Еліміздің әр өңірінде өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті заманауи өндірістерді дамытып, инвестиция тарту мақсатында арнайы экономикалық аймақтар құрылғаны мәлім. Жаңа технологияларға сүйенген олардың халыққа жұмыс беруде де алар орны бөлек. Онда инфрақұрылымы толық, инвесторлар үшін жеңілдіктер қарастырылған бизнес-климат тартымды болуға тиіс. Елде осындай 13 арнайы экономикалық аймақ бар. Соның бірі – Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы.
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында инвест-жобаларды сәтті жүзеге асырған 9 кәсіпорын бұл күні өнімдерін экспортқа батыл бағыттап отыр. Ал 2025 жылға дейін бұл арада тағы 12 өндіріс орны іске қосылады. Инвест-жобалар арасында басымдық металлургия және қайта өңдеуге беріліп келеді. Жария етілген деректерге сүйенсек, жалпы бұл арнайы экономикалық аймақ ашылғаннан бергі құйылған инвестицияның көлемі 150 млрд теңгеден асып жығылады. Дәл осында импортты алмастыратын өндірістер де іске қосылып, кәсіпорын желісін ұлғайтуға кіріскен.
Импортта тәуелділікті азайтуға ұмтылған өндірістің қатарында «Алтын Арна Geosynthetics» ЖШС-ның геомембрана және «Polyment Solutions Corporation» ЖШС-ның резеңкеметалл қаптамалар шығаратын зауыттары бар. Зауыт өнімдері нарықта сұранысқа ие.
Ал геомембрана деген не? Бұл – су өткізбейтін синтетикалық кенеп. Ол тығыз, әрі ылғалға төтеп береді. Тозуы да өте баяу жүретін материал. Яғни төзімділігі мен оқшаулаудағы қасиеті жоғары. Оны қалдықтарды, өзге де зиянды заттарды оқшаулауда пайдаланады.
Осындай геомембрана шығаратын зауытта 50 адам еңбек етеді. Жаңа желі іске қосылғанда тағы 10 жұмыс орны ашылады. Зауыт басшылығының айтуынша, өнімнің экологияға еш зияны тимейді. Зауыт бүгінде айына 450 тонна геомембрана шығарып келеді.
– Біз шамамен айына 450 тонна геомембрана өндіреміз. Олар құрылыста, кен орындарында қалдықтарды оқшаулауға, жасанды тоғандар мен мал қорымдарында қолданылады. Бұл – сапасы 50 жылға жететін сыртқы ортадан 100 пайыз оқшаулауға мүмкіндік беретін өнім. Қазақстанда мұндай өнімге сұраныс жоғары. Біз импорт алмастыратын осындай өнімді шығаруға бел будық, – дейді компанияның бас директоры Юрий Игнатов.
Өнім Қазақстанның ішкі нарығын ғана жауып қоймады. Сонымен бірге Өзбекстан мен Ресейге эскпортталады. Негізі, аталған компания Қазақстандағы геожасанды өндірісте көш бастап тұрса керек. Компания алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлауда. Шикізат Ресей, Иран елінен келеді. Өнім ішкі нарықты қамтиды. Сонымен қатар директор Ресей, Өзбекстан елдеріне жеткізу үшін келіссөздер жүріп жатқанын айтты.
«Polyment Solutions Corporation» ЖШС негізінде резеңке және резеңкеметалл қаптамаларды шығарады. Бұл тау-кен өндірісіндегі диірмендерді қаптауда қажет дүние. Компания Қазақстан нарығында 2014 жылдан бері өнім өндіреді. Өндірістің басты тұтынушылары «Казминерал», «Қазақмыс», «Қазақ алтын», «Алтын алмас» компаниялары болса, осы жылдан бастап, Ресейдің компанияларымен келісімге келуде.
– Бізде қазір негізгі желі резеңке және резеңкеметалл қаптамаларды шығарады. Ал келесі жылы болат қаптамаларды шығаратын екінші желіні іске қоссақ дейміз. 55 адам еңбек етеді, – дейді компанияның бас директоры Қуандық Қазанғапов.
Бас директордың айтуынша, мұндай озық технологиялы зауыт Қазақстанда бірегей. Оның елде баламасы жоқ. Құрал-жабдықтары Германия, АҚШ, Италия, Франция және Қытайдан жеткізілген.
– Бір айда екі жиынтық шығара аламыз. Жалпы, 2-ден 10 жиынтыққа жеткізуге мүмкіндік бар. Ол үшін қосымша құрал-жабдық алып жатырмыз. Келесі жылы жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеміз. Өнімнің негізі – резеңке мен металл, – дейді Қуандық Қазанғапов.
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы 2011 жылы ашылды. «Сарыарқада» бүгінде 750 адам еңбек етеді. Аймақ жұмысын бастағалы бюджетке 16 млрд теңге көлемінде салық түсті.
– Аймақ 948 гектар аумақты алып жатыр. 345 гектары өткен жылы Үкімет қаулысымен қосымша берілді. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Қалған 600-ден астам гектарда инфрақұрылым толық бар. Оған инфрақұрылым тарту үшін мемлекеттен 20 млрд теңгеден астам қаржы құйылды. Қазіргі таңда аймаққа 21 қатысушы тіркелген. 9 жобасы сәтті іске асты. Оның 6-ында шетелдік инвестор инвестиция құйды, – дейді «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы төрағасының орынбасары Иван Игнатушенко.
Сонымен «Сарыарқаның» инвест-портфелі толық. 600 гектар аймақ бүгінде кәсіпорын ашу үшін инвесторларға толық берілген. Алдағы жылдары қосымша бөлінген 345 гектар аумаққа жаңа инвест-жобалар тартылатын болады.
Қарағанды облысы