Соңғы үш жылда елордада 300-ге жуық көше салынып, 140 шақырымға жуық жол жөнделді. 2022 жылы жол төсемін салу және жөндеу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы онлайн брифингте қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда елордадағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 868,3 км, 803,7 км немесе 92,6% асфальтбетон жабыны бар.
Спикердің айтуынша, соңғы үш жылда қалада ұзындығы 165 км болатын 300-ге жуық көше салынып, 140 км-ге жуық жол жөнделген.
Сонымен қатар тұрғын үй алаптарын дамыту жоспарына сәйкес соңғы 4 жылда ұзындығы 84,4 км 250 көше асфасльтталды.
«Бүгінгі таңда қаланың жол-көлік инфрақұрылымы 60 көпір мен құрылыстан тұрады. Оның ішінде 23 үлкен және кіші көпір, 6 жаяу көпір, 9 өткел, 8 көлік айырбасы, 10 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі және 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі бар. Биылғы жылы Ұлы Дала даңғылында көпір ашылды, ол іргелес магистральдық көшелерді ішінара түсіруге мүмкіндік берді, жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Тельман және Промышленный тұрғын алаптарының қолжетімділігін арттырды», деді Нұркенов.
Сонымен қатар биыл А62 көшесі бойынша А91 (Қордай) көшесінен Астана-Қарағанды тасжолына дейінгі учаскеде қозғалыс ашылды. Осылайша, Қарағанды тасжолы мен «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы мен қаланың сол жағалауы арасында көлік қатынасы қамтамасыз етілді. Бұл шаралар Нәжімеденов пен Байтұрсынов көшелерін түсіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ транзиттік көліктің бір бөлігі Қошқарбаев даңғылынан, Айнакөл көшесінен, Абылайхан даңғылынан және Қобда көшесінен және т. б. кетеді.
«2023 жылы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда ұзындығы 50 км-ден асатын жаңа көшелер салу, қазіргі жолдардың жай-күйін қолдау, сондай-ақ Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылында жаңа автомобиль көпірін ашу бойынша одан әрі жұмыс жоспарлануда. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылының, жаңа теміржол вокзалы, Әзірет Сұлтан мешіті аудандарының сол жағалаумен қосымша байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп қорытындылады әкімнің орынбасары.