• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қараша, 2022

Кәсіби бағдар еңбекке баулудан басталады

535 рет
көрсетілді

Балаларға ерте жастан кәсіби бағдар беру мамандықты дұрыс таңдауға, жеке қабілеттерін шыңдауға ықпал етеді. Бүгінде еңбек нарығында жаңа мамандықтардың көптеп қолданысқа енуіне байланысты білім ошақтарында ақпараттандыруға көңіл бөлу маңызды. Әсіресе мектеп оқушыларымен еңбек нарығындағы қажеттіліктер, мамандыққа қатысты мәліметтер, бейіндік бағдарламалар, экскурсиялар және тағы да басқа бағдарлы жұмыстардың жүзеге асқаны тиімді.

«Қандай да бір салада жетіс­тік­ке жету үшін оған қызығу­шылықтың болуы заңды­лық. Ал талапкердің болашақ бейіні жоғары оқу орнына түсер алдында анықталатыны белгілі. Көптеген мамандық арасынан таңдау жасап, бағыт-бағдар алу дұрыс мамандық таңдауға ық­пал етеді», деді белгілі кәсіби бағдарлаушы, коуч Альмира Тұрсын Алматы қаласының Өңір­лік коммуникациялар қыз­меті алаңында.

Осы орайда «Балаларға ма­ман­дық таңдауда қандай ке­ңес­тер қажет?» деген  сарапшы бейімдеу және таңдау жасаудың баланың жас ерекшелігіне байланысты қолға алынғаны абзал екенін айтады.

«Кәсіптік бағдар беру ата-ана әрекетімен тығыз байланыс­ты. Өйткені баланың өмірге кел­ген кезінен бастап дамуына, мінез-құлқына, қабілетіне назар ауда­рып, бақылау жасап отыру ба­ла­ның тұлғалық қалыптасуына әсер етеді. Сонымен қатар отбасы тәрбиесінде қандай мәселеге бас­ты назар аудару қажет екені де маңызды. Кәсіптік бағдарлауда әсіресе 4-10-сыныпта оқитын бала­ларға мән берген абзал», дейді сарапшы.

Егер ол жүйелі әрі белгілі бір кезеңмен байланысты болса, ба­ланың даму динамикасына оң әсер етеді. Ал 8-11-сынып аралығында психологтан немесе кәсіби бағдар берушіден кеңес алған артық болмайды.

Сарапшы белгілі бір маман­дық­ты жалғастырушы әулет жағдайында мамандық таңдауға қатысты мәселе туындамайтынын айтады. Мысалы, дәрігерлер, музыканттар мен полицейлер, тағы да басқа отбасында балалар ата-анасының мамандығын таңдап жататыны жиі кездеседі әрі бұл қалыпты жағдай саналады.

«Кейде кейбір мамандыққа адамның бейімі шынымен генетикалық жолмен беріледі. Бұл ғылыми тұрғы­дан дәлел­ден­бегенімен, жиі кезде­се­тінін жоққа шығар­май­мыз. Оған қоса, аға буынның жинаған тәжірибесі мен білімі баланың кәсіби дамуын жеделдетіп, жетілдіре түседі. Дегенмен, баланың қалауы бірін­ші орында тұруы қажет», дейді сарапшы.

Осы орайда А.Тұрсын бала­ның есейе келіп, мамандық таңдаудағы ойы өзгеріп жатса, оған таңданудың қажеті жоқ екенін айтады. Дұрысы, кәсіби бағдар беру мектепте, әсіресе оқуға түскенге дейін жүргізілуі керек. Мұның ересек өмірге де ық­па­лын жоққа шығара алмаймыз. Университет қабырғасында 1-2 курс студенттері үшін де бейіндік бағдар беру ары қарай кәсіби саласын дұрыс таңдауға ықпал етеді.

«Қазір балалардың қызығу­шы­лығы мен хоббиі өмірге деген құлшыныстарына кері әсер етіп келетін жағдайлар жиі кездеседі. Гаджеттер, компьютерлік ойындарды шамадан тыс ойнайтын, күн тәртібі сақталмайтын балаларда селқостық басым. Мұндай жағ­дай­да ата-аналар балалардың қызығушылықтарын, компьютерде қанша уақыт отыратынын, бос уақытын қалай өткізетінін бақылауы міндетті. Баланы өз дегенімен жібермей, еңбекке бау­лып, қызығушылықтарына аса мән берген абзал. Осы орайда үйірмелердің көмегі зор. Жат­тық­тырушылар күш-жігер беру арқылы балаға қажетті ресурс­ты таңдауға көмек­те­се­ді. Егер бала қандай да бір үйір­ме­ге 2-3 ай барып, кейіннен қызығушылығы болмай қалса, осы мезгілді бала өзін-өзі дамытуға арнап, өзіне қажетін алғанын ескеру қажет. Мектеп түлектері сапалы білім алу жолында әлемді тануға, өзі өскен ортаға қызығушылық таныта отырып, білім ауқымын кеңейте отырып дамыса, алдағы қадамдарында дұрыс әрі жылдам шешім қабылдай алатыны анық.

 

АЛМАТЫ