• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қаңтар, 2023

Қымбат құжат

264 рет
көрсетілді

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда төлқұжат пен жеке куәлік ресімдеу қымбаттады. Бұдан бөлек жүргізуші мен неке куәлігін алу үшін төленетін ақы мөлшері де артты. Осыдан он жыл бұрын 2-3 мыңның айналасында болған төлқұжат бағасы 6-7 есеге қымбаттаған. Құжат ресімдеу құнының бұлай шарықтауына не себеп?

Жеке куәлік – 16 жасқа толғанда берілетін міндетті құжат. Салық кодексіне сәйкес оны ресімдегені үшін мемлекеттік баж мөлшері қазір 0,2 айлық есептік көрсеткішті, яғни 690 теңгені құрайды. Былтыр осы айда 613 теңге еді. Жүргізуші куәлігін ресімдеу 1,25 АЕК-ке өссе, неке туралы куәлік бір айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал төлқұжат алу құны 24 504 теңгеден 27 600 теңгеге бір-ақ көтерілді.

Facebook қолданушысы Мұхтар Түменбай құжат ресімдеу баға­сының қымбаттағанына наразы­лығын білдірді. Оның айтуынша, 2018 жылы төлқұжат алу 9 мың теңгеден сәл асатын. Құнды бұлай үш есеге құбылтып жіберу көңілге қонымсыз деп отыр.

– Мәселен, Әзербайжан мен Арменияда паспорттың бағасы біз­дің ақшаға шаққанда 10-11 мың теңге. Негізі төлқұжаттың өзін­дік құны 4500-5000 теңгеден ас­пай­ды. Себебі оларды шығару технологиясы толықтай дерлік автомат­тандырылған. Адамның бұл үдеріске қатысуы мүмкіндігінше шек­­тел­ген. Онда неге мұндай баға қойылды? Төлқұжат басып шы­ға­ра­тын автоматтар мен роботтар айлық талап ете бастады ма? Әл­де Қазақстанның Ұлттық банкіне қарасты банкноттық фабрика ком­мер­циялық мекеме ме? Елдің бюджетіне салынған кәсіпорын ғой, толықтай мемлекеттің меншігінде. Жылына Қазақстанда әртүрлі себептермен 600 мың адам төлқұжатын ауыстырады екен. Есептеп көрсек, 16 млрд 560 млн теңге. Бұл – таза тонау, – деп ашынды М.Түменбай.

Әлеуметтік желідегі бұл жазбаға қала тұрғыны Марғұлан Дәуенов те ой қосты. Ол төлқұжаттың мерзімін 10 жыл емес, 5 жыл сайын алмастыратын болсақ, Қазақстанға зауыт, фабрика салудың қажеті жоқ деген пікірін ортаға салды.

Елімізде құжат ресімдеу бағасы­ның жыл сайын өзгеретіні қалыпты құбылыс іспетті. ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айгүл Қаңлыбаеваның айтуынша, құжат ресімдеу бағасы айлық есептік көрсеткішпен есептелетін көрінеді.

– Құжаттың құнын есептеу жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындауға және беруге көрсетілетін қызметтерді өтеу қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы төлқұжатының өзіндік құны же­ке басты куәландыратын құжат­тар­дың бланкілерін дайындау үшін шикізат пен материалдарды сатып алудан, құжаттарды дайын­­даудан, жаңа жабдықтардан, жаңа технологияларды енгізуден, қор­ғаныс элементтерінен және басқа шығындардан құралады. Осыған байланысты 2017 жылғы 25 желтоқсандағы жаңа Салық кодексінде қабылданған 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы азаматының паспортын бергені үшін мемлекеттік бажды 4 АЕК-тен (2017 жылы – 9 076 теңге) 8 АЕК-ке дейін (2018 жылы – 19 240 теңге) ұлғайту көзделген. Айта кету керек, 1995 жылдан бері олардың дизайны бірнеше рет өзгертілді, паспорттар мен жеке куәліктердің үлгілері үнемі жетілдіріліп, құжаттарды қорғау дәрежесі артты. 2009 жылдан бас­тап халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін чипі бар электрондық паспорттар мен жеке куәліктер шығарыла бастады. Алайда жиырма жылдан астам уақыт бойы жеке басын куәландыратын құжаттарды дайындауға кететін негізгі шығындарға қарамастан, төлқұжат пен жеке басын куәлан­дыратын құжатты бергені үшін мемлекеттік баж өзгермегенін атап өтеміз. Мемлекеттік баж салығын өзгерту, бюджет және салық саясатын қалыптастыруда өкілетті орган болып саналатын Ұлттық экономика министрлігінің құзыретінде, – деді А.Қаңлыбаева.

