Жабайы жануарларда шекара жоқ. Мезгілдің ауысуына, күн райының құбылуына байланысты немесе табиғи апаттар болса, көшіп-қонып жүре береді. Дегенмен ерекше қорғалатын аумақтардағы аң-құстар қорықшылардың қорғауында.
Катонқарағай мемлекеттік табиғи паркінің аумағын мекен еткен жануарлар бірде Ресейдің «Катунский» биосфералық қорығына өтсе, енді бірде кері қайтады. Екі жақтың табиғаты мен климаты бірдей. Осыны ескерген екі тарап жыл көлемінде аңдарға бақылау жасау секілді жұмыс жүргізіп келеді. Ресей мен Қазақстан арасында 2024 жылға дейін қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастық туралы келісім бар екен.
– Жыл көлемінде мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп, «Алтай» трансшекаралық резерватының шекарасы маңындағы жабайы аң-құстардың түрлерін, санын есепке алу жұмыстары жүргізілді, – дейді жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің саяткер-биологі Әмір Базилов.
Қос тарап келісім аясында фототұзақтар құрып, аң санау жұмыстарын жүргізіп қана қойған жоқ, бірнеше рет дөңгелек үстелде бас қосып, тәжірибе де алмасты. Сонымен қатар туризм мен күзет мәселелері де қарастырылды.
Саяткер-биолог Әмір Базиловтың айтуынша, екі елдің арасында көп миграциялайтын жануарлар – бұғы, бұлан, елік. Аю болса, қорек іздеп қана мекенін ауыстырады. Бірақ ұйқыға жатар мезгілде өз апанын адаспай табады. Зерттеу кезінде шекара сызығынан қасқыр секілді жыртқыш аңдардың іздері де байқалған. Жалпы қорық аумақтарында аң саны артып келеді. Табиғат жанашырлары кейінгі кезде аңдардың мекенін, санын жасырын сақтауды жөн көрген. Ескерте кетсек, парк, қорық аумақтарында аңшылыққа мүлдем рұқсат жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы