Өкінішке қарай, былапыт сөз айтып, балағаттай жөнелу күнделікті тұрмысымызға әбден кірігіп кетті. Әуелгіде «қағаз көтермейтін...» деп сипаттайтын әдепсіз әдетке бойымыздың үйренгені соншалық, күліп қана тұратын жағдайға жеттік. Неге?
Әуелі «адам неге балағат сөз айтады?» деген сауалға жауап іздеп көрейік, бірақ нақты нәтиже табу қиын болар. Өйткені жантану ғылымы да бұл тақырыпқа онша дендей қоймаған екен. Арғы түбін стресс жағдайындағы адамның ызалы күйіннен хабар беретін эмоционал сезімнің жиынтығына балағанымен балағаттауды психология да ақтамайды. Мұндай жат әдетті дін екібастан айыптайды. Заманында Мұхаммед пайғамбар «Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры – кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы» деген екен. Бұған таңғалған кісілер тағы сұрапты: «Адам қалай өз ата-анасына лағынет айтуы мүмкін, уа, Расулалла?» деп. Сонда пайғамбар «Бір адам екінші біреудің шешесіне, әкесіне қаратып жаман сөз айтса – өз ата-анасын боқтағаны» деген екен. Ал өлкесіне өркениет көші ерте қонған елдерде балағат сөз айту асқан әдепсіздіктің, мәдениетсіздіктің белгісі ретінде қабылданып, ондай жандар «иі ауыз, долы» атанып, ақсүйектер арасынан аласталып отырған көрінеді. Заң салтанат құрған қоғамда да мұндай әдет үшін адамды маңдайынан сыйпай қоюы екіталай. Міндетті түрде жаза бар дейді. Айтпақшы, біздің негізгі айтпағымыз да дәл осы жазалауға қатысты.
Күні кеше Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске балағат сөз айтқаны үшін қолданылатын жаза салмағы артып, заңға енгізілген өзгеріс күшіне енді. Бұдан былай қоғамдық орындарда балағат сөз айтып, ұсталғандарға салынатын айыппұл көлемі 69 мың теңгеге жетті. Бұған дейін ол сома көлемі 17 250 теңге болған. Болмаған жағдайда әдепсіздік танытқан адамды 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу туралы тәртіп қолданысқа енді.
Жалпы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына енгізілген өзгерістерден кейін қоғамдық орындардағы ішкі тәртіп пен мәдениет оңға қарай өзгеруі мүмкін. Мысалы, заңның жаңа редакциясында қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау және жәбірлеу, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқаларға құрметсіздікті білдіретін осыған ұқсас әрекеттер жасалатын болса, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттердің барлығы ұсақ бұзақылық қылмысына теңестірілген.
– Заңнамада айтылғандай, балағат сөздер айтқаны үшін қолданылатын жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – бұл қылмыстық әрекетпен тең. Яғни бұл аяқ асты қабылданған шешім емес. Осы жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтілді. Айталық, автобуста біреу балалардың немесе аға буын өкілдерінің көзінше балағат айтты делік, бұған дейін мұндай әрекет үшін 17 250 теңге айыппұл төлейтін немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынатын. Ал өзгерістер күшіне енген күннен бастап балағат сөздер үшін салынатын айыппұл көлемі 20 АЕК түріндегі жаза және 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы болып қолданылады және бұл жерде күдікті адамды бірден ұстап, жазалау деген сөз жоқ. Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдемелер жинайды. Ол азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың бейне немесе аудиожазбасы, ал қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы сияқты құжаттарды қамтиды. Содан кейін ғана сот дәлелдемелерді негізге ала отырып кінәнің бар-жоғына құқықтық баға береді, – деп түсіндірді заңнамадағы өзгерістер туралы пікір білдірген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Жалпы, қоғамның бұл туралы ойы қырық құбылғанымен, көзі ашық адамның барлығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске балағат сөз айтқаны үшін қолданылатын жаза салмағының ауырлағанын қолдайды. Негізінен бұл үрдіс қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің жоғарлауына өз үлесін қосуы мүмкін. Әсіресе жас буын арасындағы тіл табысу, хабар алмасу үдерісінің сын көтермейтінін ескерсек, аталған заңның оң әсерін алдағы күндері байқайтын боламыз.