Мұрат Нұртілеу бүгінгі жұмыс сапары аясында Алматыға барып, қалалық мәслихаттың жиынына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Әкімшілігінің басшысы Алматы қаласының әкімі лауазымына Ерболат Досаев пен Бекқали Торғаевтың кандидатураларын ұсыну жөніндегі Мемлекет басшысының хатын оқыды. Ашық дауыс беру нәтижесінде 30 депутат Ерболат Досаевқа, 8 депутат Бекқали Торғаевқа дауыс берді. Дауыс беру нәтижесі бойынша Ерболат Досаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Мұрат Нұртілеу Ерболат Досаевты қала әкімі ретінде таныстырып, оның жауапты басқарушылық қызмет жолын атап өтті. Президент Әкімшілігінің басшысы әкімге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары кезінде нақтылаған міндеттерін орындау өзекті екенін жеткізді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторы мен креативті индустрияны дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру қажет.
Сонымен қатар Түргеннен Қаскелеңге дейінгі Алматы тау кластерін дамыту, автомобиль жолдарын жаңарту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттердің бірі.
Жиында Мұрат Нұртілеу биылғы маңызды саяси оң өзгерістерге атсалысқан, қолдау көрсеткен қала тұрғындарына Мемлекет басшысының алғысын жеткізді.