Қоғамда «Неге заңды өзгерте береді?» деген пікір жиі айтылады. Заман құбылған сайын заңдардың жаңа сипат алуы заңдылық. Оның ішінде БАҚ саласында да сәт сайын жаңашылдықтар болып жатыр. Бұл – әлемдік үрдіс. Өзгерістерге біздің заңдардың ілесіп жүруі – өмір талабы. Салада дұрыс заң қабылдайынбайынша жүйелі жұмыс жүргізіледі деу қиын. Қазіргі алмағайып заманда қоғамды жалған емес, нақты ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Оның артында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр.
Бүгінде ақпарат тарататын технология да, адамдар да көп. Бұрын журналистердің ғана жұмысы сияқты көрінетін, қазір ауылдағы қарапайым етікшінің өзі, тіпті әлемнің бір түкпірінде отырған адам да еліміз жайлы ақпарат тарата беретін болды. Блогерлерді журналистер ретінде қабылдауға болмайды деп есептеймін. Ақпараттың тасқыны көбейген заманда «Ақпарат таратушы кім?» деген сауалға жауап табу үшін заңға сүйенеміз. Арпа мен бидайды араластырмау үшін, журналист кім, блогер кім, мұның бәрін нақтылайтын бап жаңадан қабылданатын заңда көрініс табуы керек.
Ұзақ уақыт бойы талқыланып келе жатқан мәселе – журналистердің мәртебесі. Бұл тақырып «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінде өткен кездесулерде жиі талқыланды. Әдетте мұғалімдер, дәрігерлер баспана алу кезінде белгілі бір жеңілдіктерге ие болады. Ал журналистер ондайға ілікпейді де. Өзге де әлеуметтік проблемаларды шешу үшін журналистердің мәртбесі заң жүзінде реттелуі керек.
Жаңа заңда журналистердің ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтетін жаңа баптар енгізілуі керек деп есептеймін. Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне кері әсер етпейтін ақпараттар болса, мемлекеттік органдардан шұғыл ақпарат алу мәселесі оң шешілсе деген ұсыныс бар. Бұл – оқырманға жедел ақпарат таратуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті