• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Желтоқсан, 2022

Қажығали – халықтың азаматы

762 рет
көрсетілді

Қазақтың көрнекті жазушысы Қажығали Мұханбетқалиұлы тірі болса, біздің де, өзінің де 80 жылдық мерейтойында жарқырап ортамызда отырар еді. Бірақ тағдырдың жазуы осындай болды, Қажекең қазір арамызда жоқ. Есесіне, артында өлмейтін шығармалары қалды, ұрпағы, жары қалды.

Қажекең туралы сөз болғанда, біз бірге өткен жастық шағымызды еске алмай отыра алмаймыз. Университетке емтихан тапсырып жүрген кезімізде талдырмаш, бойшаңдау әдемі жігіт өзінің ақжарқын, ашық мінезімен көзге түсіп жүрді. Бұл – Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан келген бозбала Қажығали еді. Оқуға түскеннен кейін, қалай достасып кеткенімізді өзіміз де байқамай қалған секілдіміз. Әңгімеміз көбіне әдебиет, тарих, ұлт мәселесі жайында. Бәріміз де романтик едік. Алдымызда атақ-даңққа бөленген қызығы мол тамаша дәурен күтіп тұрғандай көрінетін. Жүрген жеріміз у да шу, айтыс-тартыс, арманшыл жас адам қалай өмір сүрсе, біз де солай өмір сүрдік. Қажығали зерек еді. Ішімізде университетті қызыл дип­ломмен бітірген – сол ғана.

Қажығалидың тырнақалды туындыларының ішінде тамаша әңгімелері болды. Бірақ сол сыншылар тарапынан еске­ріл­меген секілді көремін. Мәсе­лен, ұмытпасам, «Өмір» атты әңгі­месінің тіліне, ойының тереңдігіне таңғалғаным әлі есімде.

Әдеби қауымға кеңірек танылып, әңгіме болған алғашқы шығармасы «Ескі достар» атты повесі болар.

Жарық дүниеге келген адам баласының өсіп өркендеп, ақылы артып, күш-қуаты кемелденіп, жаңа біліммен, жаңа тәжірибемен толыға түсетіні белгілі. Бірақ өмір өте күрделі. Ауыр сынның қыс­пағында адам өзінің бойындағы жақсы қасиеттерді жоғалтатын кездері де болады. Ең бірінші жоғалтатыны – тазалық.

Бәріміз де өмірге сәби санамен келдік. Әділдік, тазалық, мейірім, адалдық тіршіліктің тірегіндей көрінді. Бірақ өмір біз ойлағандай бола бермейді екен. Әділдік пен тазалықты басты құндылық деп есептемейтін, өтірікпен күн көретін, өзімшіл алаяқтардың қулығы мен құлқындары үстемдік құратынын көріп те, біліп те жүрміз. Олар біз жек көргеннен жоқ болып кетпейді. Сонда не істеу керек? Іштей күйзеліп, өз бойымыздағы тазалықты ғана жанымызға медеу тұтып отыра береміз бе, әлде сол тазалықты өзгелердің де мойындауы үшін амалын тауып күресуіміз керек пе?

Оның сыртында адамның өз ішіндегі қайшылықты қайда қоямыз?

«Махаббат пен ғадауат

майдандасқан

Менің қайран жүрегім мұз болмай ма»,

– деп Абай жарықтық неге күйзелді?

Адамның жүрегінің кірлеуі, жол­дан таюы – әу бастан маң­дайы­на жазылған таланы ма, әлде рухани әлсіздіктен туатын жеңіліс пе?

Қалай болғанда да, әділдік үшін, тазалық үшін күресу керек, өзге­лермен де, өзіңмен де, басқа амал жоқ.

Повестің басты кейіпкерін де, одан кейін оқырманды да осындай ойлар мазалайды. Себебі бұл біздің өмірімізде жиі кездесетін құбылыстар. Шығарманың құнды­лығы да осында.

Қажығали әлемдік әдебиеттен мол сусындаған, сауатты да, мәде­нитетті жазушы. Көпсөзділік жоқ, стилі мейлінше таза, қарапайым оқиғалардың өзінен әлеуметтік концепцияларды жасай біледі.

Бүгінде оның шығармашы­лығын зерделей отырып, басты туындысы не деген сұраққа, Сырым батыр туралы жазылған «Тар кезең» романы деп айта аламыз.

Қажекең өзі де басты шығар­масы болатынын сезіп, бұл тарихи романға бүкіл өмірін арнаған секілді еді. Өте көп зерттеді, аса үлкен жауапкершілікпен жазды. Шығарманың композиция­сына, оқиғалардың өрбуіне, образ­дардың шынайылығына, тілінің көркемдігіне ешқандай дау жоқ. Менің бір ғана күмән келтірген жерім болды. Ол – романның Сырым көтерілісінің жеңісімен аяқталуы еді.

Әдетте халық көтерілісінің машығы мол, мұздай қаруланған әсерге төтеп бере алмайтыны, тіпті жеңіске жетсе де, ол уақытша ғана нәрсе болуы мүмкін екені мойындалған шындық деп айтуға болар еді. Осы пікірімді кезінде өзіне де айттым.

Бірақ түптің түбінде халықтың да жеңіске жете алатынын жоққа шығара алмаймыз ғой. Бір кездегі монархиялық билеп-төстеудің құрсауында болған Еуропа елде­рінің ұзаққа созылған билік үшін күресте ақыры жеңіске жетіп, демо­кратиялық жүйедегі мемлекет орнатқаны белгілі. Оның сыртында бүгінгі XXI ғасырда халық бейбіт шеруге шығып та, билік басындағыларды қызметінен кетуге мәжбүр етіп жатқанын да біле­міз. Ол үшін халық құлдық санадан арылып, өзінің бойындағы ұлы күшке сенуі керек. Осындай азат сана қалыптасқан кезде ғана ұлт өз тағдырына өзі ие бола алады.

Осы тұрғыдан келгенде Қа­жекеңнің халық көтерілісінің жеңісін басты концепция етіп алуы бүгінгі заманмен ұштасып жатқан өзекті идея екеніне көзім жетіп, алғашқы пікірімді қайтып алдым.

Біздегі қайсыбір тарихи шығар­малардың бір кемшілігі – бүгінгі заманмен үндесе алмай жататыны. Тарихты жасау әдебиеттің басты міндеті болып есептелмесе де, біздің тарихи, саяси, әлеуметтік жағдайымызға байланысты осындай тақырып пайда болды. Оны халық қажет етті. Көп жағдайда шығарманың құндылығы тарихи деректерден ауытқымауымен өлшенді.

Алайда көркем әдебиеттің басты міндеті – тарихқа, бүгін­гі заманға, қоғам өміріне адамгер­шілік тұрғысынан баға беріп, жақсылық пен жамандықтың ара­жігін ажырату арқылы кісілік құндылықтардың қалыптасуына ықпал жасау. Сол себепті адамның жан дүниесін, мінез-құлқын, тағдырлар қақтығысын суреттеу арқылы өмір философиясына үңілу маңыздырақ. Тарихи тақырыпқа қалам тербеген Шекспирдің де ұстанымы осы төңіректе болды деп айта аламыз.

Сондықтан Қажығалидың «Тар кезең» романындағы халықтың бойындағы күшті ояту, жігерін жану, сенімін арттыру идеясына бағытталған батыл концепциясы бар уақытта да өзінің өзектілігін жоймайды деп сенеміз.

Қаламгердің 20 жылдық еңбегі зая кеткен жоқ. Бірден бағаланып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Бұдан кейін оның екінші тынысы ашылғандай болып еді. Заман ауысқан кезде адамдардың өмір сүру машығы да өзгереді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында болған тұрмыстағы қиын­шылық баршамызға мәлім. Өзінің мамандығын тастап, күн көру үшін сауда-саттықпен айналысып кеткендер де аз болған жоқ. Мұн­дай кездер – адамшылыққа сын. Қоғамның бет пердесі ашылады.

