• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 15 Ақпан, 2023

Сенаторлар Әлеуметтік кодекс жобасын талқылады

292 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаттары еліміздің Әлеуметтік кодексінің жобасына қатысты маңызды мәселелерді уәкілетті мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ мүдделі өкілдерімен және жұртшылықпен бірлесе отырып талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі халықты жұмыспен қамту мәселелеріндегі өзгерістер туралы парламентшілерге айтып берді. Ол министрлік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қызметтерін көрсетудің жалпы түрінен атаулы топтамалық шараларына көшу жөнінде жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Сенат депутаттары заң жобасын талқылау барысында NEET жастарды жұмыспен қамту, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және т.б. мәселелерге назар аударды.

Сенатор Ақмарал Әлназарова жастардың тәжірибеден өту саласындағы проблемаларды шешу қажеттігін атап өтті, ал депутат Ләззат Қалтаева Әлеуметтік кодексте ауылдық өңірлерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге баса көңіл бөлуді ұсынды.

«Салалық министрлік мобильді жұмыспен қамту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Біз бұл шараларды тиімді ету үшін мұндай қызметті хабардар ету тұрғысынан бастау қажет деп санаймыз», деді Ләззат Қалтаева.

Ол үшін салалық мекемелер бірқатар жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Жобалар қатарында мобильді жұмыспен қамту орталықтары, жылжымалы бос орындар жәрмеңкелері және т. б. шаралар бар.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдын ала жүргізуге баса көңіл бөлу қажет. Сонда мобильді жұмыспен қамту орталықтары қамтитын халқы аз аудандардың тұрғындары толық хабардар болады.

Сонымен қатар сенаторлар мен кездесуге қатысушылар жұмыспен қамтудың жаңа икемді нысандарын заңнамалық реттеуге қатысты өзгерістер мен толықтыруларды да талқылады. Атап айтқанда, бірлескен жұмыс, яғни бір жұмыс орнында екі жұмыспен қамтылған, қатар жұмыспен қамтылған, яғни екі жұмыс орнында бір қызметкер, сондай-ақ жылжымалы кесте сияқты жұмыспен қамту түрлері де енгізілетін болады.

Бұл Әлеуметтік кодексті жетілдіру бойынша жұмыс тобының үшінші кездесуі. Қатысушылар өткен екі кездесуде балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, зейнетақы жүйесін жетілдіруге, атаулы әлеуметтік көмек алуға қатысты мәселелерді пысықтаған болатын.