Форумның алғы сөзінде Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов бұл жиынның маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік БАҚ мәселелері, атап айтқанда, оқырмандар саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз», деді А.Сейдірұлы.
Премьер-министрдің орынбасары, сонымен бірге, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру форматын қалыптастыру қажеттігін айтты. Оған қоса, отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де назар аударды.
«Сол үшін еліміздегі БАҚ өкілдерінің кәсіпқойлығы мен сапасын одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Халықты арзан дүниелермен емес, пайдалы ақпаратпен сусындатып, рухани, мәдени, танымдық, ұлттық құндылықтармен байыта білгеніміз абзал», деді ол.
Мұнан соң сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Өткен жылы өңірлерге сапарлар кезінде көптеген басылымдардың редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын танысқан едік. Сол кезде өңірдегі өзекті мәселелерді Астанада ойласамыз деп уәде еткенбіз. Соның орайы бүгін келіп отыр», деді министр.
Сонымен бірге Дархан Қуандықұлы өңірлік мерзімді басылымдардың жағдайына нақты ғылыми зерттеу жасалу керектігін, мұны қазақстандық қоғамдық даму институты жасау керектігін айтты. Бұл тұрғыда қазір талқыланып жатқан «масс-медиа туралы», ақпаратқа қол жеткізу, ақпараттық доктрина талқылаудан өткенін мәлімдеді.
«Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз», деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кету керек, форумға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысып жатыр. Екі күн бойы түрлі сессиялар, мастер-класстар, тағылымды талқылар ұйымдастырылады.