Қажекеңнің осы тақырыпқа жазған «Қарадөң» атты әңгімесі бар. Кеңшер тарап, елдің бәрі жұмыссыз қалған кезде азғантай уақыт мал ұрлап жан баққан Қара­дөң енді сол бетке таңба бол­ған кәсібінен құтылғысы келеді. Бұрында да осындай кәсібі болған секілді, бірақ ол жастықтың же­лігі шығар. Енді қартайғанда қара­бет болып қашанғы жүреді. Оның үстіне ұрлығы ашылып, жауапқа тартылды. Бірақ осы енді соңғысы болсын деп, жазасына да, басқасына да төзіп отыр. Ақыры жағдай басқаша болып шықты. Мұны жергілікті басшылар соттаудың орнына өзде­ріне жалдамалы ұры жасап пайдаланғысы келеді. Ең ауыры осы болды. Қарадөң елден қашып әрең құтылады.

«Шегебай» атты әңгімесінде өзінің бастығынан қорлық көрген шопыр жігіттің, басқа амалы бол­ма­ған­нан кейін, бастығының қоразын өзінің қоразына талатып, өш алғандай болатын шалағай әрекеті оқырман көңілінде риза­шы­лық сезімін тудыра алмас. Бірақ бұл да күрес. Наразылық ұста­нымынан бас тартпау. Кішкен­тай адамның тағдыры. Айналып келгенде, адам тағдыры – қоғам тағдыры.

Жазушы ең алдымен адам ба­ласы. Оның жеке басы, кісілік келбеті, мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы оқырман тарапынан қызығушылық тудырмай тұрмайды.

Қажекең ақкөңіл, ақжарқын, өсек-ғайбатпен шаруасы жоқ, мейлінше таза жігіт еді. Студент кезден бір атаның баласындай емен-жарқын ержеттік. Шахмат, бильярд, картадан преферанс ойнайтын. Және бәрінде де жанын салып, беріліп ойнайтын. Шахмат ойнап отырғанда, фигуралардың біріне қолың тиіп кетсе, «болды, қо­лың тиді, енді соны жүресің» деп бәле қылатын кездері де жоқ емес. Аңға шыққанды, балық аула­ған­ды жақсы көреді. Ат жарыс де­се ішкен асын жерге қоятын. Бәй­ге аттарын қадағалап жүретін. Дом­быраны жақсы көретін, әп-әде­мі тартатын. Сезімтал, әсершіл еді.

Бірге өстік, бірге қалыптасып есейдік, енді бірге қартайдық деп айта аламыз. Қатарың барда, адам қартайғанын да сезбейді. Сол әзіл, сол қалжың, баяғы жас кезіңнен шықпағандай болып жүре бересің.

Қажығали, Қойшығара үшеуміз аптасына бір рет «Зодиак» клубына барып бильярд ойнайтынбыз. Үшеуміздің де құлағымыздың мүкісі бар, бір бірімізбен айғайлап сөйлесеміз. Кейде залдағы жас жігіттердің бірі «ағай, ақырынырақ сөйлесеңіздерші» деп ескерту жасаса, Қойшекең «менің жасыма келгенде сен бұдан да қатты сөйлейсің» деп үнін өшіріп тастайды. Әйтсе де, жігіттер сыртымыздан біле ме, қатты сыйлайды.

Бірде бильярдқа боранды кү­ні келгенбіз. Менің бәйбішем «Бо­ранды күні ит пен шал құты­ра­ды» деп мақал шығарсын. Со­дан кейін үшеуміз «тағы сөзге қала­мыз, осы боранды күні келмей-ақ қояйық­шы» деп келіскендей болдық.

Осындай бақытты күндердің бірінде Қажекеңнен айырылдық. Бақытты күндер Қажекеңмен бірге кеткендей болды. Енді сол бір көңілді кезеңді досымызды еске алып отырып көз алдымызға елес­теткендей боламыз.

Қажығалидың дүниеден озға­­нына бір жыл өтті. Оның шығар­малары өзге тілдерге аударылып, зерттеу мақалалар жазылып, туған жерінде мектеп, көше аттары беріліп, 80 жылдығына орай еске алу шаралары өтіп жатыр.

Қажекең біздің ғана досымыз емес, халықтың азаматы. Халқы сүйген жан халықтың жадында мәңгі өмір сүрмек. Қажекең өлген жоқ. Оның екінші өмірі басталды.

 

Төлен ӘБДІК,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты