• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қараша, 2022

Мал дәрігерлеріне мәртебе керек

526 рет
көрсетілді

Осы Ауыл шаруашылығы министрі мал дәрігері деген мамандардың барын біле ме екен? Қысы-жазы төрт түліктің соңында салақтап жүрген мал дәрігерлерінде не мәртебе, не мардымды жалақы жоқ. Білесіздер, малдан шыққан індет адамға тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан да шығар, «дәрігер адамды, мал дәрігері адамзатты емдейді» дейді. Дегеннен не пайда?! Ветеринарияның берекесі кетіп тұрса...

Өткен аптада Абай облысына қарас­ты Көкпекті ауданына барғанбыз. Ауыл шаруашылығы әлеуетті ауданның эконо­микалық даму қарқыны, әлеуметтік әл-ауқаты жаман емес дер едік. Деген­мен өзге өңірлердегідей үлкен проблема­сының бірі – мал дәрігерлерінің жетіс­пеушілігі. Жетіспейтін жөні де бар. Тобықтан қи кешіп, қора-қораны аралап жүргісі келетін жастар қайда?! Оның үстіне, көңіл көншітер жалақы да, жұмыс істеуге жағдай да жоқ. Қордаланған мәселені шешу үшін ветеринария саласын тез арада реформалау керек. Бас­қа амал жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Вете­ринария жүйесін реформалау бойынша шаралар қабылдануы керек. Мал басының амандығы тиімді жұмысқа байланысты. Сондықтан қажетті мамандарды дайындау ветеринария қызметі сапасын арттырып, жүйелі жұмыстардың орындалуына серпін болмақ» деген еді. Бірақ тиісті басшылар Жолдауда айтыл­ған тапсырмаларды орындады ма? Жоқ. Орындалса, аудан-аудандағы мал дәрігерлерінің тоз-тозы шығып жүрмес еді ғой.

Жыл сайын  бұл мамандық бойынша 1 200 адам диплом алғанымен, олардың тең жартысы басқа жұмыс іздеп кетеді. Себебі мал дәрігерінің еңбекақысы аз, материалдық жағдайы жұтаң. Саланы жақсарту үшін 2020 жылдан бастап облыстық бюджеттен қаржыландыруға ауыстырылған. Одан соң да жағдайы оңалмады. Оған дәлел, Көкпектідегі ветери­нарлардың жағдайы. Жо-жоқ, мал дәрігерлерінің материалдық базасы Көкпектіде ғана жұтап жүрген жоқ, айтып өткендей, барлық ауданға тән проблема.    

– Үй-үйді аралау үшін үкіметтен берілген көлік жоқ. Округ бойынша жалғыз «Нива». Округте бес ауыл бар. Көлігі барлар өз көліктерін мінеді. Өзім жаздың күндері жаяу аралап қан аламын, екпесін жасаймын. Зейнетте болсам да жұмыстан қол үзген жоқпын, – дейді қырық жылдан астам ветеринар болып жүрген Қизат Түсіпжанов. 

Көмектеспеске амал жоқ. Жастар жағы мал емдеуге жоламайды. Жалпы, Көкпектіде 12 ветеринар  болуы  керек болса,  қазір 6-7 маман ғана жұмыс істейді. Әр маман аз дегенде 4-5 ауылдың малына қарайды. Елестете беріңіз. Қырық жыл мал дәрігері болған маманның айтуынша, бұл салада шешілмеген мәселе шаш етектен. Басқасын айтпағанда, қан алуға арналған қарапайым иненің өзі сапасыз. Сондықтан қалталарынан тиын шығарып, өздері сатып алуға мәжбүр. Тағы бір айта кетерлігі, малды қамап қан алуға, екпе жүргізуге арналған қоршаудың жоқтығы. Қоршау жоқ емес, бар. Бірақ ветеринарияның талаптарына сай емес. Арнайы барып, ауыл шетіндегі қоршауды да көрдік. Алқам-салқам.

– Бұл жердің жалпақтығы 70 сантиметр болуы керек еді. Ешкіммен ақылдаспай, өз білгендерімен салып кеткен. Қан алуға немесе екпе жасауға өте қолайсыз, – дейді зейнеткер ветеринар.

Келісіп пішсе, тон келте болмас еді. Темір-терсекпен айқыш-ұйқыш қоршалған қоршаудың бір жылға жетпей жұлма-жұлмасы шыққан. Қолайсыз жерде мал егіп жүрген ветеринарлар бірнеше рет жарақаттанып та қалған. Бі­рақ өндірістік жарақат алдық деп арыз­данған емес. Ауыл үшін деп еңбектеніп келе жатқаннан басқа бөтен ойлары жоқ. 

– Жалпы бір ауылға бір қоршау жетеді. Ал Көкпекті сияқты ауылдық округте малды бір ауылдан екінші ауыл­ға айдап әкеле алмайсың. Бізге Көкпекті округіне үш қора керек. Кейбіреу өздері лекерлеп жасаған болады. Алайда мал дәрігеріне алаңсыз қанын алып, екпесін жасайтындай жағдай керек, – дейді мал дәрігері Бауыржан Сарманов.  

Ветеринарлардың айтқан проблемалары аз емес. Арнайы киім-кешек те жоқ. Иә, жоқтан басқа не айтады?! Сондықтан да, білікті мал дәрігерлері үшін жеке шаруашылықтарда еңбек еткен тиімді екен.

Рая Әйкенова бұрын Жарма ауданын­дағы ауылдардың бірінде ветеринар болыпты. 15 жыл бұрын өңірдегі ірі агро холдингке ауысып кеткен. Қырық жыл осы салада еңбек етіп, зейнетке шықса да өзінің мамандығынан қол үзгісі келмейді.

– Жеке шаруашылықта жұмыс істеп жүрміз. Жұмыс орнымыз жақсы. Ал мемлекеттік мекемеде жүрген мал дәрі­гер­лері қиналады. Оларда мынадай еркіндік жоқ. Жұмыс істеу үшін жағдай да жасалмаған, – дейді Рая Әйкенова.

Біз бас сұққан бұл кешенде 60 сиыр күндіз-түні жемделіп, сауылады. Оларға кемі екі ветеринар қарайды. Енді қараңыз; бір ауылда мың сиыр болса, оған 4-5  мал дәрігері ғана қарайды. Жекеменшік пен мемлекеттік қызметтің арасындағы айырмашылықты осыдан-ақ байқауға болады.

Көп ауылдағы ветеринарлық бөлім­дер­дің аты бар да, заты жоқ. Техни­калық базаның жаңармағанына 10 жыл болған. Мамандардың көбі өз көліктерімен жүреді. Ал облыстағы ветеринария саласына жауапты басшылар мемлекеттік  қадағалау, бақылау мен ветеринарлық қызмет көрсетуді бір мекемеге біріктірген жөн деседі.

– Ветеринарлық басқарма жергілікті бюджеттен қаржыландырылса, мемлекеттік бақылау, қадағалау коми­теті рес­публикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылады. Соны біріктіріп, бір ғана басшы басқарғаны дұрыс, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ертай Батхолдин.  

Ветеринар мамандар ауыл шаруа­шылығы саласында еңбек еткенімен, мәртебесін айқындайтын нақты заң әлі жоқ. Сондықтан олар әлеуметтік жағынан қорғалмай келеді.

«Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатырмыз. Президент ауылға көңіл бөлу керектігін айтып қуантты. Оның үстіне еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс деді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде қолға алсақ, ветеринарлар да назардан тыс қалмаса екен дейміз.

 

Абай облысы