• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 10 Қаңтар, 2023

Қайта оралған «Азия дауысы»

587 рет
көрсетілді

Осыдан 33 жыл бұрын «Медеу» мұз айдынында тұсауын кескен «Азия дауысы» халықаралық фестивалі аз уақытта талай дарынды танытқаны баршамызға аян. Осынау музыкалық думан аясында өткен қызықты да тосын оқиғалар жадымыздан шыға қойған жоқ. Әлемнің әр шалғайындағы даңқы жер жарған өнерпаздарды Алматы төрінде тоғыстырып, әлі танылмаған жас әншілердің томағасын сыпырған да осы «Азия дауысы» болатын. Өкінішке қарай, аталмыш фестиваль кейінгі жылдары түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған еді. Енді, міне, араға 18 жыл салып «Азия дауысы» үлкен сахнаға оралды.

Өнер фестивалінің сахнасында қаншама тілде ән шырқалды десеңізші. Жүзге тарта мемлекет­тің өнердегі беткеұстар адамдары Қазақ­станға келді. Тіпті, осы фес­тиваль­дің Бас жүлдесін жеңіп алған фи­липпин әншісін әуежайдан өз елінің президенті күтіп алғанын да ұмытқан жоқпыз.

Егер «Азия дауысы» музыкалық фестивалі алғаш өткен 1990 жылы туған сәбилер бүгінде ел азаматтарына айналғанын ескерсек, да­рын­дардың бір дәуірі өткенін бағам­дай­сыз. Күні кеше ғана тұсауын кескендей көрінетін алғашқы өнер мерекесіне 15 мемлекеттің әншілері қатысқан болатын. Бар болғаны үш жылдан кейін, яғни 1993 жылы «Азия дауысы» халықаралық фес­тиваль ұйымдастырушылар феде­рациясының (ФИДОФ) мүше­сіне айналды. 1994 жылы фести­валь әлемдік шоу-бизнестегі Канн фестивалінің (Франция) маман­дандырылған сыйлығына ие болып, 1998 жылы халықаралық фестиваль ұйымдастырушылар федерациясы «Азия дауысына» «әлемнің үздік фестивалі» деген атақ берді.

Енді, міне, «Медеу» мұз айдынында аты аңызға айналған фестиваль әуендері қайта шырқалады. Фестивальдің жаңа Ұйымдастыру комитетінің мүшелерінің көпшілігі өз мансабын осы фестиваль сахна­сы­­нан бастаған жандардан құралып отыр.

Фестивальдің бас продюсері Арман­жан Байтасов: «Біздер Мұрат Ерғалиев пен Александр Понома­рев қалдырған музыкалық мұра­ны сақ­тап, жалғастырумыз керек. Әри­не, «Азия дауысының» үздік орын­даушылар алаңына айналуына және оның беделді болуына біз де мүдделіміз. Фестиваль шілде айы­ның соңына жоспар­ланды. Қа­зіргі міндетіміз – әлемдік музы­ка қауымдастығын өз жоспар­ла­ры­­мыздан хабардар етіп, фести­валь­ге өтінімдер қабылдауды бас­тап кету. Қазір арнайы қонақтар тізімі анықталған жоқ, бірақ ауди­тория сөзсіз әлем­дік деңгейдегі жұл­дыз­дарды күте­тіндіктен, өзімізге жо­ғары мақсат қойып отыр­мыз. Бұл әрі елге туристерді де тар­та­ды. Баршамызға оңды да жар­қын оқиғалар қажет. Ал­маты қаласы әкімдігінің жоба­мызға қызы­ғу­шы­лық танытып, қолдау көрсетіп отыр­ғанына қуа­ныштымыз, өйткені фестивальдің өзі – бүкіл индустрия­ны дамыта алатын маңызды оқиға­лардың тұтас сериясы десек те бо­лады. Әрі фестиваль аясында музы­калық продюсерлердің халық­ара­лық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз» дейді.

Осылайша, халық­ара­лық өнер додасына дайындық басталып та кетті. Айтқандай, өнер­сүйер қауым үшін тағы бір жақсы жаңа­лық – эстрада әлемінде талай әнші­нің ба­ғын ашқан «Жас қанат» респуб­лика­лық байқауы да «Азия дауысымен» бірге оралатынын айта кетейік.

Ендігі «Азия дауысы» ХФ» ҚҚ құрылтайшысы әрі президенті Ири­­на Ковыряко өнер сайысына 16-27 жас аралығындағы дарынды қазақстандықтар қатыса алатынын айта келе: «Жас қанат» байқауының да өткізілетін мерзімі бекітілді. Ол 29 мамыр мен 4 маусым аралығында өтеді. Сондай-ақ жаңадан қосыл­ған «Жас қанат. Балалар» байқа­уының жеңімпаздары «Азия дауысы. Балалар» халықаралық байқа­уына автоматты түрде қатыса ала­ды. Биылғы «Жас қанат» бағдарла­масының ерекшелігі сонда, осы бай­қауға жолдама алғандар live-band және оркестр сүйемелдеуімен өнер көрсетіп, тартымдылығымен көрермендерін баурап алуға тиіс. Өтінімдер қабылдауды 2023 жыл­дың 15 ақпанына дейін ұзарт­тық. Шақыртулар еліміздің барлық аймағына жіберіліп, жыл аяғына дейін 40-тан астам өтінім жиналды. Пандемияға дейінгі соңғы байқау 2019 жылы өткенін және 2020 жылы Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев өтінімдердің бір бөлігін қабылдап үлгергенін айтқым келеді. Сондықтан біз бұрын жиналған жұмыстарды қайта қарау керек деген шешім қабылдадық. Сондай-ақ дәстүрлі аталымдардан бөлек, биыл Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы арнайы жүл­делер болады», деді.

Сонымен қатар «Азия дауысы» ХФ» ҚҚ құрылтайшысы және вице-президенті, заңгер Темірлан Төлегенов осы фестивальдің негі­зін қалаған Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев марқұм бол­ғаннан кейін жобаларды жүргізу құқы­ғына қалай ие болғанына қа­тыс­ты түсініктеме берді.

«Мәселен, сауда атауына патент 10 жыл мерзімге беріледі. «Азия дауысы» фестивалі шығармашы­лық-өндірістік бірлестігі 1993 жылы «Азия дауысы» атауы мен лого­типіне патент алып, тиісінше па­тент­тің қолданылу мерзімі 2003 жылы аяқталған. Өкінішке қарай, бұл патент одан әрі ұзартылмаған. Өткен жылы «Азия дауысы» ЖШС компаниясына мұрагерлік құқығы туралы мәселе туындаған кезде, патент мұрагерлік массаға түсе алмады, өйткені ол кезде «Азия дауы­сы» ЖШС-сында ешқандай құқық болған жоқ. Нәтижесінде, Ирина Ковыряко өткен жылы патент алуға өтініш берді. Осы кезде «Азия дауысы» атауы мен логотипі туралы ғана емес, «Жас қанат» атауы туралы да әңгіме қозғалды. «Жас қанатқа» мұндай патент ешқашан берілмеген. Өткен жылдың сәуір айында Ирина Ковыряко барлық үш патенттің де иегері болды. Нәтижесінде, «Азия дауысы» халықаралық фестивалі» қоғамдық қоры құрылып, шарт бо­йынша ол сауда атауларын пай­­далану құқығын иемденді. Сон­дық­тан бүгінгі таңда «Азия дауысы» мен «Жас қанат» атауларының жал­ғыз құқық иеленушісі, сонымен қатар «Азия дауысы» логотипінің иесі – «Азия дауысы» халықаралық фес­тивалі» қоғамдық қоры деп саналады. Үшінші тараптан ешқандай шағым болуы мүмкін емес», деді.

Ал енді «Азия дауысы» туралы аздаған ностальгияға берілетін бол­сақ, ол дүркіреп тұрғанда Сьюзи Кватро, Coolio, «Bomfunk MC’s», Жасмин, Валерия, Николай Носков, «Чай вдвоём», «Eruption», Патрисия Каас, Пупо, Тото Кутуньо, Джимми Саммервиль, Митхун Чакраборти, Сонер Ариджа, Алла Пугачева, Филипп Киркоров, Валерий Леон­тьев, Boney M., Haddaway сынды аты әлемге мәшһүр өнер саңлақта­рын қолсозым жерден көру бақыты бұйырған екен.

Орайы келіп тұрғанда биыл, 2023 жылы «Жас қанат» байқауының бастау алғанына 32 жыл толатынын айта кету керек. Бұл да уақыт тезінен өткен ұлттық-музыкалық жоба болатын. Ол да еліміздің мә­дени өмірінің бір бөлшегіне айналып, осы байқаудан қанат қағып шыққан әншілеріміз «Славян базары» (Беларусь), «Памуккале» (Түркия), Мальта ән байқауы (Маль­­та), «Дискавери» (Болгария), «Достық көпірлері» (ЭКСПО-2001, Гер­мания), «Азиаттық музыка фес­тивалі» (Шанхай, Қытай) жарыс­тарына дейін қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі отан­дық талай танымал орындаушы «Жас қанат» байқауының вокалдық және сахналық мектебінен өткен. Мәселен, Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдуллин, Ерлан Көкеев, «Үркер» тобы, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Доғалова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген сынды әнші­леріміз «Азия дауысы» фестивалі өздерінің өнердегі мансап жолда­рының баспалдағы болғанын жоққа шығармаса керек.

 

АЛМАТЫ