• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 08 Ақпан, 2023

Жаны сірі

385 рет
көрсетілді

Әлемді тамсандырған «Титаник» фильмі Ди Каприоға Оскар сыйлығын әпере алмады. Одан кейін де атақты актер бірнеше кинофестивальде бармағын тістеумен отырды. Жоқ, кейін шегінген жоқ, жиырма жыл алыс­ты. Ақыры алтын адамды «Жаны сірі» кинокартинасы ұстатты. Шындыққа құрылған шығарма, жансебіл жігітті шырқау биікке бірақ алып шықты.

Оны айтасыз, майтал­ман өнер­паз талай жыл тала­сып жет­­кен таңғажайып мү­сіншені тамақ ішкен жерінде тастап кетеді. Көп марапаттың бірі ретінде қарап, шалқып шарабын ішеді. Ең бастысы, шықпаған биігіне шықты, әлемді мойын­датты, енді қайтсін?  Біздіңше, ол тағы бір межені бағындырды, ар­тық ештеңесі жоқ. Ойлана­тын-ақ, дүние! Аңшы Хью Гластың рөлін шеберлікпен сомдаған Ди Каприо арманына осылай жетті.

Мұнай мен көмір әлемдегі ең құнды ресурсқа айналмай тұрып, адамзат үшін аңның терісі байлықтың басты алгоритмі саналды. Мәселен, Сібір мен Ресейдің Қиыр Шығысының дамуы тері өндіру ісімен байланыс­ты. XVI-XVII ғасырларда орыстар алтын-күміс кен орындары болмағандықтан, басқа елдермен сауда жасау үшін ормандағы аңдарды валюта ретінде пайдаланды. Бұл үрдіс халықты шығысқа қарай итер­меледі. Бұлғын, түлкі терілері асыл затқа айналды, оны тіпті «жұмсақ қоқысқа» балады.

Дәл осындай үдеріс АҚШ-та да жүріп жатқан еді. Солтүстік Америка кон­тинентінің өріс­теуі­нде үн­діс­тердің еңбе­гі зор. Еуропа­лықтар олардан тері сатып алып, өздері өн­ді­ре бастады. Бұл қазына ескі әлемге тұтас кемелермен экспортталды.

Француздар XVI ға­сыр­да аң терісі саудасы­мен айналыса бастады. Қа­­зір­гі Канада жеріндегі Гуд­зон шығанағы маңында сауда орындарын құрған негізінде британдықтар, бұл істі XVII ға­сырда голланд­тар да іліп әкетті. XIX ға­сырға қарай Америкада аң терісін өндірумен және сатумен айналысатын сауда компанияларының кең желісі қалыптасты. Аталған кәсіп эко­номиканың тірегіне айнал­ды. Кәсіби аңшылар сол үшін солтүстік-батыстың ну орман­дарына жүгірді. Оларды халық «таулықтар» деп атады.

Аңшылар саяхат кезінде күнделік жазып, карта толтырып, өзендер мен кездес­кен адам­дардың нобайын сызды. Кейін­нен бұл жазбалар Орегон соқпағын қоныстанушы керуендерге компас қызметін атқарып, ал ғы­лы­ми экспедицияларға жол көрсетуші бағдаршамға айналды. Олар тіпті АҚШ ар­мия­­­сына барлаушылар ре­тінде жалданды.

1820-1840 жылдардағы аң терісі саудасының гүлдену кезеңінде 3 мыңға жуық адам өзін «таулықпын» деп таныс­тырады. Солардың бірі – аңыз­ға айналған Хью Гласс еді. Бұл ирландиялық азамат жаңа­лыққа, жаңа ізденіске құмар болды. Әупірімдеп жүріп оқ пен оттың арасынан аман шықты. Ғұмырдариясы шытырман жайт­тарға толы.

Иә, ашылмаған аралдар мен сірескен тоғайларды зерттеуге аттанған адамдар­дың дені қайтып оралмады. Үндіс же­белері, әртүр­лі ауру, жырт­қыштар зерттеу­шілерге ерік бермеді. Бірақ фронтирдегі бай­лық пен тылсым фронтирмен­дерді, яки шекарашыларды тоқ­татпады.

Бұл аймақта тұратын тұр­ғын­дардың жұмысы қауіпті әрі қызыққа толы болды. Гидтер, құрылысшылар, зерт­теушілер үндіс тайпаларымен байланыс жасады. Жабайы жерлердің иге­рілуі оңай болмады, фронтирді мекендеушілер атамекенін өлгенше қорғап қалуға тырысты.

Гласс фронтирге келмес бұрын, қарақшы болған деген деректер бар. Ол қа­рақ­­шыларға өз еркімен қосыл­ды ма, әлде амалсыз қол­ға түсті ме, бұл жағы белгі­сіз. Қалай болғанда да, 2 жыл­дан кейін, қарақшылық рейд кезінде кемеден қашуға ше­шім қабылдайды. Сөйтіп ол суға секіріп, Мексика шы­­ға­­нағының жағалауына 4 ша­қырым жүзіп келді. Еш­қандай қару-жарақсыз сол­түстікке бет алады. Ақы­­­ры Пауни үндістерінің қолына түседі.

Әйтсе де оның жолы болды. Тайпа көсемі бірден бауырға басады. Қажетті зат­тармен қам­тамасыз етеді, тіпті понни қыздарының бі­ріне үйленеді. 3 жыл бойы үндістермен бірге өмір сүріп, табиғатын, ті­лін меңгереді. Жергілікті жұрт­қа әбден сіңіскен соң, бір күні Пауни елшісі ретінде америкалық делегацияны қарсы алуға барады. Отандастарын өлер­дей сағынған Гласс келіссөз­ден кейін, артқа қайтпайды.

1822 жылы  әйгілі кәсіп­кер Уильям Эшлидің экспе­дициясына қосылып, оның іскер серіктесі Эндрю Ген­римен, аң аулау үшін Мис­сури өзенінің салаларын зерт­теуді жоспарлайды. Қауі­пті саяхатқа сақадай-сай болған соң, топпен жорыққа шығады. Оларды алдан Арикара үндістері қарсы алып, отрядтағы 14 адам қаза табады. Ал Гласс қатты жарақаттанады. Отряд басшылары әрі қарай жылжуға ұсыныс жасағанымен, көпші­лігінің жүрегі дауаламайды.

Көп ұзамай қосымша кө­­мек келгеннен кейін, екі тарап бітімге келеді. Де­генмен аме­рикалықтар ари­­каралықтарға сенбей, басқа бағытта жұмы­сын жал­ғас­тырады. Жаны сірі Гласс жал­тақтамай, соңына дейін баруға бекінеді.

Осы сапарда ол мың өліп, мың тіріледі. Лагерь маңында бұғыны аңдып келе жатып, кенеттен аю мен қонжығына тап болады. Алып аю аңшы­ны екі бүктеп, өлтіруге шақ қалады. Дегенмен достары соңғы мезетте құтқарып қалады. Одан бөлек қауіпті жолдар, сатқындық, өзге де үндістердің шабуылынан есен шыққан Гласқа қарап, көрер жарығы бар екен десек артық болмас.

Оңтүстік Дакотадағы Хью Гласқа қойылған арнайы ескерткіш бар. Алғаш 1971 жылы басты рөлді Ричард Харрис сомдаған «Жабайы дала адамы» атты тамаша фильм де түсірілген. Аңшының тағдырына қарап таң қаласыз. Қаумалаған қатердің ортасынан аман шы­ғып, өз ажалымен өмірден оз­ады. Міне, оның бұл ерлігі кинорежиссер Алехандро Гонсалес Иньярритудың «Выжившиий» фильміне арқау болды. Бұл әлемді тамсандырған оқиға желі­сіне құрылған шығарма ре­тінде кинематография сала­сындағы ең үлкен сый­лықты қанжы­ғалады.