Айта кетейік, елімізде өткен жылы жеке куәлікті – 1 706 591 адам алса, төлқұжатты – 991 642 азамат жасатыпты. Ақтау қалалық №1 халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Сүйіндік Қарымбаев құжат алуда кей азаматтарға жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.

– Бұл санатқа енетіндер: Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері; үш дәрежелі «Даңқ» орденінің және үш дәрежелі «Еңбек Даң­қы», «Алтын Қыран», «Отан» орден­де­рімен наградталған, «Халық қа­һар­маны», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған; қарт­тар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі медицина­лық-әлеуметтік мекемелерде тұра­тын қарттар, балалар үйлерін­де және (немесе) интернаттарда тұратын, мемлекеттің толық қамсыз­дандыруындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; Чернобыль апаты­ның салдарынан зардап шеккен азаматтар; «Батыр Ана», «Алтын алқа», «Күмiс алқамен» наград­талған көпбалалы аналар. Оларға бұрынғыша дәлелдейтін құжат­тарды тапсырудың қажеті жоқ. Себебі ЖСН тергеннен кейін, базадан бірден жеңілдіктері көрініп тұрады, – деді С.Қарымбаев.

Атыраулық Гүлмира Омар­қызы үш баланың анасы. Ол денсаулығына байланысты биыл Түркияға барып ем-дом шараларын қабылдауды, балаларымен бірге демалуды жос­парлап жүр. Оның осыдан 10 жыл бұрын жасатқан пас­порты енді жарамсыз. Сондықтан жаңа шетелдік төлқұжат жасатуы керек. Бірақ бұл жолы бес адамға бірдей құжат қажет. Ұшу ақысы, тұратын үй-жай мен медициналық шығыннан бөлек, оларға құжат ресімдеуге 138 мың теңге керек екен.

– Балаларды бөліп-жара ал­май­сың. Бірақ әрқайсысына же­ке төлқұжат ресімдеу отбасына қаржылық жүктемені арттырып тұр. Кәмелетке енді толған азаматтарға жеке куәлігі мен төл­құжатын тегін жасап берсе, мемлекеттен біраз көмек болар еді. Әрі жасөспірімдердің түрі ересектерге қарағанда әлдеқайда жылдам өзгергендіктен, құжатты да жиі өзгертуге тура келеді. Бәрі қара­жатқа келіп тіреледі. Қазір халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Дүкен сөрелеріндегі қалаған азық-түлігін алып, ауқаттанып отырған жоқ, – деп күйінді кейіпкеріміз.

Мамандардың сөзінше, ересектер мен балаларға бір сома бекі­тіл­ген. Өйткені шикізаттың шығыны бірдей. Бірақ былтыр балаларға Қазақстан Республикасы азаматының төлқұ­жатын алу кезінде ата-аналардың шығындарын азайтуға бағытталған бастама қолға алынған. Ұлттық экономика министрлігі «Бюджетке салық және өзге де міндетті төлем­дер» туралы  кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» (Салық кодексі) заң жобасын және «Бюджетке салық және өзге де мін­детті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы кодексін іске қосу туралы» заң жобасын әзірледі. Онда 16 жасқа дейінгі балаларға арналған төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын 8 айлық есептік көрсеткіштен 4 АЕК-ке дейін төмендету бөлігінде түзету қарастырылған. Егер заң жобасы аясында Кодекстің 615-бабына қатысты түзетулер қабылданса, онда балаларға арналған төлқұжаттың құны 12 252 теңге болады.

Ұлттық экономика министрлігі де, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті де заң жобасы жұмыс тобында талқыланып жатқанын атап өтті. Құжат қабылданған күннің өзінде, өзгерісті енгізу мерзімі 2024 жылдан басталуы мүмкін. Әзірге ата-аналардың қалтасын қақса да, шетелге шығуға арналған құжат бағасы сол күйі қала бермек. Ал жұртшылық болса, билік мінберіндегілерге төлқұжат ресім­­­деудегі баға саясатын қайта қарауды, түйткілден нақты нәти­жені талап етіп отыр.