• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ғылым 29 Қараша, 2022

Зоотехник мамандығы келмеске кете ме?

835 рет
көрсетілді

Ежелден мал шаруашылығының мәселелерімен тікелей айналысатын негізгі екі мамандық – зоо­техник пен мал дәрігері. Қазіргі заманда мал дәрігеріне сұраныс көбеймесе, азайған емес. Ол түсінікті. Өйткені мал ауырмай тұрмайды, шығын болып тұрады, оның алдын алу керек, емдеу керек. Ал зоотехник мамандығы бүгінде елеусіз қалды.

Бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Алдымен мамандық атауына келейік. Зоотехния (ежелгі грек тілінде – «жануар, тірі жан» және «өнер», «шебер­лік» деген мағынаны береді) – ауыл­шаруашылық жануар­ларын өсіру, азықтандыру, күтіп-баптау және олар­дан ең аз шығынмен барынша жоғары сапалы өнім алу үшін оларды дұрыс пайдалану туралы ғылым. «Зоотехния» – мал шаруашылығының ғылыми негізі ретінде сонау XVII ғасырда пайда болған. «Зоотехния» терминін айналысқа 1848 жылы француз ғалымы Жоржем Бодеман енгізген. Осы саланың негізгі жұмыс бағыты – ауыл шаруашылығы малдарын өсіру, ұстау, азықтандыру және сапасын бағалау, зоогигиеналық талаптарға сәйкес жануарларды қорада және жа­йылымда ұстауды ұйымдастыру, мал тұқымын асылдандыру және пайдалану, мал шаруашылығы өнімдерін сату және өткізу. Ал бұл жұмыстармен айналысатын зоотехниктің міндетіне өндірістік технологиялық үрдістерді ұйымдастырып, малдың белгілі бір түрін өсіруден барынша экономикалық табыс алу кіреді. Ол маман ретінде ауыл шаруашылығы малдарына қажет жемшөп базасын қалыптастыруға, оларды күтіп-баптауға, өсіруге оңтайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар селекциямен айналысады, мал шикізатынан алынатын өнімдердің сапасы мен өндіріс кезеңдерін бақылайды.

Қазақстанда Алматы мен Семейдегі зоотехникалық-малдәрігерлік инсти­тут­тарындағы зоотехникалық фа­культеттерін бітірушілерге 1975 жыл­ға дейін диплом бергенде «ғалым-зоотехник» деген біліктілік берілді. Осыған орай ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, басқармаларында штаттық бірлікте «зоотехник» деген мамандық енгізілген еді. Бұдан кейінгі жылдарда заман ағымына орай факультеттер «зооинженерлік» болып өзгеріп, «зооинженер» деген біліктілікпен дип­лом берілді. Бұл да болса бастапқы түбірінен, негізінен алшақ емес.

Жоғарыда атап өткендей, зоотехник мал шаруашылығы өндірісінің бас­ты ұйымдастырушысы, малдың есеп-қисап, қозғалысын жүргізіп, бақылап қоймай, негізгі технологиялық процестерді үйлестіруші, басқарушы қызметтерін атқаратын. Осыған орай көптеген кеңшар-ұжымшарлар, аудан­дар мен облыстардың басшылары­ның мамандықтары зоотехник еді. Республика деңгейінде Ауыл шаруа­шылығы министрлігінде де басшы министр лауазымын атқарған адамдар аз емес. Мысалы, кеңес заманында А.Мәмбетов, Ә.Елеманов, В.Субботин, М.Моторико, ал тәуел­сіздік жылдары – Балташ Тұрсым­баев, Серік Үмбетов, Асқар Мырзах­метов. Өнімділігі жоғары жаңа мал тұқымдарын шығарған атақты селек­цио­нер ғалымдар, академик, профессорлар – өз алдына бір шоғыр.

Зоотехния бойынша оқып, зоотехник мамандығын алып шыққан мыңдаған адамдар арасында басқа сала бойынша да жоғары жетістіктерге жеткен әлемге әйгілі адамдар шықты. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров, әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов, «ОРТ/Бірінші канал» бас директоры К.Эрнст және т.б. Сондықтан болар, көпшілігіміз осы мамандықты таңдағанымызға мақтан­басақ, өкінбейтінбіз. Алайда қоғамның дамуына, экономиканың өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан осындай мамандықтың басына қара бұлт үйіріледі деп кім ойлаған?

Нарықтық қатынастар басталып, нарықтық экономикаға көшкен кезде жаппай шетелге еліктеу басталды. Соның бірі мамандыққа байланысты: бизнес, менеджмент, маркетинг, биотехнология, нанотехнология, логистика, агроменеджмент деген жаңа атау­лар төрге шыға бастады. Өкінішке қарай, біздің төл атауымыздай болып кеткен «зоотехния» атауы Қазақстан нарықтық қатынастарға көшкеннен соң өшуге айналды. Басшыны да, қосшыны да «менеджер» деп атау сәнге айналды. Өткен ғасырдың соңына таман біздің жоғары оқу орындары да бітірушілерді «мал шаруашылығының менеджері» деген біліктілікпен шығара бастады. Жоғарыда аталған екі институттың қабырғасы шайқалып, Қазақстанда алғашқы құрылған жоғары оқу орнының бірі – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын (АЗМИ, 1929) Қазақ ауыл шаруашылығы институтына қосса, Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтын (СЗМИ, 1952) мұғалімдер мен технологтер да­йындайтын институттарымен біріктіріп, «Семей» университетін құрып, тіпті қойыртпақ жасады. Факультет атау­лары болса сан рет өзгерді. Қазіргі жағдайға келсек, бұрынғы АЗМИ негізінде «Технология және биоресурс­тар» мен «Ветеринария» факультеттері құрылса, СЗМИ негізінде тек бір ғана «Ветеринария және агроменеджмент» факультеті ғана бар. Бұрынғы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы инс­титуты, бүгінгі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институты», ал Ақмола ауыл шаруашылығы институты кезіндегі зоотехниктер даярлаған технологиялық факультет те келмеске кетіп, қазір С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіндегі «Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы» факультеті құрамында. Байқасаңыздар, бір жерде де зоотехния, зоотехник деген атау кездеспейді. Алға жалаулатып ветеринарияны шығардық.

Бұл деңгейден түсіп, мамандық пен біліктілік атауларына келейік. Жаңа ғасыр басталған соң бастапқыда жоғары оқу орындарында студенттерді «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу», ал қазір «Мал шаруашылығы» деген білім беру бағдарламасымен даярлауда. Ал диплом алғандағы біліктілігі – «Ауыл шаруашылығы бакалавры». Ал түсініп көріңіз. Өйткені ауыл шаруашылығының ауқымы өте үлкен. Толып жатқан мамандық иелері даярланады. Сондықтан біліктілігінде неге тікелей мал шаруашылығы маманы екені айтылмайды? Мұндай жағдай түбірімен дұрыс емес деп есептейміз. Өйткені көрші мемлекет Ресейді қараңыз. Онда зоотехния, зоотехник атауларын сақтап қалды. Жоғары оқу орындарында мал шаруашылығына қажетті мамандарды «зоотехния» факультеттерінде оқытып, «зоотехник» деген біліктілікпен дип­лом беріп жатыр. Іргедегі ағайынымыз К.Скрябин атындағы Қырғыз аграрлық университетінде де зоотехния маман­дығы жойылған жоқ.

Жалпы, зоотехния мамандығына байланысты жағдайды, біліктілігін ретке келтіруге байланысты респуб­ликамыздың жоғары оқу орындарындағы мал шаруашылығына кадрлар даярлайтын кафедралар талай рет нақтылы ұсыныстарын жібергенін айтқан жөн. Бұл жағдай туралы республикаға белгілі қаншама ғалым жазды. Алайда бұрынғы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау таппады. Ал ендігі үміт, мәселені шешу – бүгінгі басшылық ететін Ауыл шаруашылығы министрлігі және үйлестіруші «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құзырында.

Сонымен, республикадағы жоғары оқу орындары мазмұны жағынан зоотех­ния талаптарына толықтай сай келетін білім беріп жатқанмен, ма­манға берілген дипломдағы білік­тілік атауы мүлдем қиыспайды. Шы­ға­­рып жатқандарымыз заты бар да, аты жоқ мамандық иесіне айналды десек артық айтқандық бола қой­мас. Сондықтан да қазіргі ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруашылықтарда зоотехник деген мамандық штаттық бірлікке кіргізілмеген деуге толықтай негіз бар.

Мәселенің екінші және басты жағы – жоғары білімді мамандардың жұмысқа орналасу жағдайы. Диплом алып шыққан мамандардың біразы ірі кәсіпорындарға орналасады. Олардың арасында құс фабрикалары, облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы басқар­малары, республикалық асыл тұқымды мал палаталары, ірі ЖШС мен шаруа қожалықтары бар. Алайда оларда мамандарға орын көп емес. Сондықтан жас мамандардың көпшілігі жұмысқа орналаса алмай, басқа салаларға кетуге мәжбүр. Ал республикадағы көптеген орта және шағын шаруашылықтар жоғары білікті мамандарды жұмысқа қабылдауға шамасы келмейді. Өйткені оларға жақсы жалақы тағайындау, әлеуметтік жағдайлар (үймен қамтама­сыз ету және т.б.) жасауға олардың қаржылық мүмкіндіктері сай емес. Осы­дан келіп шаруашылықтардың көбі ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағу, азықтандыру, мал тұқымын асылдандыру, тиімді пайдалану мәселелерімен өздері айналысуда. Мұндай жағдайда, яғни арнаулы білімі жоқ, біліктілігі жоғары маман болмаған соң, алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізу, малдың тұқымдық және сапалық көрсеткіштерін талаптарға сай дәрежеге жеткізу қатардағы адамға қиын. Сондықтан малдың өнімділігі де төмен болып келеді.

Осыған орай қалыптасқан мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынамыз:

– Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жоғары оқу орнын бітірген зоотехник мамандарды мақсатты түрде жұмысқа орналастыру. Мүмкіндігі төмен шаруашылықтарға барған мамандарға жағдай жасау (жалақы төлеу не субсидиялау, үй жағдайына көмектесу және т.б. );

– Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық, аудандық басқармаларының жанынан малдарды күтіп-бағу, азықтандыру, мал тұқымын асылдандыру, тиімді пайдалану мәселерімен айналысатын арнаулы штаттық бөлімдер ашу (зоотехникалық қызметтер көрсететін топ).

– «Зоотехния» мамандығын қайтадан қалпына келтіру, зоотехник біліктілігін, атауын қайтару қажет.

Көпшіліктің көкейінде жүрген талап-тілегіміз, ұсынысымызды жүзеге асыру аса қиын мәселе емес деп ойлаймыз.

 

Өмірзақ СҰЛТАНОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент