті де жүректі Берікбол, оның махаббат үшін басын ерікті жолға тіккен сүйген қызы Кербез сұлулар да барынша бұла мінезді, сырбаз сезімді етіп суреттеледі.
Ал ел ішіндегі болыстар Мүрсәлім Бектенов, Абдолла Бөгісов сияқты азаматтар тұтқындалса да өкінбейді. Елдің ертеңі үшін бастарын бәйгеге тігуден жасқанбайды. Бұл сол кездегі патша өкіметіне қараса да қоғамдағы қазақтың еркін болмысы мен елдікті танытатын, «еркек тоқты – құрбандық» дейтін ежелден келе жатқан намысты жауға бермейтін ерік-жігерді айқын білдіреді. Ел басына күн туғанда елдік мүддені жоғары қоятын қазақ тектілерінің бейнелері әсіре қызылсыз беріледі.
Сатқындық пен опасыздық адам ғұмыр кешкен бейбіт қоғамда қылаңытып көрінбесе, «ер етікпен су кешкен» кезеңде қалтқыдай қалқып шыға келетіні бұл шығармада айқын көрініс береді. Шыбын жанын зобалаң уақытта шерге толтырып, сатқынның өз ішімізден шыққанына налитын самарлық Сібе болысы Мүбәрактың өлеңін жазушы жайдан-жай бермесе керек.
Қай заман – мына заман қутыңдаған,
Жақыннан дұшпан шығып,
тың тыңдаған...
Дүние-ай, сенімің жоқ, алмағайып,
Қояндай түнде жортып, бұлтыңдаған.
Сол сұрқай кезеңде «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейтін қанатты сөздің шындыққа айналғаны осы бір өлең мен романдағы Қазтай сұм сияқтылардың сатқындық іс-әрекетінен туғаны белгілі.
Сатқындық жайында қазақ арасында сирек айтылатын, жиіркенішпен еске салынатын оқиғалар бар болса да, толыққанды бейнелер сомдала бермеген. Көбіне жанама кейіпкер ретінде бейнеленіп отырады. Бұл романда Қазтай Іргебаев ауылда атқамінер һәм милиционер бола жүріп, өзінің нағыз сатқын кейпін көрсетеді. Сондай-ақ ел ішінен шыққан Ерболат милиционер де сатқындығымен сүйкімсіз болып, ақыры сүйегінің қайда қалғаны белгісіз күйде жым-жылас жоғалады.
Жазушы қазақ арасындағы сатқындыққа кешіріммен қарайтын халық мінезін көрсете отырып, ұлттың шөжіп, дәрменсіз болып, жасқаншақ күйге жеткенін де осы Қазтай Іргебаев өмірін сабақ етіп жазады. Автор халық аузында «Меркіт қырылған» атанып қалған сұмдықтың қанды құныкері Қазтай екенін анықтай отырып, сол найсапқа ер-азамат атаулының қол көтеріп, бір әрекетке бара алмағанын, ал опасыздықтың құрбаны болған жазықсыз жандар ұрпағы да бетіне басып айта алмай өткені туралы ашық айтпаса да, роман соңында оның тағдырының өз ауылында «әйкәпір» болып тұйықталуымен бітіреді.
Көкжарлы Көкжал Барақ батырмен рулас алтайлық Күркебай мергенмен алғаш рет айқасқа кіріп, адамды киікше атуға жүрегін суытқан Әлібай мерген ғұмыр бойы бір тал оғын «кіре» атаған мылтығы көмейіне тығып, оңашада кез бола алмай, елдің кегін қайтара алмай арманда өтеді...
Әлібай мергеннің өзі арғы беттен елмен бірге қайта келгенінде де соңынан түскен Қазтай Іргебаев құлғанадай қуып, Зайсанның қапасына қаматып, көзін жойып-ақ жібергісі келеді. Бірақ заман мен адам тайталасы бір тоқтамайтын уақыт атты құдіреттің көмегімен, оның ел үшін амалсыз шекарашылар мен атқамінерлерге оқ атқанына көздері жеткен аудандық сот ақтап жіберіп, мерген туған жерінен бұғалықтан қашқан жүйріктей сытылып, туған жерден тағы бой тасалап, шекараның арғы бетіне өтіп кетеді.
Тағдыр талайында тұрлаусыз ғұмыр кешкен есіл ер елі үшін жан аямай жанталаса күрескенмен, мұратына жете алмайды. Отарлық қамытын жаныштай кигізген кеңес одағы Әлібай секілді сұр мергендерді тірі қоймасы, тағдырларын баяғыда қарауылға байлап қойғаны белгілі еді.
Жазушы романында «Қара Ертіс болысы» болған Құмарбек Көпенұлының Зайсан мен Марқадан Алтай мен Сауырдың арғы бетіне ауған елмен кең тараған әні мен өлең жолын келтіреді.
«Дүние-ай! Дөңгеленіп өтер ме екен,
Бар қызық оралмасқа кетер ме екен?!
Аңырап, артта қалды қайран Алтай,
Күн туып, қайта айналып
жетер ме екем?!
Ей, Алқабел,
Қалдың-ау артта қайран ел.
Қара Ертіс, Қарабүйрек қайран мекен,
Сендерді қайта айналып, көрер ме екем?!
Адамдар басқа түспей білмейді екен,
Жалғанда жер сағынған қиын екен.
Туған жер, асқар Алтай тірегім-ай,
Зырқ етер орыс көрсе жүрегім-ай.
Қатпа тай, кәрі бие секіретін,
Қайтейін, Марқакөлім, Шүмегім-ай!
Мерген өлеңді оқып болып:
– Елді, жерді сағындырып, басымызды қақпақыл қылып ойнаған, қу заман-ай!.. Сөзіне қарағанда, бұл да Алтайдан жер ауып кеткен азамат болды ғой. Ол жақта «Құмарбек дейтін мықты ақын бар» дегенді естуші едім, бәсе-бәсе, болса болар, – деген Әлібай да тебіреніп».
Болыс Құмарбек пен мерген Әлібайдың бір-бірімен байланысы болғанын жазушы осы бір шағын штрихпен ашып кетеді. Оналтының опатты күндерінде Ресей патшалығының қорлығына көнгісі келмеген, кейін Кеңес коммунистерінің зорлығына қарсы келген қаншама ер-азамат Әлібай мен Құмарбек болыстай біржолата басқа босағаға бет бұрып кетті.
Іштей сұрқия мерездігімен, сырттай аяр «адамдығымен» көрініп бағуға тырысқан, қызыл коммунизм елесі билеген қоғамда еркін ойлы, ерікті істі адамдар үнемі бақылау мен көлеңкелі қапаста күн кешкені ақиқат. Ыңғайына көнбеген адамды мерез қоғамның мерген тағдыры ебін тауып опат қылатын. Мерген де осы мерездікті бек білетін. Жонын бермес арлан бөріше жалғыз жортқан ол ешкімге сездірместен бала-шағасымен бір-ақ күнде Шығыс Түркістан бетіне жылыстап үлгереді.
Ақыры сол жақта 1947 жылы есіл ер дүниеден өтеді... Ішінде ішмерез қызыл қоғамға деген кек тұнғанын, туған жерге деген зар-запыран мен туған елге деген құсаға толы сағыныш кеткенін бір құдай ғана біледі.
Қызыл қанға толы мерез қоғам елесінен арыла алар ма екенбіз?! Жаңа ғасыр көгінде де күннің қызыл арайымен таласа құбыла жақта құбамерген зымырандар зулай ағуда... Мерез қоғамның мерген тағдыры боп шаһид кеткендердің жылнамасы іспетті бұл роман.
Асқар АЛТАЙ,
жазушы, баспагер