• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Наурыз, 2023

БҰҰ конференциясы: Қазақстан қарусыздануды жақтайды

392 рет
көрсетілді

Қазақстан Премьер-министрі­нің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 52-сессиясының жоғары деңгейдегі сегментінде сөз сөйледі. Іс-шараға 150 мемлекеттің жоғары өкілдері, Ұйымның Бас хатшысы Ан­тониу Гутерриш және Адам құқық­тары жөніндегі Жоғар­ғы комис­сар Фолькер Тюрк қатысты.

БҰҰ-ның Қарусыздану жөнін­дегі конференциясы Женевада өтті. Алқалы жиында сөз алған Сырт­қы істер министрі Мұхтар Тілеубер­ді қазіргі таңда әлемдегі қауіпсіз­дік тұрақсыз бола бастағанын, сондықтан ядролық державалар арасындағы диалогті жаңарту бұрын-соңды болмағандай қажет екенін айтты.

Онлайн-форматта өткен басқосу барысында Қазақстан СІМ басшысы еліміздің 2026 жылдан кейін Стра­тегиялық шабуыл қару-жарақ­тарын қысқарту мен шектеу шаралары туралы шарт туралы мәселені талқылауды қажет деп санайтынын жеткізді. Ол сондай-ақ бес ядролық держава – АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Францияның бір жыл бұрын қабылданған ядролық соғыс пен жаппай қару шығаруға жол бермеу жөнінде бірлескен мәлімдемеге адалдығын растауы маңызды екенін атап өтті.

«Украинадағы жанжал, орасан зор ядролық арсеналдар, шиеленіскен ядролық риторика және диалогтың болмауы әлемді қауіпті бағытта қарай алып келе жатыр. Мұндай жағдайда ядролық державалар арасындағы диалогты жаңарту бұрын-соңды болмағандай қажет. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Агенттік тәжірибе алмасуға, әлеуетті арттыруға және биотехнологияларды беруге ерекше назар аудара алады деп сенеміз», деді Мұхтар Тілеуберді.

«Біз ядролық қарусыздану мен таратпаудағы бірқатар қиындыққа тап болдық, сондықтан бізге жаңа идеялар қажет. Қазақстанның биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі бастамасында биологиялық қарусыздануды одан әрі ілгерілететін бірқатар идея бар. Енді оларды жетілдіру және әлеуметтендіру қажет», деді конференцияда БҰҰ-ның ғарыштық қауіпсіздік бағдарламасының жетекшісі Джеймс Ревилл.