• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қаңтар, 2023

Елімізде қант қызылшасының егіс көлемі ұлғаяды

399 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы егіс науқанындағы басым бағыттарды атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Облыс әкімдіктерінің мәліметі бойынша 2023 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды көлемі 23,2 млн гектарды құрады. Дәнді және бұршақ дақылдарының егіс алқаптарын 171,3 мың гектарға, қант қызылшасын 6,7 мың гектарға ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ көкөніс және бақша дақылдарының 10,2 мың гектарға артуы болжанып отыр», деді Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрлігі алқасының кеңейтілген отырысынан кейін.

Оның айтуынша, биыл күріш пен мақтадан бөлек, бірнеше майлы дақылдарды егу көлемі қысқарады.

«Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, биыл мақта алқаптарын өткен жылмен салыстырғанда 13,8 мың гектарға қысқарту жоспарланды. Үкіметтің суды көп қажет ететін егістік алқаптарын қысқарту туралы тапсырмасына қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда күріш алқаптары 9,9 мың гектарға артты», деді министр.

Оның айтуынша, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет. Майлы дақылдар бойынша да 191 мың гектар алқапты қысқарту жоспарда бар.