Сулы-нулы, омырауына таққан күміс алқа тәрізді айдын шалқарлары бар өңірде 180-ге жуық елді мекен таза ауызсуға зәру болып отыр. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, игілікті істі ұйымдастыруда кемшілік басым.
Осы жылы ауыл тұрғындарын таза сумен қамту үшін республикалық бюджеттен 12 млрд, облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Жалғыз биыл ғана емес, кейінгі жылдары осы бағытта қаншама қаржы жұмсалып жатыр. Өкінішке қарай, бар қаржыны дұрыс жұмсап, іске жарата алмай отырмыз. Пікірімізді нақты мысалмен шегелей кетелік.
Зеренді ауданының Алексеевка ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы басталғалы – үшінші жыл. Жаңа құбыр салынады деген жақсылық хабар құлақтарына тигенде ұзақ жыл бойы ауызсудың азабын тартып келген, етек-жеңі кең пішілген ауыл тұрғындары таңдайымызға таза су тиетін болды деп бөріктерін аспанға атқан. Шынында да, ауызсуды тасып ішкен, тақсіретін әбден тартқан тұрғындар үшін ақ түйенің қарны жарылғандай қуаныш емес пе?! Су құбырларын тарту жұмыстары 2020 жылы басталып кетті. Бірақ үміт ақталмады, құбыр тарту мерзімі белгісіз себептермен шегеріле берді. Бұрынғы желілердің әбден тозығы жетуіне байланысты үлкенді-кішілі апаттар жиі орын алатын болды. Ал жаңа құбыр бітетін емес. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 360 млн теңге қаржы бөлінген еді. Бар шаруа ұтымды жүргізілмегендіктен, жаңартылған желілерді іске қосу мерзімі 2022 жыл деп белгіленді. Әйтсе де мердігерлер өздері айтқан уақытта да жұмыстарын аяқтай алмады. Ауыл тұрғындарының өкпе-назы өрши түсті. Талай биік табалдырықтарды тоздырып, мінбелерден мұң-зарын айтып жүрді. Жаңа жылға дейін небәрі жиырмаға жуық үй ғана әупірімдеп жаңа су желісіне қосылды.
– Су бірде бар, бірде жоқ. Біздіңше қысымы жетпей тұр. Тамшылап қана ағады. Құтты ауылдастарымның үзіліп бара жатқан үміті сияқты. Кейде таңертең, кейде кешке бар болғаны екі сағат қана береді, – дейді ауыл тұрғыны Владимир Евсеенко.
Қыруар қаржыны уақытында игергенде ауыл тұрғындары дәл осындай сергелдеңге салынбас еді. Қазір көпшіліктің көп күні су беретін уақытты сарғайып тосумен өтіп жүр. Уақытында су ала алмағандар қолдарына шелегін ұстап көрші-қолаңның есігін қағады.
– Су құбырын үш жыл бойы бітіре алмай келе жатыр. Соншалықты шырғалаңға түсетін қандай қиындық бар екенін түсіне алмаймыз. Биылғы 10 қаңтарға дейін мердігерлер кейбір қажетті жабдықтарды, генераторды, су есептегіштерді әкеліп береміз деп уәде берген. Тұрғындар су жүйесіне қосылғаннан кейін есептегіштер қойылуы керек қой. Басқасын айтпағанда, осындай қарапайым керек-жарақты да жеткізе алмай отыр. Әйтеуір ел үшін атқарылып жатқан шаруа болғаннан кейін кейбір керек бөлшектерді өзіміз әкеліп қойып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Азамат Сатыбалдинов.
Бар іс мердігердің іскерлігіне байланысты. Өзге себеп жоқ. Алексеевка ауылындағы су желісін салу жобасын ұтқан «Монолит» серіктестігі Бұланды ауданының Никольское, Аршалы ауданының Жібек жолы, Жарқайың ауданының Шойындыкөл, Есіл ауданының Заречное ауылдарында осындай желілерді жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір қадап айта кетерлігі, жоғарыда аталған елді мекендердегі су желісін тарту жұмыстары арада қаншама уақыт өтсе де әлі аяқталмаған. Кешігудің салдары белгілі. Жобаның қымбаттауына, бюджет қаржысының ысырап болуына әкеліп соғады. Уақыт ұзаған сайын елдің де өкпесі қара қазандай болатынын ескеріп жатқан ешкім жоқ.
– Тапсырыс беруші – Зеренді ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі. Бөлім жобаның уақтылы жүзеге асырылуын қадағалауға тиісті емес пе? Дәл осындай қарқынмен мәселе бүгін-ертең шешіледі деп айтудың өзі қиын, – дейді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Алмат Есмағұлов.
Аудандық әкімдік жобаның жүзеге асуының мүмкін болмай тұрғаны мердігер ұйымға байланысты деп түсіндіреді.
– Су соратын станса құрылғыларын жеткізу уақыты 18 аптадан 20 аптаға дейін ұзартылған. Мердігер келісімшартты 2023 жылға ұзартуды сұрады. Қазір біз мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арыз бердік. Жұмысты аяқтауға және өсімпұл төлеуге міндеттеу туралы талап қойылып жатыр, – дейді Зеренді ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Рүстем Жұмабеков,
Бүгінгі таңда аудан әкімдігі мен мердігер ұйым арасындағы келіспеушілік сотта қаралмақ. Жергілікті билік ауылдағы су құбырының бар жұмысын 1 маусымға дейін толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Әйтсе де аузы күйген ауыл тұрғындарының күмәні сейілмей тұр. Ең бастысы, тендерді ұтқанымен, жұмысын жеріне жеткізе аяқтай алмайтын мердігер облыстағы бірнеше нысанды қалай алды екен. Осы жері көңілге күмән тудырады.
Жоғарыда өңірдегі бірнеше елді мекендегі ауызсу мәселесін шешу үшін 15 млрд-қа жуық қаражат бөлініп отырғанын айтқан едік. Алексеевка ауылындағы жағдай сабақ болуға тиісті. Алдағы үш жылда алпыстан аса ауылда орталықтандырылған су құбыры салынбақшы. Міне, сол кезде жоғарыда айтылғандай, қателіктерге жол берілмеуі керек. Қазір 34 жобаның құжаттары толығымен дайын, 31 ауылда жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған қоса 2025 жылға дейін 105 елді мекенде су тазарту кешенді блок модульдерінің құрылысы аяқталмақ.
– Өткен жылы 7 елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Төрт ауылда орталықтандырылған су құбыры салынды. Бұл іс биыл да жалғасын таппақ. Осы жылы дәл осындай 27 жоба қолға алынбақшы. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12,3 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Игорь Макаров.
Ауыл үшін ең өзекті мәселенің бірі ауызсу екені белгілі. Адамдар ғана емес, төрт түлік малды, үй жанындағы бақшасын суарудың өзі – бір мұң. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде адамы да, бағымдағы малы да су іздеп сенделіп жүргені. Айталық, Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе ауылында су тапшы. Елді мекеннің асты тегіс шахта болғандықтан ұңғыма қазғанымен, су шықпайды. Су болмағандықтан, ауыл тұрғындары мал да баға алмайды, бақша да еге алмайды. Осы төңіректегі бірнеше ауыл ауызсудың азабын әбден тартып отыр. Зерлі Зеренді өңірінде де жаз бойы адамды қойып, мал суаратын суат таба алмай отырған ауылдар аз емес. Міне, осы мәселелерді біртіндеп шешуге «Ауыл – ел бесігі» жобасы көп септігін тигізіп жатыр. Жалпақ жұртқа жанашыр бағдарламаның аясында, әсіресе шалғайдағы шағын елді мекендердің инфрақұрылымы көпкөрім жақсара түсуде.
– Бағдарлама аясында 5 жоба қолға алынбақ. Бұланды, Есіл аудандарына қарасты үш елді мекенде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұланды ауданына қарасты Қараөзек, Бурабай ауданындағы Наурызбай батыр ауылдарында да бағдарлама аясындағы сапалы ауызсумен қамту жұмыстары жүргізіледі, – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев.
Алаштың ақ бесігі ауылдың ажарын кіргізу үшін қыруар шаруа қолға алынып жатыр. Ең бастысы, жеткілікті қаражат бөлініп отыр. Сол қыруар қаражатты күні бұрын жоспарланғанындай тап-тұйнақтай игеріп, көзделген мақсатқа жұмсасақ, айымыз оңынан қашан туар екен деп елегізіген елдің игілігі молая түсер еді.
Ақмола облысы