• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 23 Желтоқсан, 2022

Қазақстан-Өзбекстан: Ынтымақтастықтың баянды қағидаты

508 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа, сапалы деңгей­ге көтерді. Қазақстан мен Өзбек­стан арасында Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа, мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы шартқа қол қойылуы, бірлескен ауқымды жобалардың жүзеге асырыла бас­тауы осының айғағы.

Ортақ мақсат-мұрат

Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ресми кездесу өткізу үшін халықаралық конгресс орталығына келді. Мемлекет басшы­сын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі халық­ара­лық конгресс орталығында өтті.

Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делега­ция­лардың құрамын таныстырды.

Бұдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.

 – Біз Өзбекстанмен ынтымақтас­тықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан ба­уырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа дең­гейге көтереміз деп сенемін. Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы ынты­мақ­тастық неғұрлым тығыз және табыс­ты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұр­лым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің Жолдауымен танысқанын және бұл маңызды құжат Өзбекстанның одан әрі табысты дамуы­на жол ашатынын жеткізді.

Шавкат Мирзиёев өз кезегінде Қазақ­стан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Өзбекстан Президентінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуы­на тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекеттерге берік негіз болады.

Президенттер саяси, сауда-экономи­калық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биыл сауда айналы­мы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард доллар­ға жуықтады. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіп, машина жасау, логистика, көлік, энергетика және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілгеніне назар аударылды. Сондай-ақ тараптар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шав­кат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми деле­гацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құры­лыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.

Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты дос­тық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

– Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын бол­сақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлай­мын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты ны­ғай­туға деген ортақ ұмтылысын біл­діреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақ­станның оңтүстігіндегі мем­лекет­тік шекарасын халықаралық-құқық­тық тұрғыда рәсімдеу ісін толығы­мен аяқтайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азия­ның орнықты дамуы мен тұрақты­лығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақ­тастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен меха­низмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев ша­ғын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болға­нын атап өтіп, тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалар­дың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

 – Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біз­дің ғасырлар бойы қалыптасқан дос­тық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз,   –  деді Өзбекстан Президенті.

Сондай-ақ тараптар мәдени-гума­нитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәде­ниет күндері табысты өтті. Сон­дай-ақ елдеріміздің білім беру саласын­дағы ынтымақтастық мәселесі де қарас­тырылды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты. Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында тұрмыстық техника, Шымкентте инфу­зиялық ерітінді, Қостанайда Chevrolet автомобильдерін шығаратын жоба іске қосылады.

Өз кезегінде Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісіне, Ташкент облысында ло­гис­тикалық орталық пен Ташкент қала­сында тұрғын үй-коммерциялық инфра­құрылымының құрылысына қатысты жобалар жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табыс­ты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.

Қазақстан инвестициясымен Өзбек­стан­ның Науаи облысында минералды ты­ңайт­­қыштар кәсіпорны ашылады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбек­станға мемлекеттік сапары аясында екі ел­дің бірлескен бірқатар жобасы іске қосыл­ды. Соның бірі – Өзбекстанның Науаи об­лы­сында фосфор және кешенді мине­рал­ды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорын.

«Қазфосфат» ЖШС және «Узки­мёсаноат» АҚ қатысуымен жүзеге асырылатын өндірістің жобалық құны – 1,3 миллиард доллар.  Жобаның 2022-2024 жылдарға жоспарланған бірінші кезеңінде «Навоийазот» базасында калий селитрасы (100 мың тонна) мен калий сульфаты (100 мың тонна) өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Жоба аясында 150 жұмыс орны ашылады. Ал өндірістің екінші және үшінші кезеңдері Алмалық және Ферғана қалаларында жалғасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Респуб­ликасына мемлекеттік сапары барысында осы елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті.

Президент Ташкент қаласындағы көр­нек­ті орындардың бірі Төле би кесене­сіне арнайы барды. Ташкент қаласының аумағында орналасқан тарихи мазар XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ташкент қаласында өтіп жат­қан «Абай. Бауырлас халықтар мұра­сы» атты ұлы ақынның өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған көрмеге барды. Бұл көрме – екі ел арасындағы дос­тық пен бауырластық байланыс­тар­ды одан әрі нығайтуға бағытталған ма­ңызды қадам.

«Абай. Бауырлас халықтардың мұ­расы» атты көрмеде ұлы ақын­ның шы­ғар­­­­машы­лығындағы Әлішер Науаи­­дың рөлі, Абай өмірінің негізгі кезең­­дері, Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Е.Сидор­кин, Н.Өтепбаев және тағы басқа суретші­лердің туындыларындағы Абай туралы сюжет­тер қамтылған. Оған қоса, Абай­дың «Жи­де­бай-Бөрілі» мемлекеттік тари­хи-мә­дени және әдеби-мемориалдық қо­рық-му­зейінің 120-дан астам экспонаты қойылған.

 

Экономикалық байланыс әлеуеті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қазақстан Президенті, ең алдымен, Шавкат Мирзиёевке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуын­ша, Өзбекстан ұзақ жылдар бойы Қазақстанның осы аймақтағы басты стратегиялық серіктесі болды, ал бүгінде сенімді одақтасқа айналды.

– Белсенді саяси диалогтің және екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қазақ-өзбек қатынастары барлық бағытта бұрын-соңды болмаған  қарқынмен дамып келеді. Біз жаңа ғана Шавкат Миромонович Мирзиёевпен бірге тарихи келісімдерге қол қойдық. Бұл құжаттардың мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен өзара бауырластық қарым-қатынастар жылнамасына алтын әріппен жазылатынына кәміл сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарт халықтарымыздың байланысын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысын білдіреді және елдеріміздің түбегейлі мүдделеріне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент мемлекет­теріміздің ортақ шекарасын құқықтық тұрғыда қамтамасыз еткен, болашақ ұрпақ арасындағы ынтымақтастықтың мызғымас негізін қалаған Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылуын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл қадам ғасырлар бойғы достығымыз бен татукөршілік қатынастарымызды сақтау жөніндегі бабалар өсиетінің орындалғанын көрсетеді.

Келіссөздер барысында мемлекет­тер басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты сауда саласындағы ынты­мақ­тастықты одан әрі нығайту үшін орасан зор әлеует бар деген ортақ байламға келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде былтыр тауар айналымы шамамен 4 миллиард долларға жеткенін, бұл қарқын биыл да сақталып отырғанын атап өтті. Осы жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 5 миллиард долларға жетеді.

– Сауда-саттықты одан әрі дамыту мақсатында тауарлар номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ықпалдастығын тежейтін кедергілерді жоспарлы түрде жою үшін тиісті шаралар қабылдауға келістік, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласындағы өзара іс-әрекетті кеңейту басым міндет ретінде атап өтілді. Маши­на жасау, фармацевтика, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларында 10 бірлескен кәсіпорын ашылып, табысты жұмыс істеп жатқаны туралы айтылды.

– Бүгін Өзбекстан Президентімен бірге өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін бірқатар бірлес­кен ірі жобаны іске қостық. Соны­мен қатар кеше  аймақаралық бизнес-форум аясында құны 2,5 миллиард доллардан асатын өзара тиімді коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Жал­пы, сапар қорытындысы бойынша құны 8 миллиард доллардан асатын инвес­тициялық келісімдер мен екіжақты құжат­тарға қол қойылды. Мемлекет­тері­міз арасындағы серіктестікті ке­ңейтуге Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы тың серпін беруге тиіс. Ол Орталық Азиядағы ең ірі сауда-өнеркәсіп хабына айналып, елдеріміздің көлік-логистика­лық мүмкіндіктерін кеңейтеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнер­кәсіп саласындағы өзара сауда көлемін ұлғайту перспективаларына назар аудар­ды. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асты.

– Біз ет өнімдерін өндіретін, өңдейтін, көкөністер мен жеміс-жидектерді қаптайтын, майлы дақылдар, бидай, картоп өсіретін бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігін қарастыру үшін үкімет­терімізге тапсырма беруге келістік. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша кадрлар даярлауға және оны ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге бағыт­талған ынтымақтастықты нығай­ту қа­жеттігі атап өтілді. Жаһандық нарық­тағы тұрақсыздық жағдайында бүгінгі қабылданған шешімдер елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар аймақтағы сауда-көлік дәліз­дерін дамыту мәселесін де талқы­лады. Бұл бағытта Қазақстан мен Өзбек­стан маңызды рөл атқарады. Екі ел басшылары Дарбаза – Мақтаарал темір жол құрылысын тезірек аяқтау үшін күш салуға уағдаласты. Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Қазақстан компаниялары түрлі көлік қатынастары құрылысына белсенді атсалысуға және қажетті материалдарды жеткізуге дайын. Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесе дамытуға уағдаластық, – деді Президент.

Сонымен қатар келіссөз барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перс­пек­тивалары, атап айтқанда, жеткізу, транзит және көмірсутегін өңдеу мә­селелері қарастырылды. Екі ел үкімет­тері­не энергетика саласындағы екіжақты қаты­настардың өзекті бағыттары бойын­ша нақты ұсыныс беру тапсырылды.

Мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты үйлесімді жұмыстарды жалғас­тыруға келісті. Бұл бағыттағы түйт­кіл­дерді тезірек шешу үшін бірлес­кен шара­лар қабылдау қажеттігіне назар аударылды.

Дәстүр бойынша мәдени-гумани­тарлық байланыстарға баса мән берілді. Мемлекет басшысы халықтарымыздың ғасырлар бойғы достығы шынайы татукөршілік қатынастар мен өзара құр­меттің жарқын үлгісі болатынын айтты.

– Ортақ мәдени-рухани құндылық­тары­мызды одан әрі байыта түсу үшін өткен аптада Астанада Өзбекстанның Мәдениет күндері табысты өтті.  Ал бүгін Ташкент тұрғындары мен қонақ­тарына қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайға арналған көрмені тамашалауға мүмкіндік туды. Біздің ортақ тарихымызға құрмет көрсет­кені, Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптегені үшін Шавкат Миромонович Мирзиёевке және бауырлас барша өзбек халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Делегация өкілдерінің кездесуі барысында жастар арасында өзара бай­ланыс­тарды дамыту бастамаларына, соның ішінде университетаралық ынтымақтастық аясында қолдау көрсету ісіне көңіл бөлінді. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші оқу орындарында теңгерімді негізде филиалдар ашу жоспарын құптады.

Президент сапар аясында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәсе­лелер де талқыланғанын атап өтті. Әсі­ресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселе­сіне ерекше назар аударылды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойды.

Сонымен қатар ресми делегация­лардың мүшелері мемлекет басшы­лары­ның қатысуымен бірқатар құжатқа қол қойды. Олардың қатарында Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкі­меті арасындағы «Орталық Азия» ха­лық­аралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы негіздемелік келісім, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Өзбек­стан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасын­дағы Электрондық сауда жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Өзбекстан Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақ­стан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемле­кеттік комитеті арасындағы Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбек­стан Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы Азаматтардың өзара сапар­лары­ның шарттары туралы келі­сімге өзгерістер енгізу туралы хатта­ма қабылданып, Қазақстан Респуб­ли­касының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Қазақстан Республикасының Мем­лекет­тік қызмет істері агенттігі мен Өзбек­стан Республикасы Президенті­нің жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігі арасындағы Мемле­кеттік қызмет саласындағы өзара түсі­ністік туралы меморандумға, Қазақ­стан Республикасы Қызылорда облы­­сының әкімдігі мен Өзбекстан Респуб­ликасы Науаи облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңей­тудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды.

Сондай-ақ құжаттар арасында Қазақ­стан Республикасы Түркістан облы­сының әкімдігі мен Өзбекстан Респуб­ликасы Жизақ облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңей­ту­дің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы, Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облы­сының хокимиаты арасындағы ынты­мақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы бар.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Узбекнефтгаз» АҚ ара­сындағы келісімге, «Eurasian Resources Group S.а.r.L.» компания­сы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге, «Қазфосфат» ЖШС, «Узки­мёсаноат» АҚ және KP Fertili­zers Ltd. арасындағы Өзбекстан Респуб­ликасында минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісімге және «PTC Holding» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Өзбекстан Респуб­ликасы Ташкент облысының хокимиа­ты арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.