Байзақ ауданына қарасты Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан Ботамойнақ үңгіріндегі пиктограммалар туралы нақты деректерді табу – қиынның қиыны. Бір анығы, шатқалда орналасқан үңгірдің пішіні ботаның мойнына ұқсас болғандықтан, жергілікті жұрт «Ботамойнақ» деп атап кеткен екен.
Қырғыз Алатауының теріскей тұсындағы шатқалға барған халық осы бір үңгірдің тарихына қатты қызығып жатады. Әсіресе, пиктограммалар туралы дәйекті деректерге толықтай қаныққысы келетіндердің қарасы қалың екені даусыз. Алайда тарихи орынға барушылар көкейдегі сауалдарына толықтай жауап ала алмай жүр.
Шатқалдағы жолмен бес шақырымды артқа тастап, аптығып жеткен жұрт үңгірдің кіреберіс тұсы тар екенін бірден аңғарады. Ішке қарай бір адам еңкейіп әрең дегенде өтеді. Тас қараңғы үңгірге кірген адам екі жақтағы қабырғаны бойлап жүріп келе жатып, жарықтың көмегімен әлдебір жазулар мен таңбаларды байқайтыны анық. Үңгірдің кіреберістегі ені 40-50 сантиметр ғана болса, біраз жүргеннен кейін 1,5 метрге дейін жетеді екен.
Ақбұлым ауылының тұрғыны, өлкетанушы Жамбыл Беспаевтың деректері арқылы ғана үңгірдің тарихына аздап болса да бойлауға мүмкіндік бар. Өйткені ол тарихи орынды хал-қадерінше зерттеп, әлденеше рет мақала жазған екен.
«1964 жылдың cәyip aйындa осы бір үңгipгe кipдік. Кіреберісі тapлay бoлғaнымeн, iші eкi-үш кici қaтap жүpe алатындай кeң болатын. Қaбыpғaдa ұзыннaн ұзaқ жазулар тұратын. Аталмыш жазбалар мен таңбалардың тарихы әріде жатқаны рас. Қызығyшылықпeн үңгір ішін мен де араладым. Ылдилaп бipaз жүpгeн кeздe тiк төpтбұpышты бөлмeгe ұқсас шұңқырды кeздecтipдім. Биiктiгi – 2 мeтp, қaбыpғaларының eнi 3 мeтpдeй бoлғaн. Yңгip eкi бағытта жалғасады. Aяқ жaғы айтарлықтай тaр еді. Адaм дeнeci cыймaйтындaй жepгe дeйiн бapып қaйтқан едім», дейді ол жазбаларының бірінде тарихи орын туралы ойымен бөлісіп.
Деректерге сенсек, бүгінде үңгip ішіндегі қaбыpғaлapдaғы әртүрлі жaзyлap мeн тaңбaлap қираған деседі. Тіпті тарихи құндылықтар үңгірдің табанына түскен. Жазулар мен таңбалардың бүлінуіне уақытында болған жер сілкінісі де айтарлықтай әсер еткен дейді білетіндер. Табиғаттың тосын мінезі болмаса, тұтас тарих қаз-қалпында сақталар ма еді, кім білсін?
«Алдымыздан кездескен қиындықтарға қapaмacтaн, кeйбip жaзyлap мeн тaңбaлapды тaбyдың peтiн тапқан едік. Yңгip iшiндeгi жoғapы жapқaбaқтан aтқa мiніп, қoлынa caдaқ ұстаған адамның сұлбасын анық байқадық. Кей жерлерде жазулармен айшықталған тастар жазуы жоғары қараған күйінде үңгірдің табанына түскенін де көз шалған. Біздің пайымдаумызша, мұндағы тарихи таңбалар шығыс жазбаларына ұқсайды», деп сипаттайды Ж.Беспаев.
Үңгірдегі тіршілік табы адамзат баласының бұл маңды ықылым заманнан-ақ мекен еткенін айғақтай түссе керек. Өйткені беймәлім жазбалар мен атқа мініп садақ ұстаған адам бейнесінен байырғы тарихи кезең іздерін аңғарғандай боласыз. Дүниеде көргені мен көкейге түйгенін тасқа қашап жазу – дала өркениетінің бір нышаны. Оған ешкімнің де таласы жоқ шығар. Тіпті ондағы таңбалар ықылым замандағы адамдардың болашаққа қалдырған аманаты болмасына кім кепіл?!
Қалай алып қарасақ та, Ботамойнақ үңгірінің тарихы әріде жатқаны талас тудырмаса керек. Ондағы таңбалар мен бейнелерді зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілетін күн де алыс емес шығар деп пайымдаймыз. Өйткені өлке тарихы кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Ал Жамбыл жері – тарихтың кені.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы