• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2022

Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілді?

412 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламенті еліміздің Салық кодексіне енгізілген түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров атап өткендей, түзетулердің бірінші блогы еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға қатысты. Оның айтуынша, бүгінгі күні еңбекақы төлеу қорынан әртүрлі мөлшерлемелермен, есептеу базаларымен бірнеше төлемдер төленеді.

«Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылады. Оны арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданады. Сома бірыңғай жиынтық төлем механизміне ұқсас бөлінеді», деді Әлібек Қуантыров.

Осылайша, бірыңғай төлем жалақыдан салықтар мен төлемдерді есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Түзетулердің екінші блогы салалық заңнамадағы өзгерістерге байланысты. Заң жобасында Конституциялық сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баждар белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын салықтан босату ұсынылады.

Келесі норма отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған. Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезінде ҚҚС-ты 70%-ға төмендету бойынша норма ұсынылды. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіретін шаруашылықтар қолданады.

«Қант өндірісін ынталандыру мақсатында қамыс шикізатының импортын ҚҚС-тан босату, сондай-ақ қант өндірушілерге ҚҚС жеңілдіктерін қолдану мерзімін ұзарту ұсынылады», деп қосты Ұлттық экономика министрі.

Айта кетсек, заң жобасында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісіне қызмет көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.

Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі.

Бұдан басқа, жаңа түзетулермен чекті бермеу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу кезінде салықтық тәуекелдер алынып тасталады.