• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Қараша, 2022

«Бизнес бастау» – кәсіпкерлікке жол

319 рет
көрсетілді

Бүгінде Астананың дамуы кәсіпкерлік саласымен тығыз байланысты. Әсіресе, «Кәсіпкерлер қаласы» атанған елорданың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасынан шағын және орта бизнестің оң көрсеткіштері байқалады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арт­тырған кәсіпорындарға қолдау көрсе­тіледі. Бұл – негізгі талап» дегені есі­мізде. Содан бері Астанадағы аталған сала жұмысына жан біткендей. Мәселен, бүгінде елордада 196 мың шағын және орта бизнес өкілдері белсенді жұмыс істесе, бұл көрсеткіш қала дамуын респуб­лика бойынша 2-орынға шығарып отыр. ШОБ саны 2021 жылмен салыстырғанда (163 мың) 20%-ға өсті, кәсіп бастаған бұл орындарда 444,3 мың адам жұмыс істейді. Олардың арасында қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету, құрылыс, медицина, білім беру және тағы басқа салалар бар.

Елорданың бизнес ахуалын одан әрі жақсарту тетіктері күн тәртібінен түспей келеді. Инвестициялар және кәсіп­керлікті дамыту басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Қуаныш Кәдірдің айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында ШОБ тауарларын шығару 4 836,9 млрд теңгені құраған. Бұл – 2021 жылдың қорытындысы бойынша 8 853,4 млрд теңге. Сондай-ақ ол 2022 жылғы қаңтар-маусымдағы жағдай бойынша ШОБ субъектілері 4,8 трлн теңгені құрағанын, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру ШОБ-ты дамытуға елеулі үлес қосқанын, ұлттық жоба шеңберінде қаржылық шаралар арнайы тетіктер арқылы қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Бүгінде мемлекет тарапынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» аясында кәсіпкерлікті қаржылық қолдау ретінде айтарлықтай тетіктер қарастырылған. Біріншіден, кәсіпкерлер үшін субсидиялау ставкаларының түпкілікті мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетуді қарастырады. Яғни 5 жыл мерзімге дейін субсидияланатын несиенің ең жоғары сомасы – 3 млрд теңге. Сондай-ақ 4 жыл ішінде кәсіпкерлердің қолдау тапқан жобаларының саны 4 есеге өскен. 2019 жылы 172 кәсіпкерге қолдау көрсетілсе, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бо­йынша 876 жоба сәтті жүзеге асырылған.

Екіншіден, несиелерді ішінара кепіл­дендіру ісі де ілгерілеп келеді. Бұл ретте жұмысын жаңа бастаған ШОБ субъек­тілері үшін – 85%, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері үшін 50% басымдық беріледі. Кепілдендірілген ең жоғары сома жаңадан бастаушыларға 360 млн теңгені құраса, бұрын бастағандар үшін – 1 млрд теңге. Мәселен, 2019 жылдан бастап кәсіпкерлердің 2,5 мың жобасына кепілдік берілсе, жобалар саны 6 есеге өскен (2019 жылы – 115 жоба, 2022 жылы – 844 жоба).

Үшіншіден, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін конкурстық негізде 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі. Мұндағы жаңалық – әлеуметтік осал топтар үшін 10% қоса қаржыландыру талап етілмейді.

«Жалпы, елордалық шағын бизнес субъектілерінен бүгінде 1 891 өтінім келіп түсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,6 есеге көп (335 өтінім). Оның ішінде 918 өтінім конкурстық комиссия алдында қорғауға жіберілді, бұл 2021 жылдан 5,2 есеге артық (177 өтінім). Олардың барлығы мемлекеттік гранттар беру қағидаларының шарттары мен талаптарына сәйкес келді. Мәселен, 291 өтінім халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерден келіп түсті. Жобаларды қарау нәтижесінде конкурстық комиссия гранттар беруге 135 жобаны ұсынды. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Оның ішінде 28 жобаны халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлер және 27-сін жас кәсіпкерлер ұсынып отыр. Гранттар беру ережелеріне сәйкес, қарастырылған бюджет қаражатының 20%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарының жобаларын қолдауға бағытталады. Биыл өтінімдер 1-15 сәуір аралығында қабылданып, 1,8 мыңнан аса өтінім түсті. Нәтижесінде, байқау комиссиясы тарапынан кәсіп­керлердің 133 жобасы қолдау тапты», дейді Қуаныш Нұртасұлы.

Сонымен қатар 2015 жылдан бас­тап әкімдік «Даму» қорымен бірлесіп, ШОБ-ты, оның ішінде сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану сияқты басым емес салаларды мемлекеттік қолдаумен барынша қамту мақсатында «Астана Бизнес 2» жеңілдікпен несие берудің жергілікті бағдарламасын іске асыруда. Несиелер екінші деңгейдегі банктер арқылы беріледі. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі үшін кредиттің ең жоғары сомасы – 100 млн теңге, жаңадан бастағандар үшін – 50 млн теңге. Несие мерзімі – 7 жылға дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 7%.

Шынында кәсіп ашып, жаңа бизнес-идеяларды іске асырғысы келетіндерге мүмкіндік мол. Әсіресе, портал арқылы грант алуға өтініш бергендер тиісті шарттарды орындау үшін кәсіпкерліктің есігін еркін ашуына болады. Осы орайда Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл кәсіпкерлікті өркендету жолында басқа да бірқатар тиімді жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтқан еді.

«Әкімдік тарапынан бизнес өкіл­деріне жүйелі қолдау көрсету үшін бірқатар іс-шараны жүзеге асырдық. Бизнесті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың айтулы тетіктерінің бірі – «Astana ӘКК» АҚ қызметі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін, арнайы экономикалық аймақ аумағында «Astana Invest» және индустриялық парк арқылы жеңілдікті преференциялар беруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар дағдарыс кезеңінде ерекше және маңызды рөл атқарды», дейді қала әкімі.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес нысандарына инженерлік желілер жүргізу бойынша да қолдаулар аз көрсетіліп жатқан жоқ. Мәселен, бизнес шығындарын азайту және қолдау үшін қажетті инфрақұрылым жасалып, бүгінде «iQala» қалалық қызметтер орталығы, инвесторларға арналған «Astana Invest» фронт-кеңсесі және тағы басқалар табысты жұмыс атқаруда.

Елорданың кәсіпкерлік әлеуетінің дамуына «Бизнес бастау» бағдарламасы­ның септігі мол. Бағдарлама бойынша 2021 жылы 1 312 адам курстан өтсе, сон­дай-ақ кәсіпкерлік негіздері бойын­ша колледждердің 1 200 студенті, уни­вер­ситеттердің 1 500 студенті білім алған. Бұл кәсіпкерлік негіздеріне оқы­ту жұмыспен қамтудың 2020-2021 жыл­дарға арналған жол картасы аясында, яғни «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша жүргізілсе, енді 2022 жылдан бастап оқыту https://skills.enbek.kz порталы арқылы ұйымдастырылып жатыр. Қазіргі кезде оқу курстарынан өтуге 3 мың адам өтінім беріп, оның ішінде 2 399 адам оқуын сәтті аяқтаған.