Көптің көзінше түкірмеуді әдетке айналдырған боларсыз, енді қоғамдық орында балағат сөз айтудан тыйылуға тура келеді. Әйтпесе, 69 мың теңге айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Болмаса бұл құқық бұзушылық үшін 30 тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған. Қоғамның қызу талқысына түскен заңдағы бұл өзгеріс – бюджет бүйірін толтыру ма, әлде мәдениетті қоғам қалыптастыру қадамы ма?
Естеріңізге сала кетейік, заңнамада қоғамдық орында балағаттағанға жаза бұған дейін де болған. Бірақ халықтың дені айыппұл мөлшерінің аз болуы себебінен бұл нормаға мән бере қоймаған секілді. Шын мәнінде тәртіп сақшылары заңның орындалуын шындап талап етпегенінен болуы мүмкін дейді сарапшылар. Полиция қызметкері қоғамдық жерде «кім бейәдеп сөз айтады?» деп аңдып жүрмесі анық. Көп жағдайда балағаттан басталған әңгіменің соңы төбелеске ұласып, хаттамаға басқаша тіркелетіні айтпаса да түсінікті.
Бұған дейін қоғамдық жерде балағаттағандарға 5 АЕК (17 250 теңге) көлеміндегі айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалатын. Ендігі жерде айыппұл мөлшері – 20 АЕК (69 мың теңге). Ал қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін көбеймек. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаевтың айтуынша, түзетулер алғаш ресми түрде жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 2023 жылғы наурыз айынан бастап күшіне енеді.
«Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қасақана бүлдіру бұзақылық ретінде қарастырылады. Жалпы, қабылданған нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауды күшейтеді. Қоғамдағы азаматтық тәрбиені арттырып, мәдениеттілік деңгейін жоғарылатады деген ойдамыз», дейді А.Құрымбаев.
Құзырлы орган басшылығы қоғамдық орында балағат сөз айту фактісін қалай айғақтауға болатынын түсіндіріп берді.
– Қоғамдық орынға көлік, көше, дүкендерді жатқызамыз. Балағат сөз айтылғанын аудио және бейнежазба арқылы, сондай-ақ куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады. Ешкім балағаттау фактісін растай алмаса да, істің мән-жайын анықтау үшін полицияға жүгінуге мүмкіндік бар. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Тиісті өзгерістер Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар бабына енгізіледі, – дейді министрліктің ресми өкілі.
Қоғамдық орындардың барлығы бейнекамералармен жабдықталса да, алыстағы екеудің боғауыз сөзбен жаға жыртысып жатқанын дәлелдей алмас. Жалғыз жүрген адам өзгенің боқтағанын қалай дәлелдейді? Сонда «қарсыласының» боқтағанын дәлелдеу үшін диктофон ұстап жүру керек пе? Әлде телефонның бейнекамерасын қосқаннан кейін ұрыса ма? Басқа-басқа, бұл заң жобасы тырнақ астынан кір іздеп, жек көретін адамынан өш алуға тырысқандарға майдай жаққан болуы керек. Тұрғындардың басым бөлігінің пікірі осыған саяды.
Заңдағы бұл өзгеріс қоғамда түрлі пікір қалыптастырып үлгерді. Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских өзгерісті құптайтынын жеткізді.
– Біз мәдениетті қоғам қалыптастырғымыз келеді. Бұл ретте, аялдама сияқты қоғамдық орындарда аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шыққаны дұрыс емес. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, осындай заң жобалардың енгізілуі қажет-ақ. Десе де, шаш ал десе, бас алмай, әуелі ескерту жасалуы керек деп есептеймін. Жалпы, қазірдің өзінде қоғамдық орындарда қандай да бір ұсақ құқық бұзушылық тіркелсе, айыппұл қарастырылғаны белгілі. Яғни адамдар қоғамдық орындарда өзін онсыз да мәдениетті ұстауға тырысады. Сондықтан да жаңашылдықтан үркудің қажеті шамалы. Тағы бір атап өтерлігі, Парламент Мәжілісінің жанынан арнайы қоғамдық палата құрылған болатын. Оның құрамында сарапшылар, депутаттар, түрлі сала өкілдері бар. Айтпағым, министрлік жариялады екен деп жаңа заң бірден қабылданбайды. Алдағы уақытта қоғамның қызу талқысына түседі. Түсіп те жатыр. Ұсыныстар ескеріліп, нақты шешім қабылданады деп есептеймін, – дейді Геннадий Шиповских.
Кейбір өңірлерде бейәдеп сөз күнделікті қарым-қатынас құралына айналған. Ол үшін бір-біріне ренжімейді де. «Тұқымың құрғыр» деген сияқты қарғыс сөздер тағы бар. Бейәдеп сөздерге нақты не кіретіні Ішкі істер министрлігі әзірлеп жатқан заң жобасында айқындалуға тиіс, дейді сарапшылар.
Танымал адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, мұндай заң жобасының әзірленуі қоғам мәдениетінің әлсіздігін көрсетеді.
– Заң жобасының қоғамдағы мәдениетті қалыптастыруға әсері болатыны сөзсіз. Бірақ мәдениеттілікке баулу әр отбасыдан бастау алғаны дұрыс. Жасыратыны жоқ, көшеде келе жатып балағат сөздерді көп естиміз. Әбден қажыдық. Бұл ретте, мұндай заң қажет те шығар. Бірақ сотқа материал көп түседі деп ойламаймын. Мән-жайды дәлелдеу керек, ал ол ұзаққа созылатын үдеріс. Сондықтан да айыппұл салу арқылы бюджеттің бүйірі толады дегенге келісе қоймаймын. Таяқтың екінші ұшы да бар. Түкіруді, боқтауды шектедік. Мұндай шектеулер жалғаса берсе, сөз бостандығы мәселесі алдан шығуы мүмкін. Осы уақытқа дейін «боқтауды шектеді» деген ешқандай мемлекетті естімеппін. Не десек те, заң жобасы әбден пісіп, содан кейін ғана қабылданғаны дұрыс, – дейді Б.Азанов.
Қоғам белсендісі Оңғар Қабден мұндай заңды сахнада жүрген әншілерге де қолдану керек деп есептейді. Қала берді, соңғы уақытта «Youtube» желісінде жиі жарияланатын отандық фильмдердегі анайы сөздерді тыю мәселесін назарға алу керектігін айтады.
– Иә, қоғамдық орындар мен әлеуметтік желіде боқтауға тыйым салынуы керек. Бірақ қара халыққа ғана жұмыс істейтін заң керек емес. «Youtube» желісіндегі боғауыз әншілер мен әртістерге де қолданылсын. Қанша жерден жұлдыз болса да қара жерді басып жүр. Қарапайым таксист 69 мың төлеп, «жұлдыздар» айыппұл төлемесе, ондай заңның керегі жоқ, – дейді қоғам белсендісі.
Еліміздің әр өңірінде қалыптасқан сөйлесу мәнері бар. Қарапайым мысал, шығыстықтардың әкеден боқтағаны шымкенттіктердің намысына тиеді, шымкенттіктердің шешеден боқтағанын шығыстықтар көтере алмайды. Аяғы – қан-жоса төбелес. Бір ауыз боқтықтың соңы адам өлімімен аяқталып жатады. Айыппұл талай адамның өмірін сақтап қалар. Себебі көшеде, кафе, барда пышақтау, шабуыл жасау сияқты қылмыстар көбіне сөзге келіп, ерегісіп, анайы сөз айтқанның салдарынан екені жасырын емес.
Қоғамды тәрбиелеудің бірден бір жолы – қатаң заң мен тәртіп. Бұл – өркениетті елдердің тәжірибесі. Ендігі жерде заң жобасы қоғамның қызу талқысына түсіп, ұсыныстар назарға алынғаннан кейін қабылданса деген көпшіліктің тілегі бар.