• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Дін 02 Наурыз, 2023

Медреседегі білім мемлекет талабына сай ма?

459 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне ден қойсақ, елімізде 9 колледж-медресе жұмыс іс­тейді. Осы орайда «медре­седегі білім мемлекет талабына сай ма?» деген заңды сауал туындайды. Осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Алдымен Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне журналистік сауал жолдадық. Комитет төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың айтуынша, медреселер білім беру қызметімен айналысуға арнайы ли­цен­­­зия алуы керек. Колледж-мед­ресе­ден педагогтердің, материал­дық-тех­никалық базаның, оқу, көр­кем әде­биет қорының, білім алушылар үшін ме­ди­циналық қызмет пен тамақ­тану орындарының болуы талап етіледі.

– Жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының құзыретіне арнайы бағдарламаларды әзірлеу және бекіту нормасы бекітілген. Осылайша, бағдарламалар мемле­кет­тік білім беру стандарттары мен кәсіптік стандарттарға сәйкесті­гіне, оларды одан әрі Білім беру бағ­дарламаларының тізіліміне енгізу­ге сараптама жүргі­зіледі. Сарап­тамадан өткен сапалы білім беру бағдарламалары Оқу-ағарту министрлігі жанындағы арнайы тізілімге орналастырылады. «Білім туралы» заңның 59-бабына сәйкес, білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекстің тексерулер және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. 59-баптың 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік аттестаттауды білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері профилактикалық бақылау арқылы бес жылда бір рет жүргізеді. Ондағы мақсат – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптары бұзылуының жолын кесу және оған жол бермеу. Қазіргі уақытта бекітілген кесте бойынша 4 колледж-медресе мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Лицен­зиясынан айырылған кол­ледж-медресе жоқ, – деді Майра Мелдебекова.

Қазақтың рухани, ұлттық ағарту­шылық тарихында ислам тәрбиесінің рөлі зор екені белгілі. Ал­ғашқы ұстаз, «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсарин «Бір Аллаға сиынып, Кел балалар оқылық», деп тегін айтпаған. Көне тарихтан тартып айтар болсақ, патшалық Ресей тұсында қазақ балалары Бұқара, Таш­кент, Орынбор, Уфа, Троицкі, Верный секілді қалалардағы ислам медреселерінде білім алып, ел ішіндегі рухани-ағартушылық жұмысына атсалысты. Кейін кеңес билігі орнаған жылдары діни ағар­тушылыққа тыйым салынып, қазақ даласында қызмет атқарып тұрған 465 діни ұйым мен мешіт жабылса, Орталық Азияда қызмет еткен 25-30 мың мешіттен 1941 жылы 1 мыңы ғана қалған екен. Медреселердің барлығы жойылып, 47 мың діни тұлғаның 2 мыңнан азы ғана тірі қалыпты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, байырғы діни-тәрбиелік бағыт ұстанған оқу орындары қайтадан жанданды. Бірақ алғашқы жылдары бұл іс жүйелі жүргізілмеді. Көп жағдайда ұлттық көзқарасымыз бен қазақы наным-сенімге қайшы тұстары бар шетелдік діни ұйымдар келіп, сабақ жүргізді. Оның зардабын да тарттық. «Көш жүре түзеледі» демекші, қазіргі таңда отандық діни білім берудің стандарты, жүйесі қалыптысты. Яғни мемлекет діни-ағартушылық бағытты жүйелеу бағыты бойынша діни білім алғысы келген жастар қазір тек өз елімізде оқытылады. Оған барлық жағдай жасалған және толық­қанды стандартқа сай білім беретін оқу орындары жұмыс істеп тұр.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы Діни білім және кадр даяр­лау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбековтің мәліметіне жүгінсек, қазіргі таңда ел көлемінде ислам бағыты бойынша діни жоғары білім беретін жалғыз оқу орны – Нұр-Мүбәрак уни­верситеті қызмет атқарса, діни және заманауи бағытты оқытатын 9 колледж-медресе жұмыс істейді. Яғни елімізде барлығы 800-ге тарта техникалық және кәсіптік білім беретін колледж бар болса, соның 9-ы колледж-медресе деп аталады. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларында және Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан. Атал­ған оқу орындарының мәртебесі мем­лекеттік колледждермен бірдей. Мем­лекет тарапынан колледждерге қандай талап қойылса, бұларға да дәл сол талапты орындау міндеттелген.

– Өткен оқу жылы Қазақстан мұ­сыл­ман­дары діни басқармасы оқу орын­дарын 603 түлек бітірді. Оның 220-ы Нұр-Мүбәрак университетін тәмамдады. Университет бітірген 120 түлек, колледж-медреселерді тәмамдаған 217 түлек қызметке орналасты. Ал қалған түлектердің бірқатары білім жолын одан әрі жалғастырса, біразы өзге салаларда қызметке тұрды, дейді Смайыл Сейтбеков.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың айтуынша, жоғарыдағы колледж-медресе бітірген түлектер елімізде діни қызмет көрсетіп тұрған мешіт, медреселерге қызметке тартылған. Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына заңды тіркелген 2 752 мешіт бар болса, оның 20-сы – облыстық, 418-і – қалалық, 173-і – аудандық, 2 141-і ауылдық деңгейде қызмет атқарады. Өткен жылы жаңадан 77 мешіт пайдалануға беріліпті.

Көпшілікті толғандырып жүрген мәселе – колледж-медресенің мәртебесі қандай, ол жерде қандай пәндер оқытылады деген сұрақтар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл жердегі бас­ты талап – колледж-медресеге мектеп жасындағы оқушылар қабылданбайды. Мұнда тек 9 немесе 11-сыныпты толық бітірген бала ғана оқи алады. Егер колледж-медресеге қабылданушы бала 11-сыныпты бітірген болса, 2 жыл 10 ай оқиды. Ал 9 сыныптан кейін қабылданған жағдайда 3 жыл 10 ай білім алады.

– Колледж дегеніміз – тәжірибемен ұштастыра отырып орта білім беретін оқу орны. Дәл осы міндет колледж-медреселерге де тән. Жоғарыда айтқанымыздай, Оқу-ағарту ми­нистрлігі тарапынан колледждерге қан­дай талап қойылса, медресеге де сол талап міндеттеледі және діни білім беретін оқу орны ретінде лицензиялау шарты да бірдей. Тек айырмасы колледж-медреселерде діни бағыттағы пән сабақтары оқытылады. Оның сыртында өңірлерде орналасқан медресе-колледж­дер облыстық немесе қалалық білім беру басқармаларының бақылауында болады. Яғни мұндағы білім беру стандартын әкімшілік-құқық­тық мекемелер қадағалайды, ал шариғи оқу бағдарламасын діни басқарманың құзырлы бөлімдері бақылайды, – деп нақтылады Смайыл Сейтбеков.

Белгілі болғандай, колледж-мед­ре­седе оқыту үдерісі екі бағытта жүреді – арнаулы және базалық пән сабақтары. Базалық пәндер ретінде философия, психология, педагогика, шет тілі, дене тәрбиесі, құқық негіздері, экономика сияқты жалпы сабақтар жүргізілсе, арнаулы пәндер қатарына құран, хадистану, тәпсір, мұсылман құқықтық ілімдері (фиһқ), тажиуд, ислам сенімдері (ақида), ислам рәсімдері, әлемдік ислам тарихы, араб тілі, араб тілінің граматикасы, Қазақстандағы ислам тарихы, сопылық ілімнің тарихнамасы, шешендік өнер жатады.

– Базалық пәндердің оқытылу бағдарламасын министрліктің арнайы мамандары әзірлеп, жылдық, тоқсандық, айлық жүктемелерін реттеп, апталық сағаттарын белгілеп береді. Арнаулы пән сабақтарының тақырыптық бөлісі мен шариғи мазмұндық бағытын мүфтият мамандары дайындап, Оқу-ағарту министрлігіне ұсынады. Ондағы әдіскер мамандар базалық пәндердің бөлінісінің кестесіне қайшы кел­мейтіндей етіп бекітіп береді. Бұл жерде айтатын бір жайт – арнаулы діни бағытта оқылатын пәндерге қойылатын талап, шетелдік діни оқыту жүйесі (Түркия, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Сирия) қабылданбайды. Өзіміздің білікті діни мамандардың қаты­суымен халқымыздың мента­ли­тетіне, мәдение­тіне, ұғым-түсі­нігіне, салт-дәстүріне негізделген және шариғи шарттарды толық қанағаттандыратын әрі құран-сүн­нетке сай діни классикалық әдісте­мелерді негізге алып жазылған са­бақ­тар ғана үйретіледі. Елімізде жоғарыдағы тоғыз медреседен бас­қа діни білім беретін оқу орны әзір­ге тіркелген жоқ. Қалғаны мешіт қасынан ашылған курстар немесе мұсылмандық талап бойынша жұмыс жасап жүрген қайырымдылық мекемелер, кейбір діни бағыт ұстанған қоғамдық ұйымдар қасынан ашылған діни насихат топтары болуы мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі ҚМДБ және үкіметтік органдардың бақылауымен жұмыс жүргізеді, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі.

Республика көлемінде арнаулы діни білім беретін жалғыз жоғары оқу орны мен тоғыз медреседен бөлек, имамдардың білімін жетілдіру курсы, мешіттер жанынан қарапайым жамағаттың діни сауат ашу сабақтары сияқты рухани-ағартушылық ісі үзбей жүргізіліп жатыр. Мысалы, өткен жы­лы 158 имам білімін жетілдірсе, мешіт­терден 18 035 жамағат сауат ашыпты.

«Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі, Ғылым – діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі», деп дүлдүл ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, ислам діні халқымыздың көне менталитеті мен тұрмыстық салтына бейімделіп сан ғасырдан бері дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда, ислам қазақ даласындағы халыққа ең әуелі тәрбие көзі ретінде бұқараның санасына сіңген. Ұлы Абайдың «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейтіні де осыдан.