Полицияға 9-сынып оқушысының анасы хабарласып, қызының мектепте «iPhone 10» маркалы телефонын жоғалтып алғанын айтқан. Оқиға орнына құрамында арнайы үйретілген иттерді ерткен кинологтер, полиция қызметкерлері жіберілді. «Граф» атты қызметтік ит иіс арқылы телефонды қар астында жатқан жерінен тауып алды. Мектеп оқушысы гаджетін қалтасына салып, жолда байқаусызда түсіріп алған екен. Осылайша, 6 жылдан астам қызмет ететін қызметтік-іздестіру итінің көмегімен қысқа мерзімде телефон табылып, иесіне қайтарылды.
Жыл сайын қолданысқа заманауи технологиялардың енуіне қарамастан, қызметтік ит әлі де полиция жұмысында сұранысқа ие. Жануардың сезім мүшелері (тұмсығы мен құлағы) ешбір техниканың күші жетпейтін заттарды иіскеп, ести алады. Астана қаласы полиция департаментінің Кинологиялық қызметі орталығында 50-ден астам иісшіл ит бар. Шаһардың әр ауданында тәулік сайын кинолог мамандар кезекшілік етеді. Олар із кесу бағыты бойынша адам өлтіру, ұрлық, азаматтардың жоғалуы сияқты жұмыстарға тартылады. Кейде шұғыл шақыртулар түсіп, кинологтер есірткі қылмысына қатысты оқиғалардың басы-қасында жүреді. «Жарылғыш зат қойылған» деген ақпарат түссе, сол жақтан табылады. Барлық жағдайда ақпарат жалған болып шығады. Бірақ ғимаратты толық тексеріп шығу – кинологтердің міндеті. Бұдан бөлек, ауқымды мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілмес бұрын нысан жіті тексеріледі. Күндіз-түні, демалыс күндері де аяқтарынан тік тұрып, өз міндеттерін мінсіз орындауға атсалысып жүр.
Кинологиялық қызметі орталығындағы иттер негізгі 4 бағытқа жұмылдырылады. Бұдан бөлек, шабуылдаушы, күзетші, патрульдік бағыттағы иттер де бар. Сәйкесінше, кинологтер сол бағытта дайындайды, үйретеді. Негізгілері – жарылғыш затты анықтайтын, есірткіні іздейтін, із кесу және одрология бағыты.
Иттердің негізгі қызметтік тұқымы – овчарка. Бұл оңай үйретілетін әмбебап иттер, олар кез келген тапсырманы орындай алады. Қызметке кіріспес бұрын олар адамнан да, жануардан да шыдамдылық пен жоғары зейінді қажет ететін күнделікті жаттығуларды бірге орындайды.