• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2014

Түменнің түсі

676 рет
көрсетілді

 Әр заманның өкілі өзіне, яғни сол дәуірдің талабына тартып туатын секілді. Мысалы осыдан бір ғасырдай ғана бұрын ауыз әдебиетінің өкілдері аузын ашса түйдек-түйдек маржан өлеңі ақтарылып, жасын жырлары шұбыра төгілетін айтқыш болып келетін.  Айлап дайындалып, алдын ала алакүбің бапталмай-ақ, ұтыры келген жерде мағыналы, мәнерлі, мақамды жырын жосылта жөнелтетін дүлейлер мен сүлейлер қазақ даласының төрт тарабында да болды. Олардағы білім, суырыпсалмалық, ой ұш­қыр­лығы мен тапқырлық, тіпті аспапта орындаушылық шеберлік өздігінен, әрі қатар дамып, бірін-бірі ұдайы толықтырып, ақын-жыраудың немесе жыршының тұтас тұлғасын сомдап тұра­тын. Және бір қызығы, осы айтқыштардың көбінің «тегін адам» болмайтындығы... Өнертанушылардың ләміне сүйенсек, Маңғыстау жырда өзіндік мақамы, күйде ерекше екпіні бар өңір. Осылай дегенде, дәлел ретінде тілге Нұрым Шыршығұлұлы,   Абыл Тілеуұлы, Қашаған Күржіманұлы, Ақтан Керейұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Өскін­бай Қалманбетұлы, Түмен Балта­басұлы есімдері тізбектеле орала кетеді. Олардың қай-қайсы­сы да тек бір әншілік немесе жыр­­шы­лық, ақындық-жыраулық өнермен шектеліп қалмайды, небір кереметтердің иесі болып өткеніне тәнті боламыз. Кешегі «Қырымның қырық батыры» эпостық жырын таңды таңға ұрып жырлап, қазақ әдебиетінің алтын қорына мәңгілікке табыстап кеткен Мұрын Сеңгірбекұлының өзі әрі жыршы, әрі зергер, ұста, әрі ерекше жадтың иесі болғандығы таңғалдырады. Елді суырып салма ақындығымен, оны әдемі мақамға салып төгілте жеткізетін жыраулығымен ұйытып, көптің құрметіне бөленген, Құран оқып, араб-парсы, түрік тілдерінде кітап ашқан молда, өз бетінше жәдитше, латынша және орысша оқып-жазып үйренген көнекөз тарихшы Түмен ақынның жұрт жүгініп, халқы қастерлеген тағы бір қыры – алдағыны тап басып айтар көріпкелдігі мен дертке дауа дарытар емшілігі. Бұл қасиет Түмен ақынның  тағдыр-талайына да әсер еткен. ...Маңғыстаудың Қараойында тірлік кешіп, қара домбырамен өлең-сөзді серік еткен Түмекеңе бір кездері сол өнермен де, туған жермен де белгілі бір уақыт мөл­шерінде қоштасуға тура келе­ді. Күйеу баласы Мұсамен бірге Кас­пий арқылы Мақашқала беті­не барып паналайды. Күнелтіс қамымен жұмыс жасап, шаршап ұйықтайтын Түмекең бір күні жайсыз түс көріп оянады. Бір көргенде қатарынан екі жай­сыз түс көргенін іші жаратпай үнсіз отырады да, Мұсаға қарап әншейіндегі отты өлеңдей емес жәй, мұң басқан дауыспен тақ­пақтата жөнеледі. Маңғыстаудың ойында Қаратаудың бойында Бір қараторы арғымақ Арқанда тұрып азынайд, Әлгі тұрған жануар Қара құла қақ жарған Сыпыра селдір жалы бар, Қанжығадан аққан қаны бар, Қабырғасының қалы бар, Кекілінің асты кезең кетпейтін Бір бармақтай дағы бар, Айнала шауып кісінеп тұр екен, деп күрсініп бір тоқтайды. «Бұл неге көрінді екен?» деп үнсіз тыңдап отырған Мұса бастаған жолдастарына  қарап екінші көрген түсін тағы тізбектей жөнеледі: ...Және бір белін буған бес адам Бел, күрек, шоты қолында, Өздері хақтың жолында Құбылаға қараулы Салауат таспих санаулы Бұл не болар? – деп сұрақ тас­тай кідіреді. Түс жору оңай нәрсе емес, қаумалай қоршап, сөз тыңдап отырған жолдастары не дерге білмей үнсіз қалады да, Түменнің түс жоритындығы барын жақсы білетін Мұса: «Өзіңіз қалай жоры­дыңыз, Түмеке?» деп қарсы сауал тастайды. – Алдыңғы түсімдегі аттың тұрған тұрысы, жүрген жүрісі жақсылық емес, бір жаугершілікке көрінеді. Жаугершілікке көрінсе бұл оқиға бүкіл одақта тегіс болады, себебі әлгі арғымақ арқанды айналып шауып жүр, ал анау қанжығадағы қан, қабырғадағы қал, кекілінің астында кездей кетпейтін дақ – бұл елге түсетін орны толмайтын оқиғаның, қайғының белгісі... Ал, енді екінші түсімдегі белін буған бес адам... білмеймін, бес жылда сірә болмайды, елу жылдардың шамасында бір өзгеріс болар, меніңше...  Бірақ оған дейін кім бар, кім жоқ?!. – деп жориды Түмен өз түсін. Бұған дейінгі түстерінен түйгені бар, өз түсінің өзін еш алдамайтынына сенетін Түмен ақын осы түсінен соң-ақ қалың уайымға түсіп, еңсесін көтере алмайды. «Есің барда еліңді тап» деген, елге жетіп алуды дұрыс санайды да, Мұса мен өзге де еремін деген жолдастарды алып, 1940 жылы Маңғыстауға оралады. Бұл кезде Түмен  56 жаста екен. Келер жылы алапат соғыс бас­талып, Мұса әскерге алынады. Қан майданның ортасына екі рет кіріп, аман шыққан Мұса үшінші шайқаста жараланып госпитальға түседі. Емделіп жатып Түменге хат жазады. Хатында:  «Түмеке есіңде ме, баяғы Мақашқалада көрген түсіңіз осы соғысқа көрінген екен-ау. Мен екі рет соғысқа түсіп, үшіншісінде жараландым. Қасым­дағы жолдастарымның көбі өлді, жараланғандардың, жы­лап-сықтағандардың, дене мүшелерінен айырылып жарым-жарты болғандардың есебі жоқ. Адам көргісіз, жантүршігерлік жағдай сіздің көзіңізге дәл көрін­ген екен, оны және айна-қате­сіз жорып айтыпсыз. Мұндай нақты­лықты, тіпті, Гитлердің өзі де біл­мейтін шығар», деп жазады. Түменнің түсі мен оны жоруы және олардың Мұсадан келген хатта айтылуы ел арасына тез тарайды. Жұтаң ауыл, жүдеу адамдар. Азамат атаулы соғысқа аттанып, қиындыққа жегілген қыз-келіншек, бала-шаға. Қараша үйдің төрінде ақшам намазын оқып тұра берген Түмекеңе дауысын көтере амандасып үйге ауылдасы Өтек  кіріп келеді. Жабығынан жел азынаған ескі үйдің ішіндегі жарығы сығырая жалпылдаған шамға таяп, қонағына қараған Түмекеңе оның көк көзі өте суық, бәлесін түбіне бүккен зымиян көзқараспен қарап тұрғандай сезіледі. Әсіресе, қара өңді адамның көзінің көк болуы Түмен үшін тіпті ұнамсыз. Бірақ, үйге кірген жылан баласының басына ақ тамызып шығаратын қазақ, күнмен таласа келген қонағын қалай құрметтемесін?! Аман­дық-саулық сұрасып, төр­ге ша­қырып, бәйек болады.  Табал­дырықтан аттай бере қам­шы­сын керзі етігінің қоны­шына бойлата енгізіп, жүгі­ніп отыра кеткен Өтек  төрге озып, жайланып отыруды қажет ететін емес, тым асығыс. Оны-мұны сұрап, амандасу жөнін жасаған соң Өтек көп кідірмей: – Түмеке, Мұсадан хат келді дей ме? – дейді дегбірсіздене. Сосын «әй, әулиесің-ау, Түмеке, соғыс басталатынын Гитлерден бұрын өзің-ақ білген екенсің ғой!» деп әңгіменің шетін алысқа тас­тайды...  Біреу хат таниды, біреу танымайды дегендей, оның үстіне соғысқа кеткен туыстардың хал-жайын білмекке құштарлық бар майданнан келген хатты көрші-көлем, ауылдастармен бірге оқу немесе жиылған көпшілікке дауыстап оқып беру әдетке айналған. Бірден-бірге тараған хабар жете­гін­де келіп отырған қонағына Түмекең ештеңе ойламай хатты ұстата салады. Алдымен шамның түбіне үңіле сығырайған Өтек ежіктеп оқи бас­тайды да, «көзім анық көретін емес, ертең таң атқасын оқырмын» деп хатты қалтаға сүңгіте салып, жөнеле береді. Түн жамылып орталыққа аттан­ған Өтек Түмекеңді «молда, өзі Үкіметке жау, елді азғырып жүр» деп жамандап, дәлел ретінде хатты ұстатады. Бұған енді әлгі хат негізінде «түс көріп, соғыс болатынын болжау – өтірік. Демек, мұның шетелмен байланысы болған, неміс фашизмінің тыңшысы, сатқын» деген жалалар жабылып, бір күнде ауылына қызылжағалылар  сау ете қалады. Жаңа ғана шақырып алып араздасып, жаназасын шығаруды тапсырған көршісі Түйте ахун өзінің айтқанындай күн бата бере о дүниеге аттанады да, оның аманатын орындасымен Түмен бейіт басынан қызылжағалылардың алдына түседі. Бір молдасын жерлеп, екіншісін айдауға салып аңыраған халқына Түмен «бір әйел адамның себебі тиіп 6 ай шамасында елге ораламын, бақуатты болыңдар, күйремеңдер» деп қоштасады. Ішпей-жемей-ақ «қылмыскер» атанып, 15 жылды арқалап, Алматыдағы лагерь табалдырығын аттайды. Ел-жұрты «ақын» деп алақанына салып, «молда» деп құрмет­теп, «емші» деп әулие тұтқан, «ақсақал» деп ардақтаған Түмен­ге түрменің  сызды тұрмы­сы оңай тимейді. Суық тиіп ауырып, ауруханаға түседі. Түрме бастығының жабырқаулы жүзіне қараған Түмен «көп уайымдап, қапаланып жүр екенсің, қарағым. Бірақ, қуана беруіңе болады, оңынан оралатын іс екен. Сырқат адамыңды маған көрсет, дертінің емін айтамын, дауасы түседі» дейді. Қуанған түрме бастығы көпшілік көзінен тасалап, дерт меңдеп, әбден жү­деген талма әйелін әкеп көр­сетеді. Ленинград, Мәскеу қала­ларындағы осы қалай деген айтулы ғалым дәрігерлердің біразына қаратса да беті бері қарамай, дертіне шипа қонбай, өмір мен өлім арасында талықсып жатқан әйел Түменнің емінен соң көп ұзамай құлан-таза айығады. «Жақсылыққа жақсылық» дегендей, қуанышында шек болма­ған түрме бастығы Түменге көмек­те­се­ді. Қолына «ақталды» деген құжат ұстатып, жолына керек-жарақ, қаражат беріп, Маң­ғыстауға шығарып салады. Елден кетерінде «әйел адамның себі тиіп, қайтып ораламын» дегені дәл келген Түмекеңнің әулие­лігіне халқы тағы тәнті болады. Түмен ақынның аталас ағайыны, дәулескер күйші С.Шәкірат «ертеректе бір кісі ауырып, Түмекеңе барады. Теңізді қақ жарып жүріп өт, дейді оған емші. Жан үшін адам не істемейді, әлгі кісі кеме­дегілерге ілесіп, Каспийдің арғы бетіндегі бір елге барып-келеді. Содан соң-ақ, жанын маза­лаған дерті сап тыйылып, көзі ашылады» деп еске алады. Халық арасында Түмен Балтабасұлының шығармалары кең тараған. Өлкетанушы ғалым Қ.Сыдиықұлы зер сала зерттеп, қалың оқырманға табыстаған шығармалары одан беріде бірнеше жыр жинақтарына енді. Ақындығы мен жыраулығы өз алдына үлкен бір әңгіменің арқауы, ал біздің айтпағымыз – Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толу мерекесі қарсаңында, оның зардабын елде жатып тартқан қарттың адам айтса сенгісіз қасиетін әңгімелеу болды